astana-view

Нұржан Әлтаев: «Ұлы Жібек жолы сауда белдеуін жандандыру арқылы екі ел арасында іскерлік қатынас артады»

2017 жылғы 23 Наурыз
2522 просмотров

Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойды

Астанада өткен Қазақстан мен Өзбекстан бизнес-форумында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық бизнес ортаны қалыптастырушы компания ретінде қатысты. Екі елдің экономикалық байланыстарын одан әрі дамыта түсуді көздейтін айтулы шарада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев баяндама оқыды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары алдымен форум қатысушыларын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап,  Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасты бизнес тұрғысынан бекемдеу арқылы көршілес, бауырлас мемлекеттердің экономикалық қуатын арттыратынын айтты. Жаңару, жаңа өсу – екі ел кәсіпкерлері үшін қажет деп санайды ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Нұржан Әлтаевтың пікірінше, бұл форумның мақсаты – екі елдің экономикалық ынтымақтастығының дамуына бастау алатын өзара ұсыныстар легін қалыптастыру. «Қазақстан мен Өзбекстан бағзы заманнан бергі жақын көршілер, біздің ынтымақтастық кәсіпкерлердің етене араласуына ғана емес, басқа салаларды да ілгерілетуге үлкен септігін тигізеді. Осы бизнес-форум секілді шаралар екі елдің экономикалық ынтымақтастықты артырып, бүкіл аймақты қамтитын көпшілік игілігіне жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті Нұржан Әлтаев. 

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары  Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтың «Мемлекеттер арасында қолға алынбаған тың әлеует бар» деген пікірін тілге тиек етті. «Мәселен, бүгінде Өзбекстанда  қазақстандық капиталдың қатысуымен 230 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, ал Қазақстанда өзбек өкілдерінің қатысуымен 130 кәсіпорын жұмыс істейді. Өзбекстан басшысы бұл көрсеткіштерді көбейтуге болатынын айтқан болатын», – деді Нұржан Әлтаев.  

Қазақстан да, Өзбекстан да бизнесті дамытуға қауқары жетеді, екеуара тиімді экономикалық байланыс орнатуда мүмкіндіктер көп. «Бұл келешегі зор ішкі және өңірлік нарық: екі елдің тұрғындар саны 50 млн-ға жақындап келеді», – деді Нұржан Әлтаев.  

«Атамекен» ҰКП өкілінің айтуынша, Қазақстан тарапы экономиканың барлық саласы бойынша терең қарым-қатынас жасауға үлкен мән беріп отыр. 2016 жылы ҚР Премьер-министрінің Бірінші орынбасары Асқар Маминнің Өзбекстанға барған ресми сапарында азық-түлік және өндіріс; фармацевтика; мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу бағытында бірлескен үш бірдей сауда үйдің  негізі қаланды.

Дегенмен, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды тежейтін бірқатар кедергілер бар. Қазақстандық тауарларға деген акциздардың тым жоғары мөлшері (мәселен, ұн, керамикалық тақта), қазақ жүгінің Өзбекстан арқылы тасымалы, сонымен қатар ақша валюталарының конвертациясы мәселесі. «Осындай түйткілдерге назар аударып, екі ел арасындағы бизнестің жүруіне жағдай жасалуы қажет, бұл мәселелер шешілсе, кәсіпкерлерге оң әсер етеді деп үміттенеміз», – деді Нұржан Әлтаев.

Бизнес-форум шеңберінде Қазақстан Сыртқы сауда палатасы мен Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды. Нұржан Әлтаевтің пікірінше, бұл Кеңес екі елдің бизнес-қоғамдастықтарының көрме-жәрмеңкелер, форумдар мен ресми кездесулер туралы ақпарат алмасу жүйесін қалыптастырады. Сондай-ақ Кеңес аясында шығарылатын тауар мен қызмет көрсету, әлеуетті серіктестерді табу, қазақ, өзбек нарықтарында компанияларды жетелеу бойынша түрлі ақпараттар берілетін болады.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасарының пікірнше, бүгінгі бизнес-форум экономикалық дамудың маңызды кезеңі болуы мүмкін. Бұл кездесуде туындап отырған мәселелердің шешілуіне, Қазақстан-Өзбекстан кәсіпкерлік-қоғамдастықтың арасындағы диалогтың құрылуына осы Кеңес сеп болмақ.        

«Қазіргі таңда көршілес елдер арасында Ұлы Жібек жолы сауда-экономикалық белдеуін жандандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы ретте екі ел кәсіпкерлерін өзара ынтымақтастықты арттырып, қазақ-өзбек байланысын жаңа деңгейге көтеруге атсалысуға шақырамын», – деді Нұржан Әлтаев.  

Бизнес форумда қазақстандық және өзбекстандық кәсіпкерлердің қатысуымен B2B форматында келіссөздер ұйымдастырылып, Өзбекстанның өнеркәсіптік және тұтыну тауарларының көрмесі өткізілді. Өзбек тауарларының көрмесіне жеңіл өнеркәсіп, машына жасау, азық-түлік тауарларының өндірісі, құрылыс және т.б. салаларындағы 100-ден астам өзбек компанияларының тауарлары ұсынылды. 

Форумға қатысушылар саны 500-ден астам болды, оның ішінде 150-ден астам өзбекстандық кәсіпкер. Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы аясында жалпы сомасы 97 млн АҚШ доллар  шамасында 10 құжатқа (20 млн АҚШ доллары сомасында инвестициялық жоба, экспорттық-сауда саласында тоғыз құжат) қол қою рәсімі өтті. Нәтижесінде екі ел кәсіпкерлері жалпы сомасы 840 млн АҚШ долларды құрайтын 92 құжатқа қол қойылды.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер