astana-view

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын

2018 жылғы 09 Ақпан
4524 просмотров

«Атамекенім» акциясы – игі істердің бастамасы

«Атамекенім» ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға және қайырымдылық мәдениетін жүйелі дамыту мен әлеуметтік жауапкершілікке бағытталған.

Қайырымдылықтың кез келген көрінісі тән мен жанның ләззатына алып келетіндігі сөзсіз. Кез келген конфессия, кез келген дін қайырымдылық жасауды барынша құптап, мүмкіндігі болған уақытта кез келген адамнан көмегін аямаған жандардың берекесі еселене түсетіндігін анық айтады. Ұлттық палатаның қолға алған жаңа акциясы кәсіпкерлерді игі істерге жетелейтін ынталандырудың жаңа тәсілі. Еске салсақ, аталмыш акция 2017 жылдың қыркүйек айынан жұмысын бастап, қазіргі уақыта бірқатар кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастық тарапынан қолдау тапты.

Акция жұмысын бастамас бұрын да қазақстандық кәсіпкерлер қайырымдылық жасап, жан жақты көмек көрсетуге септіктерін тігізді, көмектесуді жалғастырады да. Тек ол жайында халық біле бермейді. Жобаны қолға алудың басты мақсаты халыққа елінің жанашыр, адал кәсіппен ісін дөңгелететін бизнесмендермен таныстыру.

Көрсетілген көмекті елеп, әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алған жандарды қолдау мемлекеттік награда беру арқылы ынталандырылады.

Акция барысында өңірлерде түрлі брифингтер, қайырымдылық пен әлеуметтік инвестицияларға қатысты қызу талқылаулар өткізілді. Бүгінде әр кәсіпкер туған өлке дамуына үлес қосуы үшін арнайы Әлеуметтік мәселелер тізілімі әзірленіп, онда 974 мәселе тізілді. Онда ауылдағы негізгі түйіткілді мәселелер қозғалып, су құбылары, мәдениет үйлері, қуат көздері сынды әлеуметтік маңызы бар түйіткілдер тізім қатарына енген.

Қазіргі таңда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әлеуметтік мәселелер тізілімі мен Әлеуметтік бастамалар картасын біріктіру жұмыстары жүргізуде.

«Атамекенім» акциясы «Іскер азамат – ел тірегі» атты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа бағытына сәйкес халқына жанашыр нағыз азаматтарды танытады.

Мәселен:

Ақтөбе облысының кәсіпкері жетімдерге етік тігуді тегін үйрететін болды

Ақтөбелік кәсіпкер «Атамекенім» акциясының аясында Әлеуметтік бейімдеу орталығының жастарын білім беру патронатына алған. «Блеск» шеберханасында жетім балаларға етік тігу ісін тегін үйретуді бастады. Әзірге келешекке үлкен жоспар құрған үш жігіт тәлім алып жатыр.

Алматы облысында кәсіпкер балалар алаңқайын тегін салып берді

Кәсіпкер Қуанышбек Ерғожанов Текелі қаласы арбат маңындағы көп қабатты үй алаңын жеке қаражатына абаттандырып, құмсалғыш, әткеншектер мен турниктер салып берген.

Кәсіпкерлер қала үшін тағы не істей алады?

Талдықорғанда меценаттармен бірлесе 100 алаң қайта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Бұл жайында Талдықорған қаласының әкімі есеп беру барысында мәлімдеді. Жалпы алғанда Талдықорғанда 9861 бизнес субьекті бар және онда 26 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Қызылордалық «Dalatex» ЖШС 185 оқушыға тегін көйлек тігіп берді

№ 144 мектепте 200-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар оқиды. "DALATEX" ЖШС-нің басшысы Ділмұхамед Абизов көмек көрсетуге әзір екендігін білдіріп, аталмыш мектеп оқушыларына 185 қыз және ер балаларға арналған арнайы жейделер тігіп берді.

Игі істің қатары көбейіп келеді

Жалпы республикалық «Атамекенім» акциясының аясында Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер кеңесінің ұжымы Көкшетау қаласындағы көп балалы отбасыға көмек көрсетті. Застанционный ауылының тұрғыны 3 жастан 16 жас аралығындағы балалардың қыстық киімі жоқ деп көмек сұраған еді. Ұл балалар мектепке спорттық аяқ киіммен барып жүр екен. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкері, IT-маман Әміл Алиев Іскер әйелдер кеңесімен бірлесе балаларға сыртқы киім, күнделікті киімдерді, аяқ киім мен азық-түлік, ойыншық секілді қажетті заттар жинақтап дайындады.

Жоғарыда көрсетілген биылғы жылдың мысалдары сынды қайырымдылық көріністері күнен күнге өсіп, белең алып келе жатқандығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен қарапайым халықты қуантады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші бірлесе бұқараның әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың, оның ішінде кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылату, қайырымдылықты қолға алу жолға қойылады.

«Атамекенім» акциясының ақпараттық алаңы

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Facebook әлеуметтік желісінде жалпыға ортақ «Атамекенім» тобын ашты. Бұл топ әлеуметтік жауапкершілік танытып, қоғам мәселесін шешу үшін атсалысуға дайын, кәсіпкерлер мен азаматтарға арналған.

Акция мен форумның қорытындысы бойынша «Атамекен» бизнесті әлеуметтік жауапкершілік танытуға ынталандыру бойынша ұсыныстар топтамасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына береді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер