astana-view

Сыбайлас жемқорлық ауыл шаруашылығы саласында да ушығып тұр

2017 жылғы 05 Сәуір
6163 просмотров

Ауыл шаруашылығы министрлігінің нормативті-құқықтық актілерінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын жайттар анықталған

Атамекен ҰКП Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықты жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың барын анықтады

Кеңеске ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қары іс-қимыл агенттігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер алаңында ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға арналған селекторлық кеңес өтті. ҚР ҰКП өкілдері бар арнайы құрылған жұмыс тобы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашып жатқан көптеген сәйкессіздіктер мен қателіктер анықталды.

Шара барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен жасалған Жол картасы бойынша еліміздегі 16 сала бойынша тексеру жүргізілетінін әрі сыбайлас жемқорлықтың белең алуына себеп болатын жағдайларды анықтап, оларды жою бойынша жұмыс жүргізілетінін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев ауыл шаруашылығы саласында жемқорлық ушығып тұрған өңірлерді атады. «2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жемқорлық Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында асқынып тұрғаны белгілі болды. Егер өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 24 іс қозғалғанын ескерсек,  биылғы деректерден жемқорлық қылмыстарды тіркеу фактілерінің біршама арта түскендігін байқауға болады», – деді Алик Шпекбаев.

ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасарының айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ғана ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне қатысты 28 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар ол соңғы 5 жылда  елімізде ауыл шаруашылығы саласында бөлінетін субсидия көлемі үш есеге ұлғайып, 8,9 млрд. теңгеден 257 млрд. теңгеге жеткендігін атап өтті.

Кеңес барысында Жамбыл қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлықтың белең алатын жағдайлары мен себептерін  азайту мен жою мәселелері төңірегінде баяндама жасады.

Жұмыс тобының сараптамасы нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің нормативті-құқықтық актілерінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын тәуекелдер анықталған. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жергілікті әкімдіктердің ауыл шаурашылық бөлімдері мен әкімдік басқармалары жұмысына қатысты Стандарттары мен регламенттерінде мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдері әр түрлі көрсетілген. Сонымен қатар Нормативті-құқықтық актілердің орыс тіліндегі нұсқалары қазақ тіліндегі нұсқасына сәйкес келмейді.

Мемлекеттік мейрамдар қарсаңында мемлекеттік қызметкерлер арасында тәртіптік жаза 2015 жылы 50%, 2016 жылы 37,5% алынып тасталған. Заңнама нормаларының қолданудың мұндай әдісі лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамауға ықпал етіп қана қоймай, жұмыста қателік жіберу ықтималдығын арттырады.

«Атамекен» ҰКП сарапшыларының айтуынша жоғарыда аталған қателіктер тізбегі сыбайлас жемқорлыққа бастайтын әкімшілік кедергілерді тудырады. Жергілікті басшылық түрлі жағдайларда нормативті-құқықтық актілер бойынша өздігінен шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болып отыр.    

Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік қызмет көрсету стандартын жүйелі түрде бұзғаны анықталған, жекелеген қызмет алушыларға негізсіз артықшылықтар берілген. Бұдан бөлек, басшылық тарапы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қадағаламаған. Әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері шешім қабылдау мен өтінімді ары қарай қарау немесе оны қараудан бас тартуға қатысты шешімді өз қалауларына қарай қабылдаған.

Жиынға қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев зерттеу қорытындысы мен көтерілген мәселелерді жауапты тұлғаларға жеткізіп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Өткізілген кеңестің қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына ықпал ететін себептер мен жағдайларды азайту мен жоюға қатысты ұсынымдар дайындалып, тиісті мемлекеттік органдарға беріледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер