astana-view

Әкiмшiлiк айыппұлдар көлемі азайтылады

2017 жылғы 07 Ақпан
3525 просмотров

Бизнес айыппұлдарын 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік бар

«Атамекен» алаңында ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың басшылығымен «Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бойынша қоғамдық талқылау өтті.  

Аталмыш маңызды шараға ҚР Парламент депутаттары, Бас прокуратураның және басқа да мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық, құқық қорғаушылар, бизнес мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Атамекен» ҰКП қызметінің ең басты бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау екені баршаңызға белгілі. Елбасы Жолдауында кәсіпкерлер мүддесін қорғау бойынша бірнеше тапсырмалар жасалған. Аталған заң жобасы бір жыл көлемінде талқыланған болатын.  Жұмыс тобы заң жобасын жақсарту бойынша үлкен жұмыс атқарды.  Онда Палатаның 70-тен астам ұсынысы қолдау тапты», – деді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Ұсыныстардың ішіндегі айыппұлдарға қатысты тұсы кәсіпкерлерді қатты қызықтырды, өйткені жұмыс барысында әкімшілік құқық бұзушылықтар  жиі орын алып жатады. Олар үшін қарастырылатын айыппұлдарды енді 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік бар.   

«Кодексте 600-ден аса бап болса, соның 480-бабы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты. Оның ішінде тек 14 бап әкімшілік құқық бұзушылықтар  үшін ескерту жасауды қарастырады. Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы бұл шектеулі шеңберді кеңейтті: енді 30 бап бойынша бастапқыда айыппұл емес, тек ескерту жасалады. Демек, алғашқы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кәсіпкер ескерту алады, егер әкімшілік құқық бұзушылықты қайталайтын болса, онда айыппұл төлейді немесе жазаланады», – деді «Атамекен» ҰКП Заңнама және өзіндік реттеуді дамыту департаментінің басшысы-Басқарушы директор Айжан Бижанова.

Сарапшының айтуынша, әкімшілік құқық бұзышылық үшін тағайындалған айыппұлды дереу төлеген адамға 50% жеңілдік жасалады. Жақын арада жұмыс тобымен айыппұлды жеңілдікпен төлеу мерзімдері белгіленетін болады. Яғни кәсіпкерге 300 АЕК көлемінде айыппұл белгіленсе, оны уақытында төлеу арқылы 150 АЕК-ке тең сома қалтада қалады. 

Айыппұлдардың ең төменгі көлемі 3 АЕК болса, орта көлемі 50,100, 200 АЕК. Әрине, әкімшілік құқық бұзушылық үшін бұдан да үлкен айыппұлдар қарастырылуы мүмкін. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер