astana-view

«Атамекен» кәсіпкерлерге 200 мыңнан аса тегін қызмет көрсетті

2018 жылғы 03 Қаңтар
5258 просмотров

Ұлттық палата 2017 жылы консультациялық қызмет көрсету жоспарын 170%-ға орындады

«Атамекен» ҚР ҰКП «Бизнестің жол картасы – 2020» Бағдарламасының төртінші бағыты аясында бизнеске қаржылай емес қолдау көрсетеді. Қаржылай емес қолдау құралдары кәсіпкерлердің білім көтеруге және шетелдік тәжірибені үйренуге көмектеседі.

Іскерлік байланыс

«Іскерлік байланыс» жобасымен атыраулық бизнесмен Диас Байсмақов Германияның озық кәсіпорнының өндіріс жүргізу технологиясы мен тәжірибесін игеруге, шетелдік үздік өндіруші зауыттардан заманауи жабдық жеткізу байланысын орнатуға мүмкіндік туды.

«Жахан Атырау» ЖШС бас директоры Диас Байсмақов бизнес жүргізудің заманауи әдістерін тегін үйреніп, шет елде тағылымнамадан өтуге мүмкіндік беретін «Іскерлік байланыс» жобасы туралы әріптестерінен естіп, білген.

Бүгінде «Жахан Атырау» компаниясы неміс серіктестермен қазандықтар үшін жөндеу жабдығын алу келісімін жүргізіп келеді. Диас Байсмақовтың айтуынша, жұмыс істеп тұрған жабдықтың жарамдылық мерзімін ұзартуға, яғни орташа есеппен 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса отын материалдарын айтарлықтай үнемдейді.

Бизнес-мектеп

Кәсібін жаңадан бастаған Әзиза Семізбаева «Бизнес-мектеп» жобасымен білім алған. Бойжеткен – ірі зауыттың дилері, болашақта өнеркәсіпке арналған ыдыс шығаратын кәсіпорын ашқысы келеді. Оның айтуынша «Бизнес-мектеп» жобасы арқылы білім алу сауатын арттырып, жаңа бизнес-байланыс қатарын толықтыруға мүмкіндік берген.

Аталған жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының төртінші бағыты – «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» аясында жүзеге асырылады.

Аға сеньорлар

«Аға сеньорлар» жобасы аясында Жамбыл облысына Канададан екі сарапшы келді. Туризм және қонақ үй бизнесі саласындағы сарапшы Боб Тасс – осы салада 50 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.

«Байтерек «Travel» Center» және «Жамбыл-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестері канадалық маманның қызметі мен кеңесіне жүгінді. Облыстағы екі апталық сапарында Боб Тасс өңірдегі туризмге баға берді. Сарапшы менеджмент, маркетинг, қоғаммен байланыс секілді бірнеше салаға жаңа технологияны енгізу туралы кеңес берді.

Маркетинг, білім беру мен жаттықтыру бағдарламасын дайындау маманы, көшбасшылық, сату, бизнес-жоспарлау мен топ құруға қатысты құралдардың авторы  Джеймс Гордон Уильямстың «Айналайын» балалар орталығы агенттігінің басшысы Жанар Иманәлиева Жамбыл облысы Шу қаласына шақыртты.

Кәсіпкер ханым өз орталығында ағылшын тілі ме менталды арифметика курсын ұйымдастырды. Шетелдік сарапшы жеке бизнес мәселесінде көмек беріп қана қоймай, «Ағылшындық марафон» Канада–Қазақстан– Израиль халықаралық білім беру конференциясына қатысты.

«Шетелдік мамандармен өткізген уақыт пайдалы да қызықты болды. Бірлескен жұмыстың арқасында жергілікті атқарушы органдар хабардар болды, қолдау көрсетеді деп үміттенеміз», - деді Жанар Иманәлиева.

Қызылордалық үш компания – «Сыр Маржаны» ЖШС, «Абзал и К» ТС пен «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС осы құрауыштың көмегін пайдаланды.

Канададан келген сарапшы маман Уве Фоэрин Қазалы ауданындағы «Сыр Маржаны» ЖШС-де болып, топырақты тыңайту мәселесінде тәжірибесімен бөлісті. Жергілікті шаруалар қолданатын тәсілдерге жоғары баға берді.

«Аға сеньорлар» құрауышын әрбір кәсіпкер пайдалана алады. Экономиканың басым бағытында қызмет атқаратын шағын және орта бизнестегі жұмыс істеп жүрған кәсіпорындардың жоғары және орта деңгейдегі басшылары қатысуына болады.

Қорытынды

2017 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 51 348 қызмет көрсетілді. ШОК субъектілеріне қызмет көрсету жоспары 171%-ға орындалды (ҚР ҰЭМ жоспары – 30 000 ШОК субъектісі).

Сонымен қатар Моноқалалар, шағын қалалар мен аудан орталықтарында халыққа мемлекеттің бизнесті қолдау шаралары жайлы ақпарат беру мақсатында құрылған Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін 189 орталықта 113 393 клиентке қызмет көрсетіліп, 237 835 консультациялық қызмет берілді, бұл жоспарлық көрсеткіштен 170% жоғары (ҚР ҰЭМ жоспары – 140 кеңес беру).

2017 жылы «Бизнес-мектеп» құрауышы бойынша 22 291 адам білім алды (жылдық жоспары 149%-ға орындалды).

2017 жылдың 9 айында «Іскерлік байланыс» құралының 1 кезеңі аясында 555 мекеменің басшылары білім алды, жоспар бойынша 500 адамды оқыту керек еді, сонымен қатар екінші кезең аясында 43 кәсіпкер Германияның Тюбинген және Дрезден қалаларында тағылымнамадан өтті.

«Басқару әдісі, өндіріс технологиясы, жабдығын енгізу және мамандарды оқыту мәселесі бойынша шетелдік біліктілігі жоғары мамандарды тарту (аға сеньорлар)» құрауышы шет елдің тәжірибесі мол мамандарын қатыстыра отырып, қатысушыларға кәсіпорындарда басқарудың жаңа әдісін, өндіріс технологиясы, жабдығын енгізу мен мамандарды оқыту мәселесіне қатысты кеңес беру мақсатында жүзеге асырылады.

2017 жылдың 11 айында «Атамекен» германиялық серіктестің көмегімен 67 сарапшылық миссия ұйымдастырды (ҚР ҰЭМ доспары – 64 миссия), тікелей кәсіпорындарда жұмысты жақсартуға қатысты консультациялық қызмет көрсетілді.

Анықтама ретінде:

Еске салсақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша бірнеше құрауыш жұмысын үйлестіреді:

1)     Жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік қолдау көрсету;

2)     Моноқала, шағын қала мен аудан орталықтарында  мемлекеттің бизнесті қолдау шаралары жайлы ақпаратты тарату, хабардар ету;

3)     Кәсіпкерлік қызметтің негіздерін оқыту;

4)      Іскерлік байланыс;

5) Басқару әдісі, өндіріс технологиясы, жабдығын енгізу және мамандарды оқыту мәселесі бойынша шетелдік біліктілігі жоғары мамандарды тарту (аға сеньорлар.

Мемлекеттік қолдаудың қаржылай емес шаралары облыстық деңгейде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету 27 орталығында және аудандық деңгейде Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін 189 орталықта көрсетіледі.Көрсетілетін қызмет саны айтарлықтай артып отырғаны байқалады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер