astana-view

Билік бизнеске бір табан жақындай түсті

2017 жылғы 23 Қараша
- Қызылорда облысы
1782 просмотров

Жақында қараша айының басында Кәсіпкерлер палатасында өткен бизнес өкілдерімен кездесуде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жер қатынастары, архитектураға қатысты комиссия отырыстары тоқсанына бір рет Палатаның алаңында, кәсіпкерлердің қатысуымен өтетіндігін жеткізген болатын.

Қала басшысы уәдесінде тұрып, Палатаның алаңында тұңғыш рет Сәулет және қала құрылысы кеңеснің отырысы өтті.

«Қазіргі таңда бизнеске қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы мен қала әкімдігі бірлескен, әріптестік қатынаста тығыз жұмыс жасауда. Мәселен, жер қатынастары саласы бойынша бірнеше жылдан бері кәсіпкерлер кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдері үшін өткізілетін аукциондар туралы ақпаратқа қол жеткізе алмай жүргендіктерін айтып, шағымданып келген болатын. Осы жылдан бастап, республика бойынша тұңғыш рет, жер телімдеріне арналған аукциондар Кәсіпкерлер палатасының алаңында өтетін болып шешілді. Алғашқы шара жақында ғана, қараша айында өтті. Бұл қадам кәсіпкерлер арасында оң резонанс тудыруда. Енді, міне, Сәулет-қала құрылысы кеңесінің отырысы Палата алаңында өтті. Бұл жариялылық пен ашықтықтың нақты көрінісі деп білемін. Және қала кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп отырған қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы бастаған командаға алғысымды білдіремін», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мақсұтовтың төрағалығымен өткен Кеңес отырысында 10 кәсіпкердің өтініші қаралып, 8-і оң шешімін алды. Ал қалған екеуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.

Кеңес отырысында оң қорытынды алған жобалардың бірі Қызылорда қаласы, Белкөл кенті, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында «Туран Логистикс» ЖШС тарапынан салынатын логистикалық орталық жобасы. Жер учаскесінің көлемі - 5,0 га. Кешенде 72 орынға арналған қонақүй, кафе, сауда павильоны, жанар-жағар май құю станциясы, көлік жуу ғимараттарының құрылысы жоспарланған. Кеңес мүшелері кешеннің шығыс және ұлттық сәулет өнерін барынша қолдана отырып жобаланған қасбетіне жоғары бағасын беріп, жобаны өміршең деп тапты.

Қалған 7 жоба да осындай ерекшеліктерімен көзге түсіп, тиісті нормаларға сай болғандықтан, оң қорытындыға ие болды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер