astana-view

«Атамекенге» Доминикан Республикасының ресми делегациясы келді

2017 жылғы 05 Маусым
1891 просмотров

Қазақстан мен Доминиканның іскерлік ахуалы жайлы ақпарат алмасты

Астана қаласына ресми сапармен келген Доминикан Республикасы Сыртқы істер министрі Мигель Варгас бастаған делегация «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысып, екі ел арасында іскерлік байланыс орнату турасында ақпарат алмасты.

Делегация құрамында ДР сыртқы істер министрінің орынбасары Сезар Медина, Қазақстандағы ДР Арнайы елшісі Ханс Данненберг, Доминикан Республикасындағы ҚР Құрметті елшісі Томас Гонсалес, Haciendas Rivera агро-индустриалдық компаниясының президенті Антонио Ривера және тағы басқалары бар.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Ұлттық палатаның жұмысымен таныстырып, Қазақстандағы экономика мен бизнес ахуалы туралы хабардар етті.

«Біз іскерлік байланысқа ашықпыз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның барлық өңірлерді байланыстырамыз. Өңірлік палаталар мен аудандарда филиалдарымыз бар. Еліміздің қай аймағында болса да, шетелдік кез келген инвесторға қызмет көрсетіп, кеңес бере аламыз. Филиалдар облыс орталықтарында, ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да ашылған, жалпы 188 филиал бар. Сондықтан шетелдік серіктестер біздің елімізге инвестиция құйғысы келсе, қандайда бір өнімді сатып алуға ниет танытса, бірлесіп жұмыс істеуге, бастапқы кезде кеңес ретінде орын ұсынуға мүмкіндігіміз бар. Доминикан Республикасымен іскерлік байланыс орнатылмаған деп айтуға болады. Бұл кездесу іскерлік байланыстың бастауы болады деп үміттенемін», – деді Нұржан Әлтаев.

Өз кезегінде Доминикан Республикасы Сыртқы істер министрі Мигель Варгас Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесудің маңызы зор екенін, ҚР Премьер-министрімен, Сыртқы істер министрімен кездесіп, Бас прокурормен кездесулер өткізіліп, бірқатар келісімдерге қол қойғанын ерекше атап өтті.

«Доминикан Республикасы – Латын Америка мен Кариб аралдары елдерінің арасында тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Біздің елімізде мұнай, газ жоқ. Ең басты табыс туризм саласынан түседі. Сонымен қатар ақылы жол, әуежай құрылысы, жекешелендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сіздердің елдеріңізден инвестиция құюға мүмкіндік бар», – деді Мигель Варгас.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Нұржан Әлтаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының, сонымен қатар бәсекелік ортаға берілетін, яғни жекешелендірілетін нысандардың тізімі бар екенін, ақылы жол, қалалардағы әуежай құрылысына инвестиция құю жайлы ақпарат беріп, қажетті мәліметтерді Елшілік арқылы бөлісу мүмкіндігі жайлы ерекше атап өтті.

Доминикан Республикасы Сыртқы істер министрі Мигель Варгас Қазақстан делегациясын ағымдағы жылдың қараша айында іссапармен келуге, мемлекеттің жағдайын, іскерлік ахуалымен танысуға ұсыныс білдірді.

Анықтама үшін:

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, Доминикан Республикасының 2016 жылғы экономикалық өсімі инвляцияның төмен деңгейімен және аталған операция бойынша сыртқы экономикалық қызметінің нығаюымен байланысты. Доминикан Республикасының ЖІӨ Орталық Америка елдерімен салыстырғанда ең жоғары көрсеткішке ие, 2015 жылы $71,46 млрд, адам басына шаққанда ЖІӨ – $6,75 тыс. 2016 жылы Доминикан Республикасының  тауар мен қызмет көрсету экспортының көлемі 9,822 млрд доллар болған.

Қазақстан мен Доминикан арасындағы сауда-экономикалық байланыс салыстырмалы түрде қарағанда айтарлықтай қарқынды емес, сауда көлемі де төмен.

Қазақстан мен Доминикан арасындағы сауда саласын айтар болсақ, Қазақстанға импорт тасымалы басым. Ресми мәліметке сүйенсек, екі ел арасындағы сауда айналымы 2016 жылы 891 мың доллар, оның ішінде экспорт – 679 мың доллар, ал импорт – 212 мың доллар. Өткен жылдармен салыстырғанда сауда айналымы 436 мың долларға артқан. Ал ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, Қазақстан мен Доминикан Республикасы арасында инвестициялық ынтымақтастық орын алмаған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер