astana-view

Шаруаға жер неге берілмейді?

2017 жылғы 08 Ақпан
- Шығыс Қазақстан облысы
7937 просмотров

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының кәсіпкері инвестициялық жобаны қорғаған, алайда бизнесті дамыту үшін жер учаскесін ала алмай отыр

Жергілікті атқарушы орган кәсіпкердің жұмысына барынша кедергі жасауда.

«ТАИМ» жеке кәсіпкерліктің иесі Данияр Солтабаев 2016 жылдың қыркүйегінде Үйлестіру кеңесінде  ауыл шаруашылығы бойынша инвестициялық жобаны қорғап, жеке кәсібін ашқан болатын.

Қайраты тасыған, өзіне сенімді жас кәсіпкер 170 млн теңгеге ауылшаруашылық техникасын, 100 бас ірі қара малды сатып алып, бизнесінің табысты болатынына сенміді еді.

Жылтырағанның бәрі алтын емес

«Жер учаскесін алу мақсатында аудандық әкім атына және Үлкенбөкен ауылдық округі әкімі атына өтініш бергенбіз. Алайда жер учаскесі еш себебі айтылмастан бізге бөлінбеді», – деді Данияр.

Әдетте инвестициялық жобасы бар кәсіпкерлер жер учаскесін алу үшін байқауларға қатыспайды, жер кезектен тыс бөлінеді. Кәсіпкер жобасының инвестициялық екеніне көз жұмып қарап, тіпті байқауға қатысуға өтініш берді.

Қиындықтар тағы да орын алды

Сауда-саттықты (байқаулар, аукциондар) өткізу және ұйымдастыру ережелеріне сәйкес комиссияның құрамы 5 адамнан кем емес болуы тиіс. Бұл құрамда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі де болуы шарт. Алайда, прокурорлық тексеру нәтижесінде байқау конверттері комиссия мүшелері қатысуынсыз ашылған, яғни төраға мен хатшы қызметтерін асыра пайдаланған. Хатшы комиссия құрамына кірмейтінін ескеретін болсақ, аталған фактілер прокуратуралық тексеру протоколымен расталған.  

Бұл мәселе аудан прокуроры қатысуымен кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінде ортаға салынды. Прокурорлық тексеру нәтижесінде 10 тәртіп бұзу орын алғандықтан, аталған байқау заңсыз болып танылды.

«Бастапқыда әкімдік қызметкерлері кәсіпкерге бос жер учаскілері жоқ деп жалған ақпарат берген. Жер учаскілері болмаса байқау не үшін өткізіліп жатыр? Бұл әрекетті қалай түсінуге болады?», – деп шамданды ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Көкпекті ауданы бойынша директоры және аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Әлия Мұқашева.

ШҚО кәсіпкерлер палатасының өтінімдері, хаттары, қолдаухаттарына жергілікті атқарушы орган жауап қатпайды, мерзімдерді созып алады дейді өңірлік филиал директоры. Тұшымды жауап алу үшін, қандай да бір қозғалыс болу үшін міндетті түрде аудан прокурорын тартып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесіне салу керек. 

Мәселе әкімдік өкілдері бизнестің дамуына қасақана немесе біліктілігі жоғынан кедергі жасауында болып тұр. Ал инвестициялық жобалар несиелеуді талап етпейді, демек, әкімдіктің кедергі жасауы орынсыз. Айта кетелік, Көкпекті ауданы бойынша жер мәселесі жүйелі түрде орын алып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер