astana-view

Жастармен жұмыс істеу де оңай, алға қойылған мақсаттары да зор

2017 жылғы 11 Желтоқсан
1373 просмотров

«Бастау Бизнес» жобасының жаттықтырушылары жылды қорытындылады

11 желтоқсан күні «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бастау Бизнес» жобасының жылдық қорытындысы жасалды. Шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, жоба жетекшілері мен республиканың 80 ауданында бір жыл бойы еңбек етіп, кәсіпкерлік негіздерін оқытқан бизнес-жаттықтырушылар қатысқан жиында жаттықтырушылар жоба жайында өз ойларымен бөлісіп, жұмысты жақсарту мәселелерін талқыға салды.

Қызылорда облысы Шиелі ауданының бизнес-жаттықтырушысы Наталья Мишукова жыл бойы жасалған жұмыстың қорытындыларын айтты.

«Жобаның бірінші күнінен бастап қызмет жасап, 6 топты оқытып шықтым. Жалпы алғанда 202 адам оқытылды. Оның ішінде 176-сы бизнес жобаны қорғап шығып, 37-сі жеңілдікпен несие алу арқылы кәсіптерін бастап кетті. Қызылорда облысы бойынша басым сала болып табылатын мал бордақылау және малдың басын көбейту бағытында жаңа кәсіпорындар пайда болды. Оның ішінде ірі қара мал ерекше орын алады. Кішкентай ауылды мекендерде наубайхана ашу, фотостудия, шаштараз қызметтері қолға алынды», – дейді жаттықтырушы.

Кәсіп ашуға бел буған адам өз саласын толық білуі міндет. Жұмыс жасау салаңды білмей, алға жүру мүмкін емес. Бизнес-жаттықтырушылар талқылау барысында бағдарламаның шикі тұстары кездесіп, оның ішінде әкімшілік кедергілер бойынша қиыншылықтар жиі орын алатындығы жайында айтты.

«Қаржыландыру, қағазбастылық мәселесіне келген кезде қиындықтар туды. Қазіргі таңда Шиелі ауданында келер жылы ұйымдастырылатын жобаның жалғасына 200-ден астам адам оқуға ілтипат білдіруде. Жылдың соңына дейін бірқатар жобалар қаржыландырылады. Бұқараның бизнес саласындағы білім деңгейлері әртүрлі. Таңқалдыратындығы кәсіп ашуға жастар тарапынан көп қызығушылық білдіріледі. Жастармен жұмыс жасау да оңай, алға қойылған мақсаттары да зор. «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуда ауқымды жұмыс жасауда», – деді Наталья Мишукова.

Бизнес-жаттықтырушылар талқылаудың соңында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың қолынан алғыс хаттар алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер