astana-view

Лаззат Рамазанова: «Ауылдағы қыз-келіншектердің бизнес ашуына жәрдемдесеміз»

2017 жылғы 04 Наурыз
6887 просмотров

Маңғыстау облысында 22 869 нәзік жан жеке кәсіпкерлікте

Жаңаөзен қаласында «Кәсіпкер әйелдер Маңғыстау аймағының тұрақты дамуының сенімді тірегі» атты  Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің екінші форумы өтті.

Мұнайлы қалада алғаш рет ұйымдастырылған жиынға өңірдегі іскер қыз-келіншектер мен «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы мен аймақтағы өкілдері қатысты. Форум барысында облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов Маңғыстаудың іскер әйелдері жергілікті жерлердегі жұмыссыздық мәселесін шешуде зор үлесін қосып келетіні айтты.

  Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер қауымдастығы қыз-келіншектердің жұмыс істейтін саласына басымдылық жасап отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында Маңғыстау облыстық  «Сәнгерлер қауымдастығы мен «Интерьер және декоратор дизайнерлер” қауымдастығы құрылған болатын. Ендігі  меже,   «Гильдия кондитерлері мен «Кәсіпшілер одағын” құру жоспарланып отыр.  Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру мекемесі мен жалпы білі беру орталығы қауымдастығын құру көзделген. Мұндағы мақсат – үйде кәсібімен айналысып отырған кәсіпкерлерді бизнес алаңына тарту болмақ. Кәсіпкерлерге қолдау бар. Оның ішінде әйел кәсіпкерлеріне жоғары деңгейде жағдай жасалуда.

 «Үйде отырған қыз-келіншектер көп дейміз. Өз ісін бастай алмай отырған әйелдер ауылдық жерлерде жетіп артылады. Ауылдағы қыз-келіншектердің бизнес ашуына жәрдемдесеміз, біздің мақсатымыз  – барынша қолдау көрсету. Ең бірінші кеңес беру, артынан қаржылай көмек беру», – деді «Атамекен» ҰКП кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 22 869 кәсіпкер әйел бар. Былтыр 1600 қыз-келіншекке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткен. Солардың жеті жүзден астамы «Бизнес кеңесші», «Bastau бизнес»
 оқу курстарынан өткен. 69 жаңа жоба іске қосылып, он тоғыз нәзік жандыға шағын несие берілген.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов аруларды келе жатқан мерекемен құттықтап, еңбекқорлықтарына тәнті болды: «Кәсіпкер болу деген оңай емес. Сіздерді батыр қыздар деп айтқым келеді, жаңа көрмеде қолға алынған жобалармен таныстық. Біреулер материалды Қырғызстаннан, Қытайдан алады екен. Соған қарамастан, іс ашып, жұмыс істеп отырсыздар. Осындай бет алыспен жұмыссыздық мәселесін де шешеміз деген ойдамыз».

Қазір өңірде осы саланы дамыту үшін Іскер әйелдер қаумдастығы жұмыс істейді. Олар кәсібін енді бастаған әйел азаматтар үшін тегін кеңес беріп, тәжірибелерімен алмасады. Айталық, облыста, 648 мың тұрғын болса, оның 328 мыңы әйел. Ал, ауылдық жерлерде өз кәсібін дөңгелетіп отырған әйел кәсіпкерлер аз. Сондықтан кәсіпкерлер палатасының алдында тұрған ендігі меже – бизнес саласы бойынша кеңес беретін түсіндіру жұмыстары арқылы әйелдерге өз кәсібін ашу үшін қолдау білдіру. Былтыр  әйел кәсіпкерлердің 190 202 мың теңге сомасын құрайтын 23 жобасы мақұлданған болатын. Қазіргі таңда 23 жобаның 20-ы қаржыландырылды. 7 жоба – мал шаруашылығы, наубайхана, кондитерлік өнім дайындау, балабақша ашу, көлік қызметін көрсету мен тігін цехын ашу қарастырылған.

Форумға қатысушылар әйелдер арасындағы кәсіпкерлік, оның даму бағыттары туралы баяндама жасап, өзара пікір алмасты. «Шағын бюджетті маркетинг» тақырыбында бизнес  семинар өтті. «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қосқан жеке үлесі, жоғары кәсіби деңгейі мен іске адалдығы үшін» деген аталымда бірқатар нәзік жандылар сый  құрметке бөленді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер