astana-view

Ірі нарықтағы санитарлық талаптарды шешуде мемлекет қолдауы қажет

2017 жылғы 24 Ақпан
2056 просмотров

Бір ғана Араб әмірліктері 60 мың тонна көлемінде ірі қара мен қой етін алуға дайын

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ҚР Парламенті Сенатының тыңдалымында бизнесті дамытудағы ең 6 басым бағытты атап өтті. Мұнымен қоса экспорттық нарықты дамытудағы кедергі келтіріп отырған өзекті мәселелер мен  оның шешудің бірқатар жолдарын ұсынды.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бизнесті дамытуда нарық сыйымдылығының маңызы зор. Қазақстан халқының саны 17 миллионнан асады, алайда нарық сыйымдылығы үшін бұл аз көрсеткіш. Сондықтан да бизнес сұранысқа қарай дамиды. Қазақстанның жағдайында өткізу нарығын кеңейтіп, экпортқа шыққан жөн.

Мемлекет басшысы Жолдауда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруға да көңіл бөліп, Үкіметке 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайтуды міндеттеді. Қазіргі таңда Қазақстан көршілес Қытайға 225 мың тонна бидай экспорттайды. Бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 1 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қытайға экпорттау үшін 335 отандық компания шығаратын ауыл шаруашылығы мен тамақ өніміне қатысты 50-ден астам өнім түрлері анықталған. Қытай тарапынан қойылған талаптарға сәйкес стандарттау жұмыстары жүргізілуде.

Парламенттік тыңдалымда Сенат депутаты Дариға Назарбаева Мемлекет басшысының сыртқы саясаты және оның көптеген мемлекеттермен келісуі арқасында отандық экспорт үшін барлық есіктер мен бағыттар ашық екенін айтып, эскпорттың бағыттарын дамытуда бизнесті қолдауды Кәсіпкерлік палатасы неліктен өз қолына алмайтындығы туралы сауал тастады.

«Елбасы тапсырмасын орындау бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істелуде. Экспортты ынталандыру бағытында Қытаймен санитарлық нормалар бойынша біраз кедергілер бар, дегенмен, отандық сүт, ет және басқа да өнімдерге Біріккен араб әмірліктері, Катар мемлекеті қызығушылық танытып отыр, сұраныс үлкен. ҰКП соңғы тоқсанда бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара етін жылына 60 мың тонна көлемде өткізуді міндеттеген. Ірі қара мен қой етін 60 мың тонна көлемінде бір ғана БАӘ сатып алуға дайын. Сондай-ақ, Мысыр елі де 5 мың тонна қой етін алуға ниет білдірді. Ал Қытай, Иран секілді санитарлық кедергілері бар елдерге экспорттау үшін мемлекеттің араласуы, қолдауы қажет. В2В бағыты бойынша жұмыстарды дербес орындап келеміз», – деп түсіндіріп өтті Абылай Мырзахметов.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының экпортты қолдауда өзекті мәселелерді анықтаған. Айталық, экпорттық әлеуеті бар өнімдерге, оның ішінде ет және сүт өнімдеріне келісілген рұқсат құжаттардың болмауы; бидай, ұн, күріш экспорттау үшін Қытайдың импорттық квотасы бар кәсіпорындары туралы ақпараттың аздығы; Қытай кәсіпкерлерінің адалдығын дәлелдейтін механизмнің жоқтығы; отандық өнімдердің халықаралық стандарттарға сай келмеуі, сондай-ақ сапа төмендігі, көлемінің аздығы мен қазақстандық танымал брендтің болмауы; Таяу Шығыс елдеріне экпорттық әлеуеті бар өнімдер қатарына, оның ішінде ет өнімдеріне келісілген рұқсат құжаттарының жоқтығы; қазақстандық «Халал» сертификатының халықаралық деңгейде мойындалмауы; Иранмен сауда жасауда халықаралық транзакцияның шектеулі болуы және т.б.

Парламенттік тыңдалымда көпшілік назарына аталған мәселелерді шешу үшін ұсыныстар легін де әзірледі. Экпортты дамыту үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытаймен арадағы сауда кедергілерін алу үшін әлеуетті тауарлар тобының кестесін құруы керек. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Қытайдың Коммерциялық министрлігінен бидай, ұн мен күрішті тасуда импорттық квотасы бар қытай кәсіпорындары туралы ақпарат алып, ол мәліметтерді «Атамекен» ҰКП мүшелері арасында таратуға мүмкіндік беру, ұлттық салалық стандарттарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, халықаралық аккредиттеуден өткен «Халал» сертификаттау орталығын құру, экпорттық сұранысты іздеуде жеңілдетуге мүмкіндік беретін B2B алаңдарын құру және біріктіру және тағы басқа ұсыныстар берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер