astana-view

Отандық тауар өндіруші қорғалу керек

2017 жылғы 16 Наурыз
6912 просмотров

Астанада Қазақстан құс өсірушілері одағының жылдық қорытынды жиналысы өтті 

Қазақстан құс өсірушілері одағының Президенті Руслан Шәріпов жиналысты ашық деп жариялап, осы саланың дамуы үшін өнімді өңдеу тізбегін халықаралық стандарттарға сай жолға қою қажет екенін, тек осылай ғана бәсекелестік ортаға түсуге болатынын алға тартты.   

Осыған орай Одақ пен жалпы саланың мақсаты – қазіргі күрделі жағдайда стратегиялық даму жолдарын әзірлеу. Сондықтан жұмыс барысында көптеген өзгертулер жасалу керек. «Бәрінен бұрын 2016 жыл құс өсіру саласы үшін жемісті кезең болды, өнімділік көрсеткіші артып, жылды табыспен аяқтадық», – деді Одақ басшысы.

Руслан Шәріповтың айтуынша, құс шаруашылығының табыстылығы мемлекеттің қолдауы мен бизнестің өндіріске  қаржы құюға ынталылығына байланысты жүзеге асты. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдау үлесі 18 есе өскен. Қолдаудың қол жетімділігінің арқасында құс шаруашылықтары көбейді.

«Өткенді шолып, қазіргі жетістіктерге қарап, құс шаруашылығының жанданып келе жатқаны байқалады. Соңғы жылдары құс етін өндіру 67%-ға, саудаға түсетін жұмыртқа өндірісі – 78%-ға өскен. Биылғы жылы болжам бойынша құс еті өндірісі 203,0 мың тоннаны құрамақ, оның ішінде құс фабрикалары  193 мың тонна ет өндіреді. Сатылымға түсетін жұмыртқа 6 млрд данаға жетіп,  оның ішінде, бөдене жұмыртқасын санамағанда, 5,1 млрд дана жұмыртқаны құс фабрикалары өндіреді», - деді Руслан Шәріпов.    

Жиында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әльтаев құс шаруашылығының отандық экономикаға қосар үлесінің зор екенін айтты, мәселен азық-түлік өнімдері 40%, қайта өңдеу өндірісінің 6%  құс шаруашылығы өнімдері арқылы жүзеге асады. «Соңғы жылдардің есебі  бойынша құс саны, сондай-ақ, құс шаруашылығы өнімдері тұрақты көрсеткіштерге ие. Мемлекеттік қолдау шаралары мен құс шаруашылығы өндірісін ынталандыру арқылы бұл сала инвестициялар үшін тартымды болып отыр. Мұны келесідей мәліметтер дәлелдейді: соңғы он жыл ішінде құс шаруашылығы саласы 87%-ға артқан. Жыл басынан құс саны 14,5млн-нан 25,2 млн-ға өскен», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

 Құс шаруашылқтары санының өсуі де мемлекеттік қолдауының көмегі арқасында орын алып отырғанын ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары алға тартты: «Құс шаруашылығы ең тартымды бағытқа айналуы жолында «Атамекен» ҰКП Қазақстан құс өсірушілері одағымен бірлесіп, Отандық және шетелдік асыл тұқымды репродукторлардан ата-енелік/ата-тектік нысандағы етті бағыттағы асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алу тізіміне суда жүзетін құстар түрін қосуды ұсындық. Сонымен қатар субсидиялаудың нормативін 400 теңгеден 600 теңге өсіруді сұрадық, Бұл ұсыныстар ҚР Ауыл шаруашлығы министрлігімен мақұлданды. АШМ тарапы  отандық және шетелдік асыл тұқымды репродукторлардан ата-енелік/ата-тектік нысандағы етті бағыттағы асыл тұқымды инкубациялық жұмыртқа сатып алуда нормативтерді 1 дананы 150 теңгеден бастап 400 теңгеге өсіру бойынша ұсынысымызды құптады».  

Шара соңында қатысушылар бұл саланың қарыштап дамуы үшін өндірістің барлық деңгейлерін жолға қойып, отандық өнім, шетелден әкелінген өнімнен гөрі сапалы әрі тиімді болуы үшін жағдай жасалу керек екен деген тоқтамға келді. Осы бағытта мемлекет өзінің тауар өндірушісін жан-жақты қорғауы керек.  Бұл үшін жеңілдіктер, квоталар, тарифтер, өнімнің сапасы мен ветеренарлық-санитарлық қауіпсіздік нормаларды сақтау талаптары сынды арнайы тетіктер қолданылуы керек.  

 Қазақстан құс өсірушілері одағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын келесідей мәселелерді шешуге ықпалдасуды сұрады. Бірінші, құс шаруашлығы шығындары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары ивестжобалар паспорттарына шығындардың бір бөлігін өтеуді қосуды сұрады. Екінші, Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы кезеңінде Агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары үшін арнайы салық режимін алып тастаумауды, салық салу талаптарының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі жүйені сақтап қалу бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігіне өтінім жасау; үшінші, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары көлемдерін бекітілген технологиялық карталар негізінде ӘКК-ға мақұлдауға мүмкіндік беретін құзіретті субсидиялау ережелеріне қосуды сұрады.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер