astana-view

Германия – Қазақстан білім беру жүйесінің қатысушысы

2017 жылғы 10 Қараша
7631 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Дуальды оқыту негізінде кәсіби біліктілікті дамыту» форумы

10 қараша күні Астанада Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Германияның Трир қаласы Қолөнер палатасының  «Дуальды оқыту негізінде кәсіби біліктілікті дамыту» форумы өтті.

 

 Форумға Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіби білім департаменті директоры Насымжан Оспанова, Германияның Трир қаласындағы Қолөнер палатасы президенті Рудольф Мюллер және бизнес өкілдері, мемлекеттік әріптестер мен мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов елімізде Адами капиталдың сапасын көтеру тікелей Елбасының тапсырмасы екенін ерекше атап өтті.

«Дуальді оқыту колледж студенттері үшін қолға алынған жоба. Жобаға республиканың 300-ден астам оқу орындары қатысты. Сабақ оқи жүріп, шынайы практикаға қатысу студентке мамандығы бойынша тез ширап, тез жұмыс орнын тауып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады. Бұл тамаша әдіс. Отандық кәсіпорындардың бұл жобаға белсенді қатысқаны да қуантады. Бұл жоба неміс әріптестердің белсенді атсалысуының нітижесінде сәтті аяқталған жұмыс болды», – деді Талғат Доскенов.

­Өз сөзінде Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы бұл жоба арқылы республикада тәлімгерлік жүйесі жетіліп жатқанын айтты. Адами капитал дамуының бірден бір жолы – кәсіби білімімен өмірілік тәжірибесі бар адамдардың ақыл айтып, көрген-білгенімен бөлісуі деп атап өтті.  Талған Доскенов Германияның Трир қаласындағы Қолөнер палатасы президенті Рудольф Мюллерге жобаны іске асыруда қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтып, бірер жылдан кейін қазақ мамандары Германияға барып, өз тәжірибелерімен бөлісетін күн туады деп айтты.

Аталған форум екі «Атамекен» ҰКП және Трир Қолөнер палатасы арасындағы дуальді білім беру бойынша бірлескен жобаның нітижесіне арналды.

Айта кетелік, 2015 жылдың 6 мамырында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Трир қаласы Қолөнер палатасымен кәсіби оқыту бойынша әріптестік жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Жоба 2014 жылы даярланып, кәсіпорындарды нығайтуға, дуальды білім беруді ұйымдастыруға Өңірлік кәсіпкерлер палатасының атсалысуына, өндірістік оқытуды іске асыруда Трир қаласы Қолөнер палатасының тәжірибесін қолдануға бағытталған.

Форум аясында ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева әріптестік жобаның құрылымын, қағидатын, атқарылған жұмыс қорытындысын егжей-тегжейлі айтып кетті.   

«Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстандағы колледждер мен шағын-орта бизнес кәсіпорындарындағы тұрақты кәсіби даярлық деңгейін арттыруға ықпал ету.  Жоба республиканың 6 облысында іске асырылып Астана, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, ОҚО, Алматы облысы өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен үйлестіріледі. Жобаға сұранысқа ие 7 мамандық бойынша кәсіпорындар енген: құрылысшы-әрлеуші, ағаш шебері-жиһазшы, туризм жөніндегі менеджер, электр механигі, металл жонушы, аспаз, электр-газ дәнекерлеуші мамандықтары», – деді сарапшы. 
 Ал Трир Қолөнер палатасы президенті  жобаға өз бағасын берді.

Бұл жоба өз оқу үдересі, әдіснамасы, оқу жоспарын жаңғыртып, жаңартқысы келетін, заманауи стандартқа сай жұмыс істегісі келетін кез келген колледж үшін құнды. Сондай-ақ, болашақ маманды шындап, оқу үдерісіне қатысатын кәсіпорындар үшін де бұл жоба құнды. Жобаға қатысқан барлық тараптар араларындағы байланысты нығайта түсті. Кеше Алматы қаласындағы бір колледжде болып, олардың қол жеткен нәтижесіне тәнті болдым. Германияда бұл жүйе он жылдап уақытқа жуық аралықта  қалыптасты, ал Қазақстанда қысқа мерзімде айтарлықтай нәтиже бар», – деді Мюллер мырза.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер