astana-view

Туризмдегі сақтандыру заңнамаларына өзгерістер енгізіледі

2017 жылғы 16 Ақпан
7859 просмотров

Шетелге шығатын туристердің сақтандыру мәселесі қайта қаралмақ

«Атамекен» алаңында ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның басшылығымен  сақтандыру және сақтандыру қызметі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу бойынша талқылау өткізілді.

Жаңа заң жобасы аясында келесідей ұсыныстар қаралды: «Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» 2003 жылдың 31 желтоқсанындағы № 513-ІІ ҚР Заңы атауын  «Туристі міндетті сақтандыру туралы» Заңы деп өзгерту, туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды алып тастау сынды мәселелер талқыланды.

Аталған талқылауға Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Сақтандыруды қадағалау департаменті, ҚР Инвестициялары және даму министрлігінің Индустрия департаменті, «Қазақстан туристік қауымдастығы», «Туристік Қамқор» қоры, сондай-ақ, еліміздің жетекші туроператорлары мен турагенттіктері өкілдері қатысты.

«Аталған заң жобасында сақтандыру шарттарын жетілдіру бойынша ҚР Ұлттық банкі бірнеше өзгертулер жасаған. Осы түзетулер аясында бүгінгі талқылауымызды өрбітсек дейміз. Жалпы турбизнесте турист құқықтары мен туроператорлар және турагенттіктердің мүддесі бірдеу қарастырылуы керек. Заң жобасы да екі тарапқа да қолайлы болуы шарт», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

Бүгінде туризмдегі сақтандыру тетіктерінің осалдығынан туристтер зардап шегеді, көп жағдайда шетелге шыққан азаматтар түрлі жағдайларға тап болады. Төл құжатты жоғалтып алу, ауырып қалу, адасу, баспанасыз қалу сынды қауіп-қатерлер бар.  ҚР Инвестициялар және даму минстрлігі мен ҚР Ұлттық банкі өкілдері осы және басқа да тәуекелдерден сақтану үшін турпакеттерге туристті міндетті сақтандыру жүйесі енгізілу керек деп санайды. 

«Көшпелі туризм бойынша туристердің қажетті деңгейде қорғалмайды. Қазіргі таңда сақтандыру есебінен туристтің тәуекелдерін жабу мүмкін болмай отыр. Турфирманың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі орын алған жағдайда турист шығынның орнын толтыруды уақтылы алмайды немесе тіпті алмайды. Жалпы түрлі тәуекелдерден тұтынушы қажетті деңгейде қорғалмай отыр. Сондықтан Қазақстан Республикасының сақтандыруға қатысты заңнамаларына турист мүддесін қорғау бойынша өзгерістер енгізу абзал», – ҚР Ұлттық банкі Сақтандыруды қадағалау департаментінің директоры Жанат Құрманов.

Заңнаманы өзгертуге қатысты Қазақстандық туристік қауымдастығы өкілдері енгізілмек өзгерістер тұтынушылардың мүддесін қорғағанмен, бизнеске кедергі екенін алға тартып отыр. Екіншіден, туристерге қатысты сақтандырулар міндетті болып  бекітілетін болса, онда турпакеттер қымбаттай түседі. Қымбатшылық онсыз да бәсекеге төзімсіз отандық туризм нарығын тұншықтырады. Қазақстандықтар отандық емес, ресейлік туроператорлардың турпакеттерін ала бастайды. Үшіншіден, заң жобасына сәйкес туроператор міндетті түрде сақтандырушы, ал турист пайда алушы болып танылады. Бұл дегеніміз, бұл туристке жүктелген шығын болады, ал бұл ҚР Азаматтық кодексіне қайшы әрекет. Төртіншіден, аталған заң жобасы тізбектен турагент қызметін ысырып отыр. Ал, «Туристік қызмет туралы» Заңда туроператор турөнімді қалыптастырушы болса, турагент сол турөнімді туристерге өткізуші болып танылады. Демек, заңмен бекітілген қолданыстағы  турагенттік бизнесі керек болмай, бизнестен жырақталады.

«Жалпы туризмдегі сақтандыру мәселесі біз ойлағанымыздан да күрделірек. Егер ерікті сақтандыру міндетті сақтандыруға алмастырылса, осы алмасу белгілі бір турпакеттермен өлшене ме, жоқ барлығына бірдей салынатын бола ма, орта табысты тұтынушылардың қалтасы қатты қағылуы мүмкін. Осы мәселелерді шешіп алу қажет. Бизнес мүддесін де ұмытпауымыз керек», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

Туризм саласының өкілдері туристерді сақтандыруды міндеттеуге қарсы. Жалпы сақтандыру мәселесі әр деңгейде, белгілі бір жағдайларға қарап жіктелуі тиіс дейді туроператорлар.  Өз алдына Ұлттық банкі сақтандыру қадағалау департаменті өздері ұсынған өзгертулерге ҰКП, туризм саласы өкілдері түбегейлі қарсылық білдіретін болса, онда Ұлттық Банк Сақтандыруға қатысты заңнамаларды жетілдіру бойынша өазара жұмысты жалғастыру қисынсыз екенін алға тартты. Отырыс барысында осы салаға мүдделі тараптар Ұлттық банк өкілдерінен тәуекелдер картасын беруді сұрады.

«Бүгінгі талқылауда айтылған ұсыныстар мен шағымдар, туризм саласындағы бизнес өкілдерінің тілектері ескерілетін болады. Келесі талқылауға ҚР Ұлттық банкінің Сақатандыруды қадағалау департаменті Тәуекелдер картасын назарымызға ұсынатын болады. Сол картаға сәйкес осал тұстар ескеріліп, нақты шешімдер қабылдаймыз», – деп Юлия Якупбаева талқылауды қорытындылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер