astana-view

Кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

2017 жылғы 24 Сәуір
- Жетісу облысы
6401 просмотров

Тергеу амалдары 3 жылдан астам уақытқа жалғасқан

Жеке кәсіпкер Ержан Қалдыбаевқа қатысты іс қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты тоқтатылды. Бұған дейін кәсіпкерге қарсы Қылмыстық кодекстің 325-бабының 1-бөлімі бойынша (құжаттарды қолдан жасау тергеу амалдары жүргізілген.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың тікелей араласуымен іс оң шешімін тапты. 2013 жылы кәсіпкер Қырғыз Республикасынан бал салуға арналған шыны құтыларды сатып алған. Тиісінше транзиттік декларация толтырылып, Қырғызстанның мемлекеттік шекарасы мен Жамбыл облысындағы «Қарасу» бекетінен кедергісіз өткен. Талдықорған қаласындағы бекетке келіп жеткенде қолдағы құжаттарға қарамастан, тауардың Кеден транзиті жүйесінің Жедел басқару орталығы бағдарламасына тіркелмегені анықталады. Сонымен қатар, жөнелтілген кеден органының бағыттаушы мөрі қойылмаған болып шығады. Осыдан кейін, кәсіпкер бар тауарын Талдықорғандағы уақытша сақтау қоймасына өткізуге мәжбүр болады. 

Өңірлік палатадағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімнің сарапшысы Диас Оташбаевтың сөзінше, өкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдары контрабанданы анықтаған сәтте, тергеу жүргізіп, процессуалды шешім қабылдауы тиіс. Оған қоса, тауар тәркіленеді. Бұл жағдайда аталған контрабандалық тауар «Қалдыбеков Е.К.» ЖК-дан табылмаған соң, ол емін-еркін кеден бекетінен өткен. Сонымен бірге, ІІД тек екі ай жарым уақыт өткен соң ғана ҚК 325-б. 1-б. бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кәсіпкер тауарына қатысты процессуалдық шешім қабылданбады.

«ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 223-бабына сәйкес, тергеуші заттай дәлелді істе немесе сақтау кезінде иесіне немесе басқа да тұлғаларға немесе ұйымдарға тапсыру туралы шешім қабылдауы қажет. Кеден және құқық қорғау органдарының заңнаманы орындамауы салдарынан кәсіпкер бірнеше жыл қатарынан өзінің заңды мүлкін кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалана алмады», – деп атап өтті Оташбаев.

2014 жылы бұл мәселе Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңеске шығарылды. Прокуратураға бұл істі бақылауға алу, ІІД заттай дәлел мәселесін шешу жөнінде ұсыныс берілген. Алайда, департамент істі сол күйінше қалдырады. Кейіннен іс Жамбыл облысы  Ішкі істер департаментіне, біраз уақыттан соң Қордай аудандық Ішкі істер бөліміне жіберілді.

Жылдарға созылған әуре-сарсаң кәсіпкерді шығынға ұшыратты. Балды шыны құтыға салу өндірісі тоқтап, жеткізушімен келісім-шарттар бұзылды, қоймадағы тауарды сақтау сомасы артты.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің араласуымен іске соңғы нүкте қойылды. Болат Палымбетовтың қабылдауында болған кәсіпкер құқық қорғау органдарының әрекеті салдарынан бизнесінің банкротқа ұшырағанын айтты. Омбудсменнің өңірлік аппаратының қолдауымен, іс бойынша қарастыру амалдары қайта жаңданды. Осылайша үш жылдан соң, Қордай ауданының Ішкі істер бөлімі істі қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты тоқтату туралы қаулы шығарды.        


Еншілес ұйымдар

Серіктестер