astana-view

Нидерланд Қазақстанның дамыған елдер қатарына кіруіне қолдау көрсетеді

2017 жылғы 21 Маусым
4939 просмотров

Нидерланд Корольдігі Қазақстанға 70 млрд доллардан астам инвестиция құйған

Астанада Қазақстан–Нидерланд бизнес форумы мен Іскерлік кеңесінің 3-жиыны өтті. Қазақстан Сыртқы сауда палатасының ұйымдастыруымен өткен шараға Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі Мағжан Ильясов, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров, «ҚазМұнайГаз» ҰАК» АҚ атқарушы вице-президенті, Қазақстан-Нидерланд Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Данияр Берлібаев, Нидерланд Корольдігінің Экономика министрі Хенк Ками, VNO-NCW халықаралық қатынастар департаментінің директоры Марэейн Виссер, Royal Dutch Shell компаниясының вице-президенті, Іскерлік кеңестің тең төрағасы Шон Руни және екі елдің бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров Нидерланд Корольдігі мен Қазақстанның арасындағы экономикалық байланыстың берік екенін, елімізге инвестиция құйған мемлекеттер қатарында Нидерланд көш бастап тұрғанын ерекше атап өтті. Іскерлік байланыс орнатылған 25 жыл ішінде мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, фармацевтика секілді көптеген салаларда бірлескен жұмыстар атқарылған.

«Нидерланд Корольдігі мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс дамып келеді. Нидерланд Қазақстанға инвестиция құйған елдер арасында көш бастап тұр, жалпы сомасы 70 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ пен 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Қалыптасқан мұнай-газ, фармацевтика, өндіріс салаларынан бөлек ауыл шаруашылығы, энергетика, су және жылыжай шаруашылығы салаларында да жаңа жобалар жүзеге асырылады деген ойдамын. Сонымен қатар мемлекет меншігіндегі компанияларды бәсекелік ортаға беру, жекешелендіруге қатысуға, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасымен де жұмыс істеуге болады», – деді вице-министр Ерлан Хайыров.

Сонымен қатар, вице-министр Қазақстан Еуразиялық одақ елдері мен Қытайдың нарығына шығатын алаң ретінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі мол мемлекет екеніне баса назар аударды.

Нидерланд Корольдігінің Экономика министрі Хенк Ками Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда-экономикалық байланыс жақсы орнағанын, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттырып, дүниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, барынша көмектесетінін атап өтті.

Бизнес-форумда Quercus Technical Services B.V. компаниясының Бас директоры Пол Клуп пен «Еділ-Орал.KZ» ЖШС Бас директоры Байзулла Амангалеев екіжақты келісімге қол қойды.

Сонымен қатар Қазақстан Сырты сауда палатасының Басқарма Төрағасы Аян Еренов екі елдің іскерлік байланысын нығайтуға үлес қосқан тұлғаларды марапаттады.

Қазақстан мен Нидерланды Іскерлік кеңесінің 3-жиынында екі елдің инвестиция саласындағы ынтымақтастық қорытындысы мен серіктестіктің жаңа бағыты, Астана қаласының инвестициялық мүмкіндіктері, Қазақстан Ғарыш Сапары мен NEVASCO ынтымақтастығы, Қазақстанның мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасы және тағы басқа да мәселелер талқыланды.

Іскерлік жиында Нидерландтан келген 25 компанияның өкілдері мен Қазақстан бизнес-қоғамдастығының 100-ден астам қатысыушысына В2В форматында кездесу ұйымдастырылды.

Іскерлік кездесудің қонақтары Астанада өтіп хатқан халықаралық «Экспо–2017» көрмесін тамашалап, энергияның балама көздеріне арналған жобалармен танысуға, маңызды шараға атсалысуға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер