astana-view

Жекешелендіру мәселесі дауға ұласуда

2017 жылғы 23 Ақпан
9768 просмотров

«КАН-групп» ЖШС жекешелендіруге  қатысуда құқығы бұзылғанына шағымдануда

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте жекешелендіру мәселелері талқыланды

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жекешелендіру мәселесін қарқынды жүргізуді, жеке меншік сектордың үлесін арттыруды тапсырды. Бұл салада қарқын бар. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 100 млрд-қа жуық теңге сомасындағы 400-ден астам мекеме жекешелендірілген.

Дегенмен, жекешелендіру бойынша кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан сан соғып, шығынға батқан. Кеңесте сатып алулар мен жекешелендірудегі мәселелер бойынша нақты мысалдар сарапқа салынды.

«Өзекті мәселе ретінде жекешелендіру үдерісін айтуға болады. Елбасы Жолдауда экономикадағы мемлекеттің үлесін ЖІӨ-де 15%-ға дейін азайту қажет екенін айтқан болатын. Алайда қазірдің өзінде Палатаға жекешелендіру бойынша арыз-шағымдар түсіп жатыр. Мысал ретінде «КАН-групп» ЖШС-тың мәселесін айтуға болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсәтіров.

«КАН-групп» ЖШС «ФН Менеджмент»  ЖШС-на серіктес болып үлескерлікті (51%) сатып алады, қалған үлестің иесі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (49%). Бизнесі өрге домалап келе жатқан «КАН-групп» ЖШС жекешелендіруде бағын сынамақ болады, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа тиесілі компанияға үлескер болу табысты құрылған бизнесті кепілдендірді. Алайда, іс насырға шауып, «КАН-групп» ЖШС керісінше шығынға батып, жұмыс орындарын жабуға мәжбүр болады.

«Байқауымша, «ФН Менеджмент»  ЖШС «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың 2010 жылдан бастап еншілес компаниясы,  демек, осы уақытқа дейін бұл компания табысты болған, неліктен 51%-ы жекешелендіруге берілген? Жекешелндірудегі басты міндет ақшаның мемлекетке қайтарылуы. Демек, сіздер ең алдымен мемлекетке ақша қайтарып, жүктемені алып тастауларыңыз керек болған. Ал жекешелендірген компания жаңа технологияларды енгізуге міндетті болған. «КАН-групп» ЖШС 51%-ды алу үшін 48 млн  жұмсаған, бұл жеке компания  «Самұрық-Қазынаға» сенім артқан, барлық талаптарды орындаған. Алайда «ФН Менеджмент»  ЖШС  еншілесіне жұмыс істетпей отыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова.

Алты ай бойы үлескерлер арасында тек жарғы бекітілген. Осы уақыт ішінде «КАН-групп» ЖШС екі жаққа да тиімді болатын көптеген келісімшарттардан құр алақан қалған. Сонымен қатар, қор  «КАН-групп» ЖШС-дан басқару сенімхатын тартып алған, кеңсені жалдау құнын 15 млн теңгеге ұлғайтқан.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өкілдері бұл бағытта әлі де келісімдер жасалып жатқанын, қызмет көрсету бойынша өзгертулер орын алғанын алға тартты.

«Құқық қорғау саласында тәжірибесі мол маман ретінде келтірілген дәйектерге қарап, анықтама үшін айтқым келетіні: егер тергеуші қылмыстың тікелей болмаса да жанама түрде дәлелдейтін болса, онда қылмыстық заңнама тұрғысынан алғанда бұл жағдай «аса ірі көлемде жасалған алаяқтық» деп бағалануы мүмкін. Сондықтан мәселені оңтайлы шешу қажет», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Қайырбек Сүйлеменов.

«Жекешелендірудің бірінші кезеңі 2014 жылы жүргізілді. Сол компаниялар қазір бар ма екен? Олардың қазіргі жағдайын білу қажет. Менің ойымша осыған дейін жекешелендірген барлық компаниялар бойынша сараптама жүргізу жөн – қанша компания қалды, қаншасын сатып алды және оларды кім сатып алды, білу керек. Міне осы тұста біз қызық мәліметтерге тап боламыз, компания иелері бір біріне туыс болып шығуы мүмкін, бұл үлкен мәселе. Осылай жалғаса беретін болса, бизнес бұл ортаға араласпайтын болады», – деп мәлімдеді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова.

Қазақстанның Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетов кәсіпкерлерден түсетін шағымдарға тоқталып өтті. Уәкілдің айтуынша, 2016 жылы прокуратураға бизнес тарапынан 20 мың шағым жолданған. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу, әкімшілік кедергілер, салық, жер бөлу мәселелеріне қатысты шағымдар өте көп. Сондай-ақ ең көп шағым Шығыс Қазақстан облысы, Астана мен Алматы қалалары кәсіпкерлерінен келген.

«Бұл – квазимемлекеттік сектор активтерін бәсекелестік ортаға беруде бизнесті тартып алудың жаңа әдісі. Мұның тенденцияға айналып кетуіне жол бермеу керек. Мүмкін бірінен соң біріне сатылып кетпес үшін, бөліп-бөліп емес, түгелдей сату керек шығар», – деп Болат Палымбетов жекешелендіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Шара барысында Мұндай жағымсыз мысалдар Елбасы саясатына ірітікі салу болып бағаланды. Кеңес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамына «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ пен «ФН Менеджмент» ЖШС арасындағы туындаған дауды шешіп, екі тарап арасындағы келіспеушілкті реттеуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер