astana-view

Ветеринария мен СЭБ саласындағы талаптар кәсіпкерлерді тәуекелге апарады

2017 жылғы 03 Тамыз
2672 просмотров

Ветеринарлық және санитарлық-эпидемологиялық бақылау салаларында сыбайлас жемқорлықты жою үшін 49 ұсыным әзірленді

3 тамыз күні «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі ветеринарлық және санитарлық-эпидемологиялық бақылау салаларында жүргізілген жұмыс нәтижесінің қорытындысына арналған жиын өткізді.

Жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев ветеринарлық және санитарлық-эпидемологиялық бақылау салаларындағы талдау қорытындысы туралы баяндап, орын алған мәселелерді атап көрсетті.

Бұл салада орын алған сыбайлас жемқорлық саны 2016 жылы 12 іс болса, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 14 дерек тіркелген, яғни сыбайлас жемқорлықтың айтарлықтай өскенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар 2016 жылы ветеринарлық және санитарлық-эпидемологиялық бақылау салаларындағы лауазымды тұлғаларға қатысты 31 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелсе, биылғы 6 айда 27 іс қозғалған.

«Атамекен» ҰКП басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов ветеринария мен санитарлық-эпидемологиялық қызмет саласындағы заңнамалық актілер мен құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру жұмысын жүргізу керектігіне баса назар аударды.

«Ветеринария мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласын тексере отырып, бірқатар мәселелер анықталды. Ең бірінші – заңнаманың жетілдірілмеуі. Бұл мемлекеттік қызметкерлерге қандайда бір процедураларды жасауға мүмкіндік береді. Ветеринарлық және фитосанитарлық сертификаттардың берілу мерзімін де қарастыру керек. Бұл сертификаттар 3-5 күннің ішінде беріледі. Сонымен қатар мемлекеттік ветеринарлық инспектор көліктің санитарлық талапқа сай келуін 2 күн тексереді. Бір көлікті тексеру үшін 2 күн қажет пе? Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкер тауары тез бұзылмас үшін мәселені басқа жолмен шешетіні белгілі. Себебі оның басқа амалы болмайды. Себебі сертификат талау актісінің негізінде беріледі. Ол 7 күнде жүргізілсе, сертификат 3 күнде беріледі. Ал 0,4 градуста 12 күн ғана сақталуы тиіс тоңазытылған ет үшін бұл тым ұзақ мерзім. Кәсіпкерлер тәуекелге барып отыр», – деп «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов мәселенің мән-жайын ортаға салды.

Жиын барысында Солтүстік Қазақстан облысында жүргізілген талдау туралы баяндалды. Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департамент пен оның құрылымдық бөлімшелері 2016 жылы 1557 жеке кәсіпкерлік субъектісін тексерген, оның ішінде 1315 тексеру, яғни 84% шағын кәсіпкерлікке жүргізілген, ал орта кәсіпкерлік – 208, ірі кәсіпкерлік – 34. Тексеру жоспары бойынша 1128 кәсіпкерлік тексерілген, 429 жеке кәсіпкерлікке жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

Ал ветеринария саласы бойынша статистикалық көрсеткішке сүйенсек, 2016 жылы 62 лауазымдық тұлға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы мен қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы 2 ветеринария бөлімінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Екеуі де қылмыстық іс жасаған тұлғаларды жұмысқа қабылдаған.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлік бөлімшелерінің 30 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 9 адам басшылық құрамында болған.

Жиын барысында видео-байланыс арқылы Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарындағы талдау нәтижелері туралы айталып, түйткілді мәселелер легі ортаға салынды. Сонымен қатар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мал етін сату, арнайы екпе салу барысында туындаған қиындықтар туралы айтып, тиісті органдарға хат жазып, хабарласу туралы нұсқаулар алды.

Кеңеске қатысушылар ветеринария мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау салаларында сыйбайлас жемқорлық қаупінің болуына бірнеше салдарлар әсер ететінін атады:

  • Ветеринарлық және санитарлық-эпидемологиялық бақылау салаларын реттейтін нормативтік-құқықтық актілер арасында қарама қайшылықтар мен олқылықтардың болуы;
  • Тексеріс қорытындылары бойынша нұсқауларда көрсетілген заң бұзу фактілерін жоюдың нақты мерзімінің белгіленбеуі;
  • Тексерілетін нысан қызметінің сипаттамасы мен ерекшелігіне қарай тексеру парақтарының ара жігін анық та нақты ажыратудың болмауы;
  • Нақты орындалмайтын міндетте талаптарды немесе әкімшілік рәсімдерді ұсыну.

Кеңес отырысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі мен «Атамекен» ҚР ҰКП бірлесіп жүргізген талдауы ветеринария мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласын жетілдіруге қатысты 49 ұсыным әзірленгені хабарланды. Бұл ұсыныстардың 55% нормативтік-құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық қаупін жоюға бағытталған, ал 45% ұйымдастырушылық-басқару қызметіндегі олқылықтарды түзеуге арналған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев агенттіктіктің аумақтық департаменттері мен «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік палаталары атқарған жұмысын қорытындылап, ұсыныстардың орындалу барысы әрдайым бақылауға алынатынын атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер