astana-view

Палата заңгерлері кәсіпкерлердің 3 млн.984 мың теңге қаржысын сақтап қалды

2017 жылғы 20 Қазан
- Қызылорда облысы
1596 просмотров

Кәсіпкерлер палатасына құқықтық көмек сұрап келген шаруашылық жетекшілері 2 ай көлемінде сотқа қатысып, нәтижесінде сот кәсіпкерлердің пайдасына қарай шешім қабылдады

«Мемлекет тарапынан асыл тұқымды бұқаларды пайдаланғаны үшін берілген субсидия мақсатты пайдаланылмағаны үшін қайтарылуға жатады», - деген Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің ескерту хатын алған қызылордалық 3 шаруа қожалығы: «Сахаш» ШҚ, ЖК «А. Дарибаев», «Амангелді» ШҚ-ның басшылары бастапқыда бұл жағдайды түсінбей қалады. Кезінде қажетті құжаттарды мерзімінде тапсырды. Енді не болып қалды? Анау-мынау емес, мемлекетке әрқайсысы 1 млн.теңгеден астам барлығы 3 млн.984 мың теңге қайтаруы қажет екен.

Мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасына құқықтық көмек сұрап келген шаруашылық жетекшілері сотта да заңды өкілі болуға өтініш білдіреді.

Кәсіпкерлер палатасының заңгері Аида Қаюповадан қиюы қиын бұл істі түсіндіріп беруін сұраған болатынбыз.

«Осы жылдың шілде айында қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі «Сахаш» ШҚ, ЖК «А. Дарибаев», «Амангелді» ШҚ-тарынан асыл тұқымды бұқа үшін субсидия ретінде берілген жалпы көлемі 3 млн.984 мың теңгені мемлекет пайдасына өндіріп алу жөнінде  облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінеді. Бұл жерде мәселе былай болған. Аталмыш шаруа қожалықтары 2014-2015 жылдары асыл тұқымды бұқаларды алып, тиісті тіркеу базаларында тіркетеді. Сондай-ақ, аналық сиырларды асыл тұқымды бұқамен шағылыстыруға субсидия алуға өтініш беріп, тиісті мемлекеттік қолдауды да алады. Негізі субсидияны жыл ішінде ала беруге болады.

Бірақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 19 қарашадағы №3-1/600 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасында» алып келген бұқаны екі шағылыстыру маусымында пайдалану қажет деген міндеттеме бар. Шағылыстыру маусымы деген – талап бойынша асыл тұқымды бұқалар үшін 1 мамыр мен 1 қазан аралығы болып есептеледі. Енді бұл кәсіпкерлердің кейбірі субсидияны алу туралы келісім-шартқа сол жыл ішіндегі шағылыстыру маусымы аяқталғаннан кейін қол қойған. Мемлекеттік орган келісім-шартқа қол қойғаннан кейін барып шағылыстыру маусымы есептеледі деп отыр, яғни келісім шартқа дейінгі шағылыстыруды ескермей отыр. Сонда алынған асыл тұқымды бұқа субсидияны орындауы үшін 3 шағылыстыру кезеңінен өтуі керек. Ал бұл зоотехникалық талаптарға сай келмейді. Осы ретте, біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті департаменттеріне хат жазып, түсіндірме беруін сұрадық. Мамандар егер кәсіпкер сол жылдың ішінде шағылыстыру маусымын жүргізіп және маусым өткен болса да сол жылы субсидия алған болса, аталмыш шағылыстыру маусымы қағида талаптарына қайшы келмейтіндігін жеткізді. Асыл тұқымды бұқаны шағылыстыру малды сатып алған уақыттан бастап жүргізілуіне байланысты қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан екі шағылыстыру кезеңін субсидиялауға келісім жасалған күннен бастап есептеуі негізсіз.

Келесі мәселе шағылыстыруға қатысқан аналық сиырлардың сырғаларының жоғалғандығына қатысты болды. Бір асыл тұқымды бұқамен 30-дан аспайтын аналықты шағылыстыруға болады. Жеке кәсіпкер Дәрібаев бір асыл тұқымды бұқамен 20 аналық сиырды шағылыстырған. Бірақ 20 бас аналық сиырдың 13 басы сырғаларының жоғалуына байланысты қайта жаңаланып сырғаланған, бұл жөнінде сиырлардың ветеринарлық паспорттарына тиісті жазбалары түсірілген.

Қалған 7 бас аналық сиыр табиғи кему (өлу) жолымен азайған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің  2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 3-3/1061 бұйрығымен   бекітілген  Ауыл шаруашылығы малдарының табиғи кему (өлу) нормаларына сәйкес аналық мал басы жыл бойы (өлу, еріксіз сою) етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығында табиғи кемуі (өлу) 2 және 3 пайызды құрайды. Аталған негіздерге сәйкес Қожалықтың тарапынан заң бұзушылықтар орын алмаған. Біз сотта осы екі дәйекті негізге ала отырып, жеңіп шықтық», - дейді Аида Қаюпова.

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері шаруа қожалықтарының өтінішімен 2 ай көлемінде сотқа қатысып, нәтижесінде сот кәсіпкерлердің пайдасына қарай шешім қабылдады. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде 3 млн.984 мың теңге қаржыларын сақтап қала алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер