astana-view

Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру қалай жүргізіліп жатыр?

2017 жылғы 27 Сәуір
2624 просмотров

Мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру туралы брифингінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың кезеңдері белгіленді

«Атамекен» ҰКП алаңында өткен шараға ҚР Ұлттық экономика министрлігі,  ҚР Қаржы министрлігі, ҰКП Заңнама және өзін-өзі реттеуді дамыту департаменті, Қазақстанның азаматтық альянсының өкілдері қатысты.

Жиналыс модераторы «Атамекен» ҰКП Заңнама және өзін-өзі реттеуді дамыту департаментінің директоры-Басқарушы директор Айжан Бижанова Ұлт жоспарының 97-қадамында «Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды да­мыту арқылы азаматтардың шешімдер қа­былдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңей­ту» міндеті қойылғанын атап өтті. Бұл бағытта ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ҰКП бірлесіп жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, берілетін мемлекеттік функциялар туралы нақты ақпарат берді. «Бастапқы кезеңде бәсекелес ортаға беруге ұсынылған мемлекеттік органдардың функциялары
2 топқа бөлінді.  Бірінші топқа 9 сала бойынша 38 функция кірді. Оның ішінде  бес сала бойынша 20 функция (бағалау, нотариалдық, қорғау, аудит, экологиялық аудит) өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беріледі деп қаралуда. Ал төрт сала бойынша 18 функция басқа әдістермен беріледі деп жоспарланған», – деді вице-министр. 

Жасалған жұмыс қорытындысы бойынша Өзін-өзі реттейтін ұйымдарға ұсынылған 20 функция ішінен Сараптамалық топ 6 функцияны ғана беруді ұсынды. Қалған қызметтер реттеушілік әсер аясында тиімділік пен шығындарды бағалау есебімен Ведомствоаралық комиссия қарауына жолданады.  

Өзге әдістермен берілетін 18 функция (агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, индустриялы-инновациялық қызмет, туризм) ішінен сарапшылар  Сараптамалық топ 1 функцияны, яғни азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттану дәрежесін айқындау функциясын бәсекелес ортаға беруді ұсынып отыр. Қалған 16 функция бойынша  ағымдағы жағдайды сақтау ұсынылды.

«Жалпы бастапқы кезең бойынша жасалған жұмыс қызметі бәсекелес ортаға берудің алғашқы қадамы деп есептеуге болады», –деп атап өтті Айбатыр Жұмағұлов.

Вице-министрдің хабарлауынша екінші кезеңде 22 сала бойынша 97 функция қаралмақ. Онда 61 функция – өзін-өзі реттейтін ұйымдарға, ал  36 функцияны басқа әдістермен беру ұсынылып отыр. 2-топ бойынша қорытынды 2017 жылдың маусымында жасалады.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП Заңнама және өзін-өзі реттеуді дамыту департаментінің директоры-Басқарушы директор Айжан Бижанова, ағымдағы жылғы мамыр айының 15 мен 19 аралығында екінші топ функциялары бойынша жұмыс қорытындысы мемлекеттік органдардың және мүдделі кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен «Атамекен» ҰКП алаңында қарастыру жоспарланып отырғандығын атап өтті.

«Осы жұмыстармен қатар мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру туралы заңжобасы әзірленіп жатыр. Жүйелі жұмыс нәтижесінде «жинақы» мемлекеттің қалыптасуы байқалып отыр. Заң жобасы қабылданса мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру механизмін айқындай түседі», – деді Айбатыр Жұмағұлов. Шара барысында ҚР Ұлттық экономика министрлігі өкілдеріне мемлекеттік функцияларды мемлекет тарапынан мониторингілеу қалай жүргізілетіні бойынша сауал тасталды.  Оған «Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған деген жауап айтылды. Бұл ретте, өзін-өзі реттейтін ұйымдарға функцияларды беруді көздейтін реттеуші мемлекеттік органдар функцияның сапалы және тиімді орындалуы үшін индикаторлар қояды, берілген функцияларды мониторингілеу жүйесі енгізіледі. «Реттеушілік әсерге талдау жасау қорытындысы бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымдарға берілген функциялар сапасыз орындалған жағдайда, функция мемлекеттік органға қайтарылып берілуі мүмкін», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер