astana-view

Бақытжан Сағынтаев Алматы кәсіпкерлерімен қаланың бизнес ортасын дамытудың перспективалы бағыттарын талқылады

2017 жылғы 24 Қазан
- Алматы қаласы
6542 просмотров

Бүгін Алматыға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді, онда шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалы бағыттары талқыланды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады 

Іс-шара барысында ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Стратегиялық жоспар 2025 жобасы аясында бизнес ортаны дамыту туралы баяндама жасады, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен ҰКП өңдеу саласы комитетінің төрағасы Владимир Бобров бизнестің мемлекеттік органдармен ынтымақтастығы және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мәселелері бойынша сөз сөйледі.

Өз кезегінде бизнес қауымдастық тарапынан талқылауға «Astana Group» компаниялар тобының президенті Нұрлан Смағұлов,  «Technodom Operator» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Ким, «Редпрайс» ЖШС құрылтайшысы Рамиль Мухоряпов, «Базис-А» холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович, «Сентрас Капитал» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Эльдар Әбдіразақов және «Smart Pay» ЖШС бас директоры Олжас Құндақбаев сөз сөйледі.

Кездесу барысында қатысушылар сондай-ақ бірқатар мәселелерді талқылады, оның ішінде: қалалық автобус бағдарларын субсидиялау, салықтық әкімшіліктендіруді цифрландыру, консультативтік-кеңестік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, жер телімдері туралы ақпаратқа онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету, шағын индустриялық аймақтар құру, ЖАО бейіндік емес активтерін нарықтық ортаға аудару, сондай-ақ Алматыда толық форматты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу.

Бақытжан Сағынтаев ШОБ дамыту Үкімет жұмысының маңызды басымдықтарының бірі болып табылатынын, және мұнда негізгі мақсат отандық бизнесті дамытуға жағымды жағдай жасау екенін атап өтті.

Бұл мәселеде бірқатар бағыттар бойынша, атап айтқанда қаржылық қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, қазіргі уақытта бизнестің 13 мыңнан астам жобасы қаржыландырылды, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қабылданды, оның аясында атаулы мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын 18 млн теңгеге дейін шағын несиелер ұсынылады.

Қаржылық көмекпен қатар, заңнамалық көмек көрсетіледі — бизнесті қайта реттеу бойынша шаралар қабылданады. Бүгінгі таңда рұқсаттар саны үш еседен асаға қысқарды және мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын тексеру жүргізілді. Ішінара тексеру жүргізудің қазіргі тәртібі мен ерекше тәртіп бойынша тексерулердің көп бөлігінен бас тартуды көздейтін практикалық ұсынымдар әзірленді.

Сондай-ақ, заңнаманы бизнестің мемлекеттік органдарға есептілік пен мәліметтерді ұсыну тұрғысынан тексеру жұмыстары аяқталды. Жүргізілген жұмыстың бірінші кезеңінде шамамен 1600  ақпараттық талаптарды 30% қысқарту жоспарланған.

Денсаулық сақтау және білім беру нысандары құрылысының нормативтік-құқықтық және техникалық актілеріндегі талаптар да маңызды екені атап өтілді. Аталған мәселелерді шешу үшін жұмыс тобы қызмет етеді, және ҚНжәнеЕ-ге қажетті өзгерістер енгізіледі. Келесі кезеңде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының 30-дан астам ескірген санитарлық ережелерін алып тастау жоспарланған.

Негізсіз салықтық тексерулер бойынша проблемаларды шешу үшін жоспарлы тексерістер саны қысқарады, жеткізушілердің қарсы тексерулері және басқалары алып тасталады, қорытындысында бұл тексерулер санын 40% қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, бизнестің мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектор сатып алуларына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, бұл бағытта сатып алулардың электронды алаңы, санаттылық және біліктілік алды іріктеу жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, әрбір жүйе құраушы кәсіпорын бойынша жергілікті қамту үлесін арттыру жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, өнім номенклатурасын және ірі кәсіпорындарда сұранысты қалыптастыру үшін талдау жүргізіледі.

Қорытындылай келе, ҚР Үкіметіне бизнестің дамуына не кедергі келтіретінін, және мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіле алатынын білу маңызды екені атап өтілді, сонда аталған бағытта кешенді жұмысты қалыптастыруға болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер