astana-view

Астана оқушылары бір түсті мектеп формасын киеді

2017 жылғы 24 Мамыр
- Астана қаласы
9041 просмотров

Елордада еліміздегі мектеп формасын тігетін фирмалар өз өнімдерін таныстырды

Қаладағы мектептің бірінде Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы мен білім басқармасының ұйымдастыруымен көрме-форумы өтті. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінде мектеп формасын тігетін 15 өндіруші фирма, сондай-ақ елорданың 84 орта мектебінің басшылығы мен ата-ана комитеті қатысты.

Шараны ашқан  Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісов бұл форум келер оқу жылына дайындық ретінде маңыздылығын атап өтті.  «Оқу жылы аяқталды, ата-аналар мен мұғалімдер келер жылдың мектеп формасы бойынша жоспар құрады. Осы форумда біз отандық тауар өндірушілерінің мүмкіндіктерін көрсеткіміз келеді. Ата-аналар отандық өнімнің сапасын сынап, мектеп формасын отандық тігін фабрикалардан алады деп ойлаймыз», – деді Алмат Жүнісов.  

Көрме-форумның барысында Қазақстан жеңіл өнеркәсібі қауымдастығы мен ҚР жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер одағы осы саланы дамыту мәселелерін талқылады.

Мектеп формасын тігетін фабрикалар бүгінде мектеп формасының үлгісі әрбір мекемеге жекелей дайындалатынын отырғанын атап өтті, тек түсі мен қажетті жиынтығы бірдей. Бұл тігін фабрикаларының жұмысын күрделендіреді, себебі тігін фабрикалары ателье секілді жұмыс істеуге мәжбүр. Осының нәтижесі жұмыс ауқымына әсер етіп, салдарынан фабрика мен ата-ананың шығынын арттырып отыр.

Астана қаласы білім беру басқармасының өкілі Гүлім Жүсіпова форум алдында ата-аналармен жиналыс жасалғаны туралы айтты. Онда мектеп формасының бір түсте тігілуі сөз болған.

«Ата-аналар бір түсті мектеп формасы болуын қолдайды. Қазір әр мектептің өз формасы бар, ал ата-аналардың көбі жалдамалы пәтерде тұрады. Осыған байланысты бір маусымда пәтерден пәтерге көшкен ата-аналар үшін түрлі мектеп формасын ауыстыру қиынға соғады. Астана қаласы мектептеріне бірыңғай форма тігу бұл мәселені шешеді. Мектеп формасының түсі бірдей болады, біз логотиптерді ғана ауыстыруды ұсынамыз», – деді Гүлім Жүсіпова.  

Бірыңғай формаға ауысу кезең-кезеңмен жүргізіледі.

Сонымен қатар мектеп формасының сапасы оқушылардың денсаулығына тигізетін әсері жайлы мәселе көтерілді.

Өндірушілер гигиеналық қасиеті жақсы тоқыма материалдарын, яғни ылғал тартқыш, ауа өткізгіштік, ылғал сіңіргіштік, жылу сақтауы, бұйымның бетіндегі электростатикалық кернеулігі ескерілген матаны қолдану қажет екенін ерекше атап өтті. Сондықтан, олардың айтуынша, мектеп формасын тігуге қатысты байқау жариялағанда тігуде қолданатын тоқыма материалдарының сәйкестілігін растайтын құжаттардың Техникалық реламент және санитарлық ережелердің талаптарына сай екеніне, сондай-ақ матаның құрамына назар аудару керек.

Отандық тауар өндірушілер мектеп формалары көп жағдайда сапасына сенімсіздік танытқандықтан қазақстандық фабрикалардан емес, шетелдік тасымалдаушылардан алатыны жайлы хабарлады.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісов ата-аналарды отандық мектеп формасына таңдау жасауға шақырды, осылайша аталған саланың тұрақты дамуына, импортты алмастыруға үлес қосуға болады. Сонымен қатар, Алмат Жүнісов Кәсіпкерлер палатасының отандық мектеп формасын тігетін фабрикалардың осындай көрмелері мен жәрмеңкелерін өткізуде әрдайым қолдау көрсетуге ықпал ететінін нақтылады.

Еске салсақ, Қазақстанда бірыңғай мектеп формасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен 2016 жылдан бастап енгізілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер