astana-view

Кәсіпкерлер құптаған акция

2017 жылғы 22 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
2644 просмотров

Жамбыл облысының кәсіпкерлері «Атамекенім» акциясына қолдау білдірді

Жамбыл жұртшылығы «Атамекенім» акциясын қолдайды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастаған акциясы Өңірлік Кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, жергілікті билік пен екінші деңгейлі банк өкілдері, қаржы институттарының қатысуымен кездесу өтті.

Кәсіпкер Туғанай Жолақова қайырымдылықпен айналысқалы бері өмірім өзгергендігін жасырмады. «Би-Даулет» компаниясын құрып, аяққа тұрғызу жолында жолдасы екеуі талай қиындықтарды бастан кешірген. Кезінде ұмыт болып бара жатқан көне дәстүрді жандандарып, қазақтың киелі киіз үйлерін жасаумен айналысады. Тоқсаныншы жылдары тығырықтан шығудың жолын іздеумен әлек болса да қайырымдылық жасауды ұмыт қалдырған емес. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі 5 отбасыға жұмыс беріп отыр. Киіз үйге қажеттінің бәрін осы көңілі жарым жандар жасайды деуге де болады. Арбаға танылған жандарға аса қамқорлық танытқан бизнесвумен онымен қоса тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға да қол ұшын созуды назардан тыс қалдырмаған.

«Ұлттық Палатаның әлеуметтік жауапкершілік сұрақтарын алға тартып отырғаны дұрыс бастама. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында бизнес еліміздің экономикалық дамуынан бөлек, әлеуметтік те жұмыстарға белсенді араласты. Алайда, шешілмеген мәселелерде баршылық. Осы ретте «Атамекен» ҰКП әлеуметтік сұрақтардың тізілімін дайындауды жөн санағанын құптаймын. Енді мен сияқты кез келген кәсіпкер кімге, қандай көмек керек екендігін көре алады, тізілім арқылы біле алады», – деді Туғанай Жолақова.

Өңірлік Кеңестің мүшесі, «Интенсив-білім» Қордай аудандық білім Орталығы» ЖШС директоры Валерий Ромащенко да аудан кәсіпкерлерінің бұл акцияны әсіресе қолдайтындарын жеткізді. Себебі, ауылдағы ағайынның барлығының ғаламторға шығу мүмкіндігі жоқ, қолы қысқа, ал әлеуметтік проблемалар жетерлік. Егер бизнесмендер шешімін таппаған сұрақтардың бір арнаға жиналған нұсқасын көріп жатса, бизнесмендер арасынан қол ұшын беретіндер табылатынын айтады.

Әр адам өзінің туған атамекеніне ерекше іңкәрлікпен қарауы тиіс. Бұл Елбасының сөзі. Еліміздің барлық өңірінде бастау алған акцияға кәсіпкерлер оң көзқарасын білдіруде. Әрине, қайырымдылықты ынталандыру жолында Салық кодексінде бірқатар жеңілдіктердің қарастырылуы, әлеуметтік мәселелерді шешу саласындағы кәсіпкерлік үшін «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» аталымын енгізу, «Парыз» мемлекеттік наградасын беру сынды сый-сияпаттарды енгізу – талай игі істің жасалуына сеп болары анық.

Бизнес субъектілері мен Іскер әйелдер Кеңесінің акцияға қатысты ойлары үндес. Кеңес Төрайымы Айгүл Ақшалова Ұлттық палатаның 10-11 сыныптардың мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік пен бизнестің негіздері» пәнін енгізу туралы салиқалы ұсыныстарын құптап отыр. Үлкен өмірге қадам басқан кезге дейін бала кәсіпкер болудың жолдары, бизнестің не екендігінен хабардар болуы тиіс.

«Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек, жар таңдаудан және мамандық таңдаудан» деп жатамыз ғой. Шыны керек, көптеген балалар мектепті тамамдағаннан соң болашақта кім болғылары келеді, немен айналысқысы келетіндерін білмей әлек. Осыдайда мектеп табалдырығынан бизнестің қыр-сырын меңгеретін пәннің енгізілуі – таптырмас идея», – дейді Айгүл Ақшалова.

Жиын соңында жаппай кәсіпкерлікке оқытатын «Бастау Бизнес» жобасының барысы да айтылды. Оқыту жүріп жатқан жақын аудандардың бизнес-тренерлері мен несиелендіріліп, сәтті жүзеге асқан жобалардың иелері келіп, оқиғаларымен бөлісіп, кәсіпкерлер палатасына алғыстарын білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер