astana-view

Ақпарат айдынындағы №1 іскерлік арна

2017 жылғы 23 Мамыр
- Астана қаласы
6614 просмотров

«Atameken business channel» телеарнасының құрылғанына 1 жыл толды

Отандық ақпараттық кеңістікте жарқ етіп, Қазақстанның іскерлік өміріне белсенді араласып, халыққа дұрыс әрі нақты ақпарат жеткізіп, отандық бұқаралық ақпарат құралында ойып тұрып орын алған Atameken Business Channel  телеарнасына бүгін  1 жыл толып жатыр! Бизнес әлеміне терең бойлаған арнаны алғашқы күнтізбелік кезеңін аяқтап, жыл санау шежіресін бастауымен құттықтаймыз!

Небәрі бір жыл ішінде ел экономикасының түрлі салаларындағы нақты ахуалды көрсете білген телеарна үкімет пен халықтың байланысын нығайтты. Бизнестің білікті сарапшылары мен атқамінер азаматттар мінберден сөйлеп, халыққа бағыт-бағдар мен сараптамалық болжамдарды айтты. Телеарна экономика мен бизнеске қатысты елеулі шараларды халық назарына ұсынып отыр.

Atameken Business Channel  командасы – білікті мамандар мен тамаша ұйымдастырушылардан құрылған жас әрі жасампаз ұжым. Әр бағдарламадағы жаңашылдық пен заманауи әдістер жаңа арнаға іскерлік мінез беріп, келбетін аша түседі. Арнамен қатар ақпараттық порталдағы жаңалықтар өзектілігі мен нақтылығы арқасында оқырмандардың көзайымына айналды. Бүгінде телеарна эфирінен 60 ақпараттық және сараптамалық бағдарламалар халық назарына ұсынылады. Телеарна контенті 100% өз меншігінде жасалған және бағдарламаның 70% тікелей эфирде таратылады. Рас, біз тізіп жазған жұмыстың бәрі – бір жыл ішінде атқарылған еңбек!

Atameken Business Channel –  бизнес жаңалықтарын тарататын қазақстандық мультимедиялық  арна.  Агенттік интернет және телеарна саласындағы негізгі контенттік платформаларда ұсынылған.  2017 жылдың 3 мамырында Atameken Business Channel телеарнасының байланыс желісі «Ямал-401» геостационарлық телекоммуникациялық жерсерікке көтерілді. Бизнес жаңалықтарын көрсететін Қазақстанның алғашқы мультимедиялық арнасы енді Ресей Федерациясының аумағында Калининградтан Владивостокқа дейін хабар таратуды бастайды.

Бүгінде телеарна Қазақстанның, ЕАЭО, ТМД және әлемнің өзекті жаңалықтарын ұсынады. Телеарна бір уақытта Астана және Алматы қалаларынан ақпарат таратады. Студия қонақтары өз саласының жетекші мамандары – бизнесмендер, кәсіпорын басшылары, мемлекеттік билік пен қоғамдық ұйым өкілдері.

Отандық теленарыққа енгізілуіне көп уақыт өтпесе де, Atameken Business Channel шын мәнінде іскер әлемде  өзінің орнын еншілеп үлгірді. Нәтижесінде ұйымшыл ұжым қанжығасында «Тұмар» І Ұлттық телевизиялық сыйлығының «Телевизиялық маусымның ең үздік оқиғасы» атты аталымды жеңіп алды.  Осындай дәрежелі сыйлықты Atameken Business Channel телеарнасы басшысы Юлия Валиахметоваға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев табыстады.

Atameken Business Channel телеарнасы сараптамалық бағдарлама, нарықтың беталысы мен дамуына қатысты болжам, мамандардың  түсініктемесі мен сараптамалық тұрғыдағы пікірлер мен көзқарастарды көрермен назарына ұсынады. Atameken ақпараттық порталы – қаржы, экономика, саясат,  сараптама, рейтинг, қорытынды мен болжамдар, валюта бағамы, құнды қағаздар, қымбат металдар, шикізат және шикізат емес ресурстар нарығы, банк, биржа, компаниялар жайындағы жаңалықтар топтамасы. Негізгі ақпараттық серіктестеріміз: Thompson Reuters, KASE, ForexClub, Interfax.

Айта кетелік, интернет-портал платформасында Atameken Business Channel жеке телеарна болып 2016 жылдың 23 мамырында іске қосылды, ал 2016 жылдың 1 желтоқсанынан бастап арна «KazSat» кабельді тарату телекомпаниясының тізіміне еніп, отандық телеарналар арасында өз орнын еншіледі.  

Рас 365 күн ішінде жасалған жұмыс аз емес. Іскерлік әлемнің айдынынан ақпарат таратып отырған арнаның әрбір хабары көрерменнің көңілінен шығып, зор бағасына ие болуына тілектеспіз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер