astana-view

Төлеміс Шотанов: «Алматыда 160 885 жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектісі бар»

2017 жылғы 27 Наурыз
- Алматы қаласы
5941 просмотров

Алматыда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 34%

Алматы қаласы кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов Алматы қаласындағы кәсіпкерлік дамуының артықшылықтарына тоқталды.

Төлеміс Шотановтың айтуынша, Алматыда 160 885 жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектісі бар. Соңғы бес жылда субъектілер саны екі есеге дейін өскен. Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда 14% азайған.

Алматы қаласы ШОБ экономикалық белсенді тұрғындарының үштен екі бөлігін жұмыспен қамтып отыр, ал экономика құрылымындағы ШОБ үлесі 34%-ға жеткен. Алматыдағы шағын және орта бизнес қызметі сауда саласында –34%, өзге де қызмет көрсетулерде – 16,3%, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 11,3% құрады.

Сонымен қатар кәсіпкерлер конференциясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов Алматы қаласы әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының бірлескен қызметіне де тоқталып өтті.

Былтырғы конференцияда көтерілген мәселелердің нәтижесінде Алматы қаласы әкімдігімен бірлескен келісімдерге қол қойылған, 22 келісімнің 20-сында атарлықтай нәтижеге қол жеткізілген.

Сонымен қатар ағымдағы жылда кәсіпкерліктегі жиі қайталанатын мәселелерді анықтау жұмыстары жалғасын тауып келеді. Соңғы зерттеулер нәтижесінде Алматы бизнесін мемлекеттік сатып алулар мен өткізу, инфрақұрылым мен жер ресурстарына, сауда орындары қолжетімділік, мамандар дайындау мен адами капиталдың дамыту, бизнес жүргізу бойынша кеңес алу мен инженерлік-коммуникациялық желіге қосылу және т.б. мәселелер толғандырып келеді.

«Сатып алулар жүйесі арқылы Алматыда отандық тауар өндірушілер қолдауда мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың сатып алуларында жергілікті қамту үлесін қамтамасыз етуді мониторингілейтін арнайы Комиссия құрылып, 590 отандық тауар өндірушілер, 10 мемлекеттік орган мен 295 ведомствоға бағынышты мекемелер қамтылған 11 жиын өткізілген. Нәтижесінде отандық баламасы болса да, 10,2 млрд теңше сомасына импорттық тауар сатып алудың 82 дерегі анықталған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Алматыдағы мемлекеттік органдардың сатып алуларында отандық үлес 28%-дан 54%-ға дейін екі есеге артқан. Ал мемлекеттік сатып алулардағы орындалған келісімшарт саны 2016 жылы 25,7 мың болып, жалпы  22,6 млрд теңге соманы құрады», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.

Төлеміс Шотанов мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сатып алулардағы бақылаудың жоқтығы өзекті мәселе екенін алға тартып, жобалық-сметалық құжаттарды дайындауда отандық тауар үлесін қамтамасыз ету бойынша Алматы қаласы «Мемсараптама» бөлімшесі мен Палата арасында келісімге қол қою қажеттілігіне баса назар аударды.

Сонымен қатар, қосалқы мердігерлік мекемелерге посттендерлік бақылаудың жүргізілмейтінін айтты. Осыған орай Құрылыс басқармасы мен Кәсіпкерлер палатасы арасында арнайы келісімге қою керектігін ұсынып, посттендерлік бақылау механизмін қолдану арқылы отандық үлес көлемін арттыруды қадағалауға болатындығын ерекше атап өтті. Мұнымен қоса, техникалық сипаттамасы толық жазылған отандық тауар өндірушілер тізімін дайындап, www.ugask.kz сайтында жариялаудың маңызын түсіндіріп өтті. Бұл әдіс отандық өнімді қолдану көрсеткішін бақылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, тауар жеткізушілерге ақпарат қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Алматы қаласы кәсіпкерлер конференциясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов бизнес үшін инфрақұрылымға, сауда орындарына қолжетімділік адами капиталды дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Бүгінде Алматы қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесімен 82 колледжде 61 мың білім алушы бар. Оның 34-інде дуальды білім беру әдісі қолданылып, 2296 студент қамтылған. Сонымен қатар 1782 кәсіпорынға сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде, қызмет көрсету, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз жасау салаларында мамандар қажеттілігі анықталған. Осыған орай маман дайындау процесінің тиімділігін арттыру үшін Алматы қаласындағы колледждер рейтиінгі жасап, білім берудегі мемлекеттік тапсырыс кезінде ескеру керек. Сондай-ақ, Алматы қаласы Білім басқармасына жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруда жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыру үшін білікті жұмысшыларды дайындауды 80%-ға арттырып, орта буын мамандарын дайындауды 20%-ға азайту қажет», – деп Басқарма Төрағасының орынбасары ұсынысын ортаға салды.

Алматы қаласында екі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда 2016 жылы 7 471 қызмет көрсетілген. Мұнымен қоса, Кәсіпкерлер мен инвесторларға қызмет көрсету орталығы ашылған.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары ағымдағы жылы барлық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары онлайн-режимге ауыстырылуы жоспарланып отырғанын хабарлады. КҚКО инженерлік коммуникациялар бойынша да қызмет көрсетіледі. Бұл жүйе бойынша мемлекеттік органдар мамандары кәсіпкерден өтінім алғаннан кейін 5 күн ішінде техникалық сипаттама мен рұқсат қағаздарын алу бойынша қызмет көрсететін болады. Бұл позициялар «Doing Business» халықаралық рейтингіндегі көрсеткіштерді жақсартуға да мүмкіндік береді.

«Бизнестің көптеген бастамалары қолдау тапты және Елбасы Жолдауында айтылды, көбі жүзеге асырылып келеді. Бизнес пен билік арасындағы орнатылған байланыс осы бағытта дамиды деп ойлаймыз», – деп аяқтады Төлеміс  Шотанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер