astana-view

Қазақстан мен Израиль ауыл шаруашылығын бірге дамытпақ

2017 жылғы 07 Сәуір
6822 просмотров

Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған делегациясы Израиль мемлекетіне іс-сапармен барды.

Сапардың негізгі мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы агроөнеркәсіп кешеніне шетелден инвестиция тарту бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу болып табылады.

Делегация құрамында мемлекеттік орган, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және «Қазақстан Инжиниринг», «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компанияларының өкілдері бар.

Сондай-ақ Асқар Мырзахметов Израиль мемлекетінің ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрі, Кнессеттегі «Еврей үйі» партиясының депутаты Ури Ариэлмен кездесті.

Бұл кездесу барысында екі ел арасындағы келісімге сәйкес 2017–2018 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық бойынша Жол картасына қол қойды.

Қазақстан аумағында коммерциялық негіздегі демонстрациялық фермалар құру бойынша Декларацияға қол қойылып, олардың кешенінде ауыл шаруашылығының әр алуан бағыттары бойынша технологияларды таныстыру мәселесі талқыланады.

Сонымен қатар, делегация құрамы ауыл шаруашылық саласындағы жаңа технологиялармен айналысатын «Volcani center» ғылыми-зерттеу институтына барды.

Мұнда біріккен зерттеулер мен жас мамандарды даярлау мәселелерін талқылай келе, тәжірибе алмасу үшін делегация мүшелері «Гранот» ауыл шаруашылығы кооперативі мен Су ресурстарын үнемдеу және басқару компаниясы жұмысымен таныстыру көзделді.

Израиль әлем елдерінің арасында жоғары сапалы азық-түлік экпорттайтын және ауыл шаруашылығы технологиясы саласында көш бастап тұрған ел екенін атап өту керек. Жыл сайын 75 000 тонна сиыр етін импорттайды, әсіресе тоңазытылған етке сұраныс жоғары.

Аталған өнімге қойылатын ветеринарлық талаптар мен стандарттар мәселесін келісу бірлескен уағдаластықтың келесі кезеңі болмақ.

Қазақстан тарапынан инвестиция тарту және отандық өнімдерді экспорттау үшін «дөңгелек үстел» форматында израильдік агробизнес өкілдерімен кездесу өткізу күн тәртібінде жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер