astana-view

Елбасы «Атамекеннің» өңірдегі жұмысымен танысты

2017 жылғы 05 Маусым
7397 просмотров

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездесу өткізді

Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарып жатқан жұмысы жайында мағлұмат берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнестің маңыздылығына тоқталып, осы бағыт бойынша мемлекет қабылдаған шаралардың нәтижесін атап өтті деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

– Соңғы кезде біз құқық қорғау органдары арқылы да, жергілікті органдар арқылы да шағын және орта бизнесті қолдауға арналған көптеген маңызды шешімдер қабылдадық. Мұның ішінде шағын несие беру мәселесі де, жұртты бизнеске үйрету мәселесі де бар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтардағы іс-қимылымен, оның ішінде жұртшылыққа бизнес жүргізу негіздерін үйрету саласындағы жұмыстарымен танысты.

– Біз өткен жылы «Бастау» бағдарламасын бастадық. Бұл – 30 күн ішінде алдын-ала іріктеу өткізіп, жұртқа бизнестің әліппесін ұғынуға мүмкіндік беретін айлық оқу курсы. Әкімдіктермен бірлесіп, шағын қаржы ұйымдарын құрып, бітірушілерді қаржыландырдық.  Біз бұл бағдарламаны Үкіметке ұсындық және қолдауға ие болдық. Биылғы жылы 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама аясында еліміздің 80 ауданында жұмыс жүргізіп, 15 мың адамды оқытатын боламыз, – деді Тимур Құлыбаев.

«Bastau Бизнес» жобасы былтыр пилоттық режимде жүзеге асырылып, 2016 жылдың желтоқсан айында қабылданған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына енгізіліп, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық деңгейде кәсіпкерлік негізіне оқытатын құрал ретінде қабылданды.

«Bastau Бизнес» жобасы Қазақстанның 80 ауданында жүзеге асырылып, 15 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азамттарды оқытады. Жобаның нәтижесінде кемінде 3 мың бизнес субъектісі ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарланған.

Ең көп аудандар қамтылған өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан (8 аудан), Алматы (7 аудан), Шығыс Қазақстан (7 аудан), Қарағанды (6 аудан) облыстары бар, ал Маңғыстау облысында 4 аудан «Bastau Бизнес» жобасына енгізілді.

Жобаны жүзеге асыру барысында бизнес-жаттықтырушылар іріктеліп алынып, әр аймақтағы аудандарға жіберілді.

Жалпы алғанда бүгінде жобаның тестілеу кезеңіне 4118 адам қатысып, оның ішінде 3258 үміткер алғашқы лек бойынша білім алды. Жыл соңына дейін әрбір ауданда 8 лек жоспарланған.

Бүгінде 14 облыстың 74 ауданында алғашқы бизнес-жобаларды қорғау басталды. Алматы облсының 6 ауданында оқыту 26 сәуірден басталған, сондықтан қатысушылар оқу курсын тәмамдағаннан кейін бизнес-жобаларын облыстық комиссия алдында қорғайды.

Оқытудың тиімділігін арттыру үшін бизнес-жаттықтырушыларға бірыңғай оқу-әдістемелік материалдар берілді: бизнес-жаттықтырушы жетекшілікке алатын оқу құралы дайындалды, қазақ және орыс тілдерінде жұмыс дәптері әзірленген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер