astana-view

Салықтық әкімшіліктендіру жаңа форматта

2017 жылғы 29 Тамыз
6613 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Салық кодексі жобасындағы  Салықтық әкімшіліктендіруге қатысты өзгертулер мен толықтырулар таныстырылды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтің жетекшілігімен өткен жиынға ҚР Қаржы министрлігі Салық және кеден заңнамасы департаментінің өкілдері мен бизнес-қоғамдастық қатысты. Өңірлермен бейне-байланыс орнатылып, тікелей сұрақ-жауап алмасу ұйымдастырылды.

Салық және кеден заңнамасы департаментінің директоры Қайрат Жолмұхамбетов салықтық әкімішіліктендіруде орын алған өзгерістер мен толықтырулар жайында таныстырды.

Салықтық әкімшіліктендіруде заңдылық, салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, тәуекел бағасына негізделген салықтық әкімшіліктендіруді жүзеге асырғанда сараланған тәсіл қағидасы қойылған.

«Салық кодексінің жаңа жобасында мониторингте тұрған ірі салық төлеушілер мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін талап қою мерзімін 5 жылға, ал шағын және орта бизнес үшін 3 жылға қысқарту қарастырылған. Сонымен қатар ҚҚС бойынша шектік көрсеткіш те бар. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ол 30 мың АЕК етіп қалдырылды. Мұнымен қоса, шот-фактура мен ЕАЭО елдеріне экспорттағанда электронды шот-фактураның жазу мерзімі ұзартылды», ­­–­ деп хабарлады департамент басшысы Қайрат Жолмұхамбетов.

Салық жобасында ақпараттандыру салықтық тексерулер санын қысқарту қарастырылған. Қаржы министрлігі өкілінің айтуынша заңнамалық деңгейде салықтық тексеруге негіздер саны 56% қысқарып, 32-ден 14 негіз қалады. Сондықтан тексерушілердің де саны азаяды. Сондай-ақ электронды шот-фактураларын қолдануда шығын аз, тиімділігі жоғары. Бүгінде кәсіпкерлердің 62% электронды шот-фактураға көшкен.

Сонымен қатар Салық кодексінің жаңа редакциясында салық төлеушілердің жекелеген санатының қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату қарастырылған. Салық органдары 5 жыл бойы жұмыс істемеген, экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асырмаған, салық есебін өткізбеген, ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебіне тұрмаған, банктерде шот бойынша жұмыс істемеген, бірақ тиісті жылдың 1 қаңтарында салықтық қарызы болмаса немесе оның сомасы 6 АЕК-тен аспаса, салық салынатын нысандарға меншік құқығы болмаса, тіркелушілердің қызметін тоқтатуға шағым түсіреді. Салық органы сотқа талап арыз жолдайды. Бұл әрекет жұмыс істемейтін салық төлеушілердің санын азайтуға мүмкіндік береді.

«Министрлік пен Ұлттық палата бірлесіп қарқынды жұмыс істеді. Мемлекеттік кіріс комитетінің жұмыс тобына алғыс білдіремін, себебі бизнестің мәселесі назарға алынды», – деді Рустам Жүрсінов.

Мұнымен қоса, тәуекелді басқару жүйесін қолдануда жаңа тәсілдер қарастырылған.

«ЭЫДҰ үздік тәжірибесіне сәйкес салық төлеушілерді іріктеу және саралау белгілері бойынша ақпарат қоғамға таратылмауы керек. Мемлекеттік органдар белгілердің екі тобын қолданады: ашық және жабық белгілер (тәуекелді басқару жүйесінің ұүрамдасы), сондай-ақ ТБЖ белгілерінің қоғамға ашық тізімін кеңейту. «Атамекеннің» ұсынысымен кодекс жобасында ашық критерий қатарын арттыру ескерілді, бұл адалдыққа ынталандырады», –­ деді қайрат Жолмұхамбетов.

Сонымен қатар жобада тәуекел деңгейіне байланысты салық төлеушілерді саралау негізінде жіктемелі тәсіл жазылған.

«Тәуекелдің 3 деңгейі болуы мүмкін, қызыл аумақта болғандар барлық бақылау шараларын сезінеді, оның ішінде камералдық бақылау, тексеру үшін іріктеу, қайтарым ҚҚС растау, мәжбүрлеп жазалау шаралары», ­– деп хабарлады ӨР Қаржы министрлігінің өкілі Қайрат Жолмұхамбетов.

Кодекстегі тағы бір жаңалық ­– алдын ала түсіндіру. Көлденең мониторингте тұрған және инвестициялық әлеуетті жобаны жұзеге асыратын салық төлеушілер үшін жүргізіледі.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Салық кодексін талқылау барысында бизнеске маңызды мәселелерді көтерді.

«Жоба аясында тауарды сүйемелдейтін құжаттар енгізіледі, бүгінде ол алкогольді және жанар-жағар май өнімінде бар. Салық кодексінің жобасына тізім бойынша тауарды сүйемелдейтін жүкқұжатын енгізу ұсынылып отыр. Бірақ біз электронды шот-фактурасына өтетін болсақ, мұның қажеттілігі қанша?! Егер тізім ауқымды болып, тауар тасымалдау үшін белгілі бір тізбеге сүйенетін болса, мұның барлығы да бизнесті шығынға ұшыратары анық, бұл мемлекет жүргізіп отырған саясатқа сай келмейді», –­ деді Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар Басқарма Төрағасының орынбасары жалған кәсіпкерлік мәселесін де қозғады.

«Кодекстегі 215-бапты алып тастаумен мәселе толық шешілмегенін білеміз. Ең алдымен компанияға алданған контрагенттердің мәселесі қылмыстық процестен алынып тасталып, салықтық әкімшіліктендіруге қарай өткізілуі керек. Бұл негізгі назар аударатын нәрсе болған. Өкініштісі, Салық кодексінің жобасында біз бұл нәрсені көрмей отырмыз. Екіншіден, нақты транзакция, нақты шаруашылық қаржылық операция, яғни әрбір келісім зерттелуі керек. Контрагенттік нақты жұмысы мен қызметінің үлесі болғанын анықтау керек»,­ – деді Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар, аудиторлар ғана емес, кәсіби салық кеңесшілері мен өзін-өзі реттеу ұйымдарына аудит жүргізу құқығын беру қажеттілігі де көтерілді.

«Қыркүйекте Салық кодексінің жобасы Парламентке беріледі, желтоқсанға дейін қаралады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл қауіп тудырып отыр. Себебі салық мамандары, жұмыс тобының мүшелері толық білмейді. Сондықтан тәуекел мен қауіп күшейе түсері анық», –­ деді Рустам Жүрсінов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер