astana-view

Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері бизнес кеңесі құрылды

2017 жылғы 22 Мамыр
3163 просмотров

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға БАӘ-нің тікелей инвестициясы 2 млрд АҚШ долларына жетті

Астанада Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес форумы өтті. Форумға ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, БАӘ Сыртқы істер министрінің орынбасары Мухаммед Шараф, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Джинбаев, «ASTANA» ӘКК» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Айдарбек Ходжаназаров  қатысты. Сонымен қатар Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылады, онда 180 млн. адамды қамтитын кедендік шекарасыз бірыңғай нарық жұмыс істеуде. Сонымен қатар оның сыртқы сауда айналымы 1 трлн. АҚШ долларын құрап отыр. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстанға БАӘ-нің тікелей инвестициясы 2 млрд. АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар Қазақстан БАӘ экономикасына 900 миллионнан астам АҚШ долларын инвестициялады. Бүгінде Әмірліктер бизнесінің қатысуымен елімізде бірлескен 200-ге тарта кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ пен 30 индустриалды аймақ бар. Мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды жеке секторға беруде Араб әмірліктерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек Біріккен Араб Әмірліктері бизнесіне Қазақстан аумағында өндірістерді құру туралы ұсыныс жасады.

Бизнес-форумда сөз алған БАӘ Сыртқы істер министрінің орынбасары Мухаммед Шараф: «Бүгінгі бизнес форум екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттыруға барынша септігін тигізеді деп ойлаймын. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2016 жылы  246 млн доллар болды. Дегенмен 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10%-ға азайған. 2005-2016 жылдар аралығында инвестиция ретінде 2 млрд АҚШ доллары құйылды. Сауда, туризм, білім беру секілді бірнеше салаларда бірлесе жұмыс істеу көзделіп отыр», – деп, қос елдің кәсіпкерлерінің бірлескен жұмысының бастамасына сәттілік тіледі.

Форум барысында Қазақстан мен Біріккен  Араб әмірліктері екі жақты меморандумға, атап айтқанда «Атамекен ҚР ҰКП мен БАӘ Кәсіпкерлер палатасы және индустрия федерация арасында Қазақстан мен БАӘ бірлескен бизнес кеңесін құру жөнінде өзара түсінушілік меморандумы, «Атамекен ҚР ҰКП мен БАӘ Кәсіпкерлер палатасы және индустрия федерация арасында ҚР мен БАӘ арасында инвестиция мен бизнес мүмкіндіктерін күшейту бойынша өзара түсінушілік меморандумы, сондай-ақ Білім беру қорын құру туралы меморандумға қол қойылды.

«Қазақстан жалпы 45 елмен Іскерлік кеңес құрған. Бүгінде Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері бизнес кеңесі құрылды. Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық палатасы мен БАӘ Палата федерациясы арасында жасалған меморандум арқылы екі елдегі кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау, оларға қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. Екі ел арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы жоғары, ал бағасы арзан, органикалық таза өнімге сұраныс жоғары. Темір жол, әуе тасымалы арқылы тауар жеткізіліп жатыр. 2016 жылы 5 мыңнан астам қой экспортталды, биыл бұдан жоғары болуы мүмкін», – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП жанындағы Қазақстанның сыртқы сауда палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов.

Екі ел арасында өткен бизнес-форумға Қазақстан тарапынан 588 кәсіпкер қатысты, ал БАӘ делегациясының құрамында 154 кәсіпкер бар. Екі ел кәсіпкерлері іскерлік байланыс орнатуы мақсатында В2В форматындағы келіссөздер алаңы ұйымдастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер