astana-view

Атырау бизнесмендері нысандарға инфрақұрылым тарту мен индустриялық аймақ құруды сұрады

2017 жылғы 15 Қыркүйек
4920 просмотров

ҚР Премьер-министрі өңірге жасаған іс-сапарында кәсіпкерлермен кездесті

Атырау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңесінің мүшелерімен өңірде шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлерді еліміздің мұнайгаз саласын цифрландыруға тарту мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Іс-шара аясында өңірдің жастарымен және Қазақстанда жұмыс істейтін ірі шетел инвесторларымен кездесулер аясында қозғалған мұнай-газ саласын цифрландыру тақырыбы жалғасын тапты.

Кездесуге қатысушылар мұнайгаз саласын цифрландыруға қатысу бойынша бизнес қауымдастықтың перспективаларын, Атырау облысы аумағында дайын коммуникациялар мен ғимараттар бар шағын индустриялық аймақтар құру, ауыл шаруашылығы саласы бизнесін несиелендіру мәселелерін және нарықтың монополиялық және үстем субъектілеріне қатысты проблемаларды талқылады. 

Аталған тақырыптар бойынша «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, «Эмбаведьойл» ЖШС бас директоры Марат Чердабаев, «Изекен» ЖШС директоры Раиса Кушекова, «Береке» компаниялар тобы» ЖШС директоры Әсет Тұяқбаев, «БатысАльянсСтрой» ЖШС директоры Әділ Жұбанов, Атырау облысының Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Нұрлы Айтиева, «БатысСерт» Сертификаттау орталығы» ЖШС директоры Жәнібек Әубекеров баяндама жасады.

Кездесуде бизнесмендер өңірде индустриялық аймақ құру қажеттілігі мен оның қатысушылары үшін жеңілдіктерді жаңа заң жобасына енгізу мәселесін көтерді.

«Бірқатар өңірде жергілікті өндірісті дамытуға ықпал ететін индустриялық аймақтар құрылғанын атап өткім келеді. Бізде химиялық және мұнай-химиялық өндірісін дамыту үшін «Ұлттық индустриялық мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы ғана құрылған. Сондай-ақ шағын кәсіпорындар үшін бизнес-инкубатор ашылған, алайда оған кешенді жөндеу қажет», – деп хабарлады «Береке» компаниялар тобы» ЖШС директоры, Өңірлік кеңес мүшесі Әсет Тұяқбаев.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бүгінде жаңа индустриялық аймақ үшін Атырау-Астрахань республикалық тасжолының маңынан 240 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда нысанның техникалық-экономикалық негіздемесіне есептеу жүргізіліп жатыр.

«Caspian Sea Support» ЖШС Бас директоры Нұрасыл Жарбасов табиғи монополиялар субъектілері «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңның 7-бабының 24-тармағындағы өз интернет-ресурстарында бос және алуға болатын қуаттың бар екені туралы ақпаратты әр тоқсан сайын міндетті түрде жариялау керек деген талаптарды орындамайтындығы жайлы айтты. Соның нәтижесінде олардың желісіне қосуға техникалық талаптарды беру кезінде көптеген теріс пайдалану дерегі анықталады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бүгінде Ұлттық палата өз ұстанымын көрсетті, «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасына сәйкес жаңа редакциясында табиғи монополиялар субъектілерінің жұмыс істеуінің тәртібіне қатысты нормативті-құқықтық акті жасауқарастырылған, онда техникалық талаптарға қатысты сауалдар егжей-тегжейлі жазылуы керек.

«Заң жобасына мемлекеттік құпияға жатқызылатын ақпараттан өзге реттелетін қызметтерді көрсетуге қажетті желілерді немесе басқа да активтерді орналастыру кестесі мен реттелетін қызметтердің бос техникалық қуатының қоры туралы ақпаратты орналастыру тәртібі туралы ереже енгізілді», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Әлия Бекқожиева Премьер-министрден «Бизнестің жол картасы –2020» мемлекеттік бағдарламасының қыстартылуынан инфрақұрылымсыз қалған кәсіпкерлер үшін қаражат қарастыру өтінішін білдірді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірде 2011 жылдан бастап 2 532 кәсіпкер несие алды, ал республикалық бюджет есебінен 144 нысанға инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Алайда биыл бағдарлама қысқартылды, Нәтижесінде 44 кәсіпкерлік нысаны инфрақұрылымсыз қалды. Басым көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқан», – деді Әлия Бекқожиева.

Жиын барысында кәсіпкерлер басқа да мәселелерді көтерді.

Бақытжан Сағынтаев бүгінгі таңда Үкіметтің Мемлекет басшысы жариялаған Экономиканы үшінші жаңғыртуды іске асыруға бизнесті тарту бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті. Бұл жұмыс бірінші кезекте цифрлық технологияларды экономиканың барлық басымдықты салаларына кеңінен енгізуді және бизнестің пайдалануын көздейді.

Мұнай өндіретін Атырау облысының кәсіпкерлері бұл бағытта айтарлықтай мүмкіндіктер мен перспективаларға ие екендігі атап өтілді, себебі мұнайгаз саласы Индустрия 4.0 элементтерін енгізу үшін әлдеқайда қолайлы салалардың бірі.

Сонымен бірге, Үкіметтің жаңа Мемлекеттік бағдарламалар: бизнесті қолдау, оның ішінде жеңілдікті несиелеу түріндегі құралдар бар АӨК дамыту мен өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында бизнесті қолдау бойынша жұмысты жалғастырып жатқандығы атап өтілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер