astana-view

Рустам Жүрсінов: «Қалай бюджет қаражатын үнемдеу туралы айтамыз? Айыппұлдың өзі ғана 1,3 млрд теңге»

2017 жылғы 28 Наурыз
1998 просмотров

Денсаулық сақтау саласында 2016 жылы 80 лауазымды тұлғаға қатысты 200-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын азайту мен жою жұмыстарының қорытындысына арналған жиын өтті.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында Жол картасы бекітілді. Бұл картаның басты мақсаты ­– сыбайлас жемқорлықтың көлемін азайту, алдын алу, себептері мен салдарларын жою. Осыған орай 16 саланы тексеруді жоспарладық. Ең алдымен денсаулық сақтау саласы тексерілді. Осы салада нормативтік-құқықтық актілердің сәйкестігін тексеру, орындаушылық-басқару жұмыстарын, мемлекеттік қызмет көрсету, кадр саясатын жүргізу мәселелері назарға алынды», ­– деп түсіндіріп өтті ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.

Агенттік төрағасының орынбасары денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, мәліметтерді келтірді. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мемлекеттің саясатының негізгі бағыттарының бірі. Аталған саланың қаржыландыру соңғы 10 жылда 5 еседен астам өскен. 2005 жылы 191 млрд теңге бөлінсе, бұл сома 2016 жылы 1 трлн-ға артқан. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық рейтингінде Қазақстан 145 елдің арасында 111-орында. 2016 жылы 80 лауазымды тұлғаға қатысты 200-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, 22-сі сотталған.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов «СК-Формация» бірыңғай дистрибьютеріның жұмысына тоқталып, жыл соңына дейін әрбір сала бойынша талқылау өтетінін айтып, өңірлік палаталарды асқан жауаптылықпен қарауға шақырды.

«Біз үшін «СК-Фармация» жұмыс тәжірибесі өте ауыр тиіп отыр. Бұл тақырыпты бірнеше рет көтердік. Біз сатып алулар тәртібі, формуляр туралы да айттық. Алайда нәтиже жоқ. «СК-Формация» алдында 4 басты мақсат тұрды, оның біріншісі – бюджет қаражатын үнемдеу. Алайда 2010 жылы 31,3 млрд теңге болса, 2016 жылы – 115 млрд теңге. Анығында «СК-Формация» дәнекер болып отыр. Біздің есебіміз бойынша шамамен 9% үстеме. Бәсекелестік ісі жөніндегі агенттік тексерді, монополиялық кіріс 26,7 млрд теңгені құрады. Қалай бюджет қаражатын үнемдеу туралы айтамыз? Айыппұлдың өзі ғана 1,3 млрд теңге. Елдің фармацевтикалық саласын дамыту тапсырмасы орындалмады», – деді Рустам Жүрсінов.

Мұнымен қоса «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары медицина саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасының мәселесін көтеріп, ортаға бұл жобаларды қалай жүзеге асыру керектігі туралы сауал тастады.

Өз кезегінде Ақтөбе облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлыбек Мұқанов денсаулық сақтау саласындағы медициналық мекемелердің, отандық тауар өндірушілердің мәселелерін көтерді. Әсіресе мемлекеттік сатып алуларда отандық тауар өндірушілерді қолдауға баса назар аударды.

«Медициналық техниканы сатып алу кезінде 2016 жылы Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы №4 лот бойынша маммографиялық аппараттың 126 параметрі жазылған, техникалық сипаттамасы толықтай құны 48,9 млн теңге тұратын ресейлік өнімді қайталайды, ал Ақтөбеде шығарылатын бұл техниканың баламасы 42,9 млн теңге тұрады. Ал №11 лот бойынша Ресейде шығарылатын флюорограф сипаттамасы берілген, оның құны 32 млн теңге тұрады, бірақ «Актюбрентген» АҚ шығаратын сондай техниканың құны 24 млн теңге. Мұндай жағдай Астана қаласында да орын алған, сатып алулар нәтижесінде отандық тауарға қарағанда 40%-ға қымбат ресейлік аппарат алынған», – деп мысал келтірді Нұрлыбек Мұқанов.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы жүргізілген қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық қаупін жою мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің назарына бірнеше ұсыныс берді. Олардың қатарында сатып алу процедурасын бірыңғай порталқұру арқылы электронды форматқа ауыстыру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде өңірлерде медициналық кластерді дамыту, тиісті құзыретті жергілікті атқару органдарына беру арқылы Бірыңғай дистрибьютер қызметін қысқарту ұсынылды.

Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев денсаулық сақтау саласында жүргізілген тексеру қорытындысын баяндады.

«Денсаулық сақтау саласы ерекше әлеуметтік маңызға ие. 2016 жылы Алматы облысында көрсетілген 12 млн мемлекеттік қызметтік қызметтің 6 миллионы денсаулық сақтау саласына тиесілі. 2017 жылы қаңтардағы мәліметке сүйенсек, облыс тұрғындарына 826 медициналық мекеме көмек көрсетеді. Оның ішінде 663 мекеме министрлік жүйесінде болса, 163-і жеке меншікте. Денсаулық сақтау саласына мемлекеттік қаржыландыру жыл сайын артып келеді, атап айтқанда Алматы облысы 2013 жылы 54 млрд теңге бөлінсе, 2016 жылы 69 млрд теңгеге өскен. Дегенмен, денсаулық сақтау саласында жемқорлық жағдайы сақталып отыр. Бұл сала мамандарының еңбекақысының төмендігі, тиісті әлеуметтік қорғалмауы осыған себепкер», ­– деді Серікбай Нұрғисаев.

Мұнымен қоса Алматы облысы бойынша денсаулық сақтау саласын тексеру бойынша бірқатар мәселелер көтеріліп, оның сыбайлас жемқорлық себептері де анықталғанын, мемлекеттік қызмет көрсетудің, әсіресе анықтама берудегі заң бұзушылықтарды түсіндіріп өтті. Осыған орай медициналық анықтама беруді электронды үкімет порталы арқылы жүргізуді ұсынды.

Жиын барысында ҚР Парламент депутаттары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысып, медициналық қызмет көрсету, медицина саласындағы маман дайындау, отандық фармацевтика саласының ахуалы, міндетті медициналық сақтандыру мәселелерін көтерді.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев ұсыныстарды жолдауды сұрап, «Атамекен» ҰКП бірлесіп жасап, Денсаулық сақтау министрлігіне жолданатынын, алты айдан кейін жұмыс нәтижесі туралы тағы да талқылау болатынындығын хабарлады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер