astana-view

«Атамекен» Салық кодексіндегі жаңашылдықтарды түсіндіруді жалғастыруда

2018 жылғы 12 Ақпан
1274 просмотров

«Атамекен» алаңында кезекті дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жер қойнауын қолданушылар үшін салық салу мәселесі талқыға салынды

12 ақпан Ұлттық палатада Қазақстанның кәсіпкерлері үшін жаңа Салық кодексінің негізгі баптарын түсіндіру мақсатымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері және өңірлік кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтар видео-конференц байланыс арқылы қатысты.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті Мамандандырылған басқарманың басшысы Шавкат Құдабаев баяндамамен кездесуді ашты. Сұрақтар күшін жойған салық салулар, белгілі бір салық түрлерінің өлшемдері және түсіндіру не нақтылау мақсатымен енгізілген өзгерістер болып үш блокқа бөліп қарастырылды.

«Бірінші блокта 2019 жылдың 1 қаңтарынан коммерциялық табылым бонусы жойылады. Аталған мәселеге байланнысты көптеген даулар болғандығы белгілі, дегенімен халықаралық тәжірибе мен сарапшылардың қорытындыларына сүйеніп жою шешімі қабылданды. Екіншіден, 2018 жылдың 1 қаңтарынан қатты пайдалы қазбаларды өндірген және барлаған жер қойнауын қолданушылар үстеме пайдасы үшін салық төлемейді», – деп түсіндірді Шавкат Құдабаев.

Сонымен қатар, 2018 жылдың маусым соңында күшіне енетін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі бойынша жер қойнауын қолдану үшін рұқсат алғандар жер қойнауын қолдану нәтижесінде мемлекетке ешқандай шығын келтірмейтін аймақтарды қолданған уақытта салық салынбайды.

«Екінші блокқа келсек, негізінен пайдалы қазбаларға байланысты салық салу мөлшерін төмендеттік. Ал жер қойнауын қолдану үшін балама салық енгізілудің басты мақсаты инвестицияларды тарту болып табылады», – деді ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті Мамандандырылған басқарманың басшысы.

Шавкат Құдабаевтың Салық кодексінің жаңашылдықтары бойынша түсіндіру баяндамасынан кейін қатысушыларды алаңдататын сұрақтарға кезек берілді.

Коммерциялық табылым бонусы 2019 жылдан бастап салық ретінде қысқартылатындығы белгілі. Алайда, коммерциялық табылым бонусы негізінен келісімшарттарда жер қойнауын қолдану төлемдері ретінде анықталады. Бұл арада қатысушылар тарапынан аталмыш төлем Салық кодексінің төлемдері ретінде емес, келісімшарттың нормаларына сәйкес төлену қажет болу жағдайы орын алмайтындығына алаңдаушылық білдірілді.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті Мамандандырылған басқарманың басшысы 2009 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген кодекс белгілі бір келісімшарттандан басқа (12 келісімшарт) жағдайларда жаңа кодекс негізінде жұмыс жасалуы керек екендігін мәлімдеді.

Осы сынды жекелеген жағдайлардағы мәселелерге байланысты сұрақтарға Мамандандырылған басқарма өкілдері жеке жауап беріп, түсініспеушілік не қарама-қайшылық тудыратын мәселелер талқыланды.

Отырыс соңында ұйымдастырушылар жаңа Салық кодексіне байланысты дөңгелек үстелдер жоспар бойынша жалғасып, түсіндіру жұмыстары жалғасын табатындығы айтылды. Отырыстарды өткізу кестесі мына сілтемеде көрсетілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер