astana-view

«Атамекен» «Қазақстандық өнім жасаймыз» форумында мәлімдеме айтты

2017 жылғы 23 Қараша
5797 просмотров

Елдос Рамазанов тау-кен секторын әрекет етуге шақырды

«Атамекен» өндірістік қызметте отандық үлесті арттыруға және отандық өндірушілерге деген сенімді ұлғайтуға бағытталған жобаны жүзеге асыру үстінде. Бұл туралы «Қазақстандық өнім жасаймыз» VII форумында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов мәлімдеп, еліміздің тау-кен саласындағы компанияларды бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.

«Ұлттық палата пилоттық жоба ретінде «Еуразиялық топ» ЖШС-мен бірлесіп, Еуразиялық топтың сұраныстағы тауарларын шоғырландыру бойынша жобаны жүзеге асырып отыр. Жоба аясында сатып алулар құрылымына талдау жүргізілді. Бірінші кезеңде шоғырландыру керек деген сұраныстағы тауарлардың 11 түрінен тізім белгіленді. Жобаны жүзеге асыратын инвесторға таяу арадағы 5 жылда тауарларды өткізуге кепілдік беріледі, сатып алушы Еуразиялық топ болады», ­– деп түсіндірді Елдос Рамазанов.

Жобаның мақсаты – жаңа өнім түрлерін игеру, ірі кәсіпорынның сатып алуында жергілікті қамту үлесін арттыру мен жаңа жұмыс орындарын құру арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау. Мұнымен қоса, Еуразиялық топ жоба аясында отандық тауар өндірушілердің қаражаты мен күшінің есебінен өндірісті ұйымдастыру үшін Еуразиялық топ кәсіпорындарында өндірістік алаңды іздестіру жұмысын атқаруға, сонымен қатар өндірісті шоғырландыруға ұсынылған тауарлық позициялар бойынша отандық тауар өндірушілермен бірлескен өндірісті ұйымдастыру мәселесін қарастыруға дайын.

«Атамекен» атынан тау-кен саласындағы басқа да ірі компаниялардың бастамаға қолдау көрсетіп, қосылуға шақырамын. Мемлекет басшысы қойған жергілікті қамту үлесін арттыру міндеті бизнес-қоғамдастықтың бірлесіп күш салуымен орындалады деп ойлаймын», –­ деп мәлімдеді спикер.

Бүгінде өндірушілермен кездесулер  өткізіліп, жекелеген тауар позицияларымен өнеркәсіптік сынақтар жүргізіліп отыр.

Форум барысында қатысушылар отандық кәсіпорындар мен Қазақстанның өнімін жеткізушілердің көрмесін тамашалады.

Форум 7 жылдан бері халықаралық және отандық жеткізушілердің өнім, жеткізу, жаңа технологияны енгізу мен ынтымақтастықтың өзге де түрлерін талқылайтын алаңына айналды. Биыл ел аумағындағы тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарын қолдауға арналған жүйелі шаралар, олардың тауарлары мен қызметтерінің бәсекелік қабілетін арттыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, өңірлердегі шағын және орта бизнеті дамыту мәселелері талқыланды.

Іс-шараға ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар, банктер мен қорлар, дамыту институттары, мемлекеттік органдар, министрліктер мен облыс әкімдіктерінен 600-ден астам делегат қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер