astana-view

Өнеркәсіп алпауыттары адами капиталды қалай сақтауы керек?

2017 жылғы 17 Сәуір
- Астана қаласы
5815 просмотров

ERG компаниясы мен «Атамекен» ҰКП бірлесіп, халықты жұмыспен қамту саласында жаңа жобаны бастайды

ERG компаниясы өндірісті модернизациялауға шешім қабылдады. Бұл бастама үшін көптеген қызметкерлерді жұмыстан қысқартуға тура келеді. Дегенмен, олар жұмыссыз қалмайды. «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Жеңісбек Дулатов хабарлағандай, Ұлттық палатаның еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты ұсынысы дайын.

«Біз ERG компаниясымен бірлесіп жаңа пилоттық жобаны іске қосамыз, Егер сәтті жүзеге асатын болса, еліміздің өзге де өңірлерінде қолға алатын боламыз», ­– деді Жеңісбек Дулатов.

Өндірістік компания өздеріне қажетті көптеген тауарларды шет елден сатып алады, сондай-ақ Қазақстанның өзге өңірлерінен алады. Осыған орай аталған тауарларды шоғырландыруды, жұмыстан шығарылатын қызметкерлер орналасқан өңірлерде өндірістік орынды қалыптастыру ұсынылды.

Осы тауарларды шығаруды қалайтын инвесторларды кемінде 5 жылға өткізу нарығымен қамтамасыз ететін боламыз. Тиісінше ERG компаниясы кәсіпкермен ұзақ мерзімді келісімшарт жасап, тиісті тауарларды дәл сол компаниядан алып отырады. Келісімшарт мерзімі 5 және одан да көп жыл болуы да мүмкін.

«Атамекен» ұсынған жаңа жобада ең бастысы жұмыссыздық мәселесі шешіледі. Талап бойынша, ERG компаниясын қажетті тауарлармен қамтамасыз ететін өндірісте қысқартуға ұшыраған қызметкерлер еңбек ететін болады. Яғни, жұмыстан шығарылған азаматтар жаңа жобаның қатысушыларына айналады. Осылайша, отандық тауар өндірісін қалыптастыру арқылы азаматтардың күнкөріс қамы да шешілмек.

«Бұл жобада мамандарды қайта дайындау мәселесі бар. Білім беру орталықтары арқылы қызметкерлердің жаңа кәсіпті үйренуіне көмектесеміз. Кәсіпкердің қол астында дәл сол каскаларды шығара алатын маман жоқ, білікті маманды оқытуға көңіл бөлетіні де сөзсіз. Сондықтан да мамандарды қайта оқытып, өндіріске жіберу ешқандай қиындық тудырмайды», – деп атап өтті Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры.

Бүгінде қажетті 12 түрлі тауардың тізімі де дайындалған. Жеңісбек Дулатовтың айтыунша, егер осы тауарлардың белгілі бір түрін немесе барлығын өндіруге дайын инвестор-кәсіпкер болса, Ұлттық палата қаржыландыруды қолдау мәселесін шешуге көмектесуге дайын. Жобаны жүзеге асыру барысында екінші деңгейлі банктермен келіссөз жүргізіледі.

Ең алдымен комиссия жобаның жүзеге асырылуында үздік әрі арзан жобаны таңдайды. Ұлттық палатаның бастамасына қатысатын кәсіпкерге дайын өнімді өткізу орны белгілі. Сондықтан ұтымды бизнес-жоспар ұсынуы керек.

«Екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнесті дамытуды қолдайды деп сенеміз. Себебі жобада өнімді өткізу орны да қарастырылған. Осыған орай кәсіпкерлер өз жобасын ұсыну керек. Жобада сапалы жабдық орнатылған әрі сапалы өнім шығару маңызды, алайда бағасы да ұтымды болуы керек», – дейді Жеңісбек Дулатов.

Жаңа жоба Қостанай өңіріне бағытталған. Дегенмен логистика мен шикізат қоры жағынан негізделген дәлелдер келтірілсе, өзге өңірлерде іске қосу қарастырылады.

«Бұл жобаның мақсаты – жұмыстан қысқартылып отырған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл тек бастама. Егер жоба сәтті болса, өзге де өңірлерде іске қосатын боламыз», ­– деді департамент басшысы.

Әлеуетті инвесторларлардың хабарласуын сұраймыз:

Еуразиялық топ (ERG)

Категриялық стратегия департаменті

Тел.:+7(7172)591482 e-mail: Filippenko@erg.kz

«Атамекен» ҰКП

Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаменті

Тел.:+7(7172)919344 e-mail: z.dulatov@palata.kz 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер