astana-view

Мемлекет және өзін-өзі реттеу: жауапкершілік кімнің мойнында?

2017 жылғы 21 Сәуір
- Астана қаласы
7766 просмотров

Қазақстанда 198 аудиторлық компания жұмыс істейді

«Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында аудиторлық қызмет және салық салу салаларындағы өзін-өзі реттеуді дамыту» конференциясы өтті.

Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар Базарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серік Құсайынов пен Аманжан Жамалов, ҚР «Crowe Horwath» басқарушы серіктесі Альберто Симончини, «Аудиторлар коллегиясы» ЖАҚ Басқарма Төрағасы Данияр Нұрсейітов және аудиторлық қызмет пен салық салу саласындағы сарапшылар қатысты.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов конференция жұмысын бастап, Ресей, Нидерланд, Қырғызстан секілді бірнеше елден келген әріптестермен және БҰҰ өкілдерімен бірге жиын барысында аудиторлық қызмет пен салық саласының өзін-өзі реттеу қызметін сараптап, мәселелер талқыланатындығын жеткізді. Сонымен қатар Басқарма Төрағасының орынбасары дамыған елдерде өзін-өзі реттеу жүйесі өмір тіршілігінің барлық саласын түгелдей қамтитындығын, аудиторлар, нотариустар, бағалаушылардың түрлі кәсіби бірлестіктері өз қызметінің этикалық және арнайы стандарттарын дайындайды, оларды бақылаудың тиімді жүйесін орнатады, осылайша кәсіпкерлік саласындағы қызметтерінің сапасын арттыруға және құқық бұзушылық санын азайтуыға ықпал ететіндігін ерекше атады.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Серік Құсайынов: «Аудиттің өзін-өзі реттеуі бойынша заң 2005 жылы қабылданды. Өзін-өзі реттеу үдерісін жүзеге асыру үшін не қажет? Елбасы бизнеске мемлекеттік функцияларын беруді тапсырды. Нарық қатысушыларының өзін-өзі реттеу құқықтық мәдениеті жоғары қалыптасқан салаларда сәтті әрі тиімді дамып келеді. Қазақстанда мұндай салаларға аудиторлар, салық саласының кеңесшілері, экологиялық және энергетикалық аудиторлардың қызметін жатқызуға болады. Елімізде 198 аудиторлық компаниялар жұмыс істейді. Осыншама аудиторлық компаниялар керек пе? Сапалы жұмыс істейтін, халықаралық деңгейге шығаруды қарастыруымыз керек. Бүгінгі жиын жақсы тәжірибе алмасудың алаңы болады деп сенемін», – деді.

Конференцияда «Crowe Horwath» басқарушы серіктесі Альберто Симончини Қазақстандағы аудиторлық қызмет пен өзін-өзі реттеу ұйымын дамытуда италиялық тәжірибені қолдануды ұсынды. Мәселен, Италияда бухгалтерлік сертификат алу үшін екі жазбаша, 1 ауызша емтихан алу жеткілікті.  

Конференция барысында «Аудиторлар коллегиясы» АКҰ Басқарма Төрағасы Данияр Нұрсейітов Қазақстандағы аудиторлық қызметтің өзін-өзі реттеуге көшу мәселесі 90 жылдардан бастап көтерілгенін, 2005 жылы кәсіби аудиторлардың ұйымы «Аудиторлар коллегиясы құрылғанын жеткізді. Сонымен қатар, коллегиясының жалпы жұмысына тоқталып, негізгі міндеттемелерімен таныстырды.

«2014 жылы салықтағы аудит түсінігі енді. Аудитор туралы заң өзін-өзі реттеу ұйымының қызметіне сай келеді. Сапа бақылау жоспар бойынша 3 жылда бір өткізіледі. Сондай-ақ жағымсыз баға берген кезде, өкілетті орган шағымданғанда жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі», – деп түсіндірді Данияр Нұрсейітов.

Аудиторлардың кәсіби ұйымына аудиторларды аттестаттаумен, ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету үшін оған мүше аудиторлардың тізімін жүргізумен, аудиторлардың жұмысын сырттай бақылаумен, кәсіби оқытумен және т.б. міндетттемелер жүктелген.

«Аудиторлар жүргізіп отырған аудиторлық бақылау барлық мәселелерді анықтамайды. Аудиторлық палатаның өзін-өзі реттеуіне өтуіне кедергі емес. Аудиторлық бақылауды жүргізіп келеді. Өзін-өзі реттеу ұйымы жүргізіп отырған аудит нәтижесіне жауапкершілікті арттыру керек. Сонда ғана сапа күшейеді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.

Алқалы отырыстың екінші сессиясында аудит пен салық салудағы өзін-өзі реттеу бойынша халықаралық тәжірибе сараланып, осы бағыттағы Қазақстанның бүгінгі ахуалы талқыға салынды. «Universal Examination Network» ЖШС директоры Дмитрий Шютц салық саласында сертификатталған жоғары білікті мамандар институтын қалыптастырудың негізгі жолдарын көрсетіп, бейнелі таныстырылым жасады.

Келесі отырыста салықтық әкімшіліктендіру бойынша ҚР-дағы салық қатынасын жетілдіру мәселесі ортаға салынды. Салықтық әкімшіліктендірудің қазіргі жағдайы мен келешектігі, сонымен қатар 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап салық төлеушілердің шағымдарын қарастырудың тәртібіне өзгерістер енгізілетіні айтылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер