astana-view

Туристік нарық өкілдерінің Ұлттық Банкке қояр сауалы көп

2017 жылғы 03 Сәуір
4578 просмотров

Туроператор мен турагенттіктердің жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселесі әлі де ашық күйінде

«Атамекен» ҰКП алаңында ҚР «Туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңына өзгертулер енгізу бойынша видеобайланыс арқылы өңірлермен талқылау өтті.

«Заңнама өте ауқымды, оның құрамында 4 кодекс, 20-дан астам заңнамалар бар, онда көптеген бағыттар бойынша өзгертуді қамтыған. Оның ішінде туроператор мен турагенттің жауапкершілігін міндетті сақтандыру да қаралып отыр. Күні бүгінге дейін туристік индустрия өкілдерімен кездесіп, ұсыныстары тыңдалды. Сақтандыру саласында мәселелер қордаланып қалған. Көптеген сақтандыру компаниялары лицензияларын өткізген, ал жұмыс істеп отырған компаниялар тарифтерін жоғарылатқан. Бұл мәселелерді кешенді түрде шешу үшін бірнеше жиындар өткізілді. Осы мақсатта, Ұлттық Банкі заңнамаға өзгерту енгізуді, заңнама тұжырымдамасын өзгертуді қолға алды», – деп түсіндірді ҚР Ұлттық банкі Сақтандыруды қадағалау департаментінің директоры Жанат Құрманов.

ҚР Ұлттық банкі өкілінің айтуынша туристік оператор туристік өнімді өткізіп отырғандықтан, сақтандыру оның ажырамас бөлшегіне айналуы керек. Сақтандыруға негізгі тәуекелдер мен қауіптер тізімі енгізілген. Турист әлеуметтік қорғалуы үшін негізгі пакетке ең төменгі тәуекелдер енген, болашақта бұл ерікті түрде даму керек екенін жеткізді.

«Ұлттық банк бұл жоба бойынша ауқымды жұмыс атқарып отыр. Сақтандыру ешқашан туристік өнімнің құрамына енгізілмеген, енді оны осы туристік өнімнің құрамына кіргізу ұсынылып отыр. Егер енгізілетін болса, онда туристік қызмет туралы заңға өзгерту енгізу керек. Міндетті сақтандыру туралы түсінік туып отыр. Біз ерікті сақтандыру туралы айтып келдік. Егер міндетті сақтандыру болса, онда заң қайта жазылуы керек, себебі мүлдем басқа объектілер мен субъектілер айтылып отыр. Бүгінде сақтандыру нарық бізге сақтандыру бойынша міндеттеме жүктейді. Сонда біз сақтандырумен айналысамыз ба? Біз кім боламыз? Сақтандыру компаниясы мен туристік фирма арасында қандай өзара тиімділік болады?» – деген сауал тастады Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.

Ал өз кезегінде «Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рей 20 жыл бойы қолданылып отырған медициналық сақтандыру мәселесі қалай болатынын сұрады. Оның айтуынша, ұсынылып отырған туристік сақтандыру мен қолданыстағы медициналық сақтандыру 100% ұқсас. Ерікті медициналық сақтандыруды туристер жақсы қолданып келеді. Сонымен қатар заң жобасында қайтарылмағанға кепілдік сақтандыру бірде-бір рет айтылмағанын хабарлады.

«Атамекен» алаңында бұл тақырып бұған дейін екі рет талқыланды. Ағымдағы жылдың ақпан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасындағы туроператордың және турагенттік азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруын алып тастау мәселесі көтерілді.

Сонымен қатар, заңнамаға бірнеше өзгертулер енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, заңның атауын «Туристің міндетті сақтандырылуы туралы» деп өзгерту, «Туристік міндетті сақтандырылуы», «Сақтандыру сертификаты», «Сақтандыру омбудсмені» түсініктерін енгізу, 9-бабының мазмұнын өзгерту, сақтандыру жағдайларының кеңейтілген тізімін, сақтандыру төлемін жүргізу үшін қажетті құжаттардың кеңейтілген тізімін, сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босататын негіздеменің кеңейтілген тізімін жасау және тағы басқалары ұсынылған болатын.

Сонымен қатар, «Атамекен» алаңында заңнама жобасы екінші рет те талқыланып, туристік нарықтың ескертулері ҚР Ұлттық Банкіне жолданған болатын. Туристік нарық кәсіпкерлері туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды алып тастаған жөн деп санайды. Сондай-ақ, ұсынылып отырған сақтандыру пакеті мазмұнының 90% қолданыстағы медициналық сақтандыруды қайталайды. Турист үшін маңызды кауіптер шешілмеген, мысалы туристің кете алмау жағдайымен байланысты оқиғаларда, уақытынан бұрын келуіндегі төлемдерді қайтару мәселесі көтерілген.

ҚР Ұлттық банкі ұсынып отырған заңнама жобасында туристі сақтандыру туроператор үшін міндетті, ал турист үшін міндетті емес. Осыған орай Туроператор үшін ғана емес, туристер үшін де сақтандыруды міндетті деп санау ұсынысы берілді. Мұнымен қоса, туристердің көптеген тәуекелдерінің шығынының бір бөлшегі қолданыстағы медициналық сақтандыру мен «Туристік Қамқор» қоры арқылы өтеліп отырғанын есепке ала отырып, бірнеше пакет дайындау мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.

Алайда бұл ұсыныстардың басым көпшілігін ҚР Ұлттық банкі қабылдамаған. Осыған орай «Атамекен» алаңында өңірлердегі туристік нарық пен Ұлттық банк өкілдері кезекті рет бас қосып, осы саладағы мәселелерді қайта талқылады. Дегенмен, туристік нарық пен Ұлттық банк бұл бағыттағы жұмысы әлі де жалғасатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер