astana-view

Өскеменде іскер ханым әлеуметтік кешен ашты

2018 жылғы 27 Наурыз
- Шығыс Қазақстан облысы
4773 просмотров

Балаларға арналған алаң, аспаздық пен әлеуметтік дүкен бір шатырда орналасқан және жаңа 19-шағын ауданның тұрғындарына арнап салынған. Мұнымен қоса, «Атамекенім» акциясы аясында жеке кәсіпкер Жанар Жүнісова өз қаражатына қала аумағын абаттандыруды жоспарлап отыр.

Салтанатты ашылу рәсімі көктем мерекесі қарсаңында орын алды. Келушілер үшін киіз үйде мерекелік дастарқан жайылып, дәмді тағамдар қойылды. Іскер ханым концерттік бағдарламаны ұйымдастырған. Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік жобалары сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гасан Тұрғамбаев әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылуымен құттықтады.

Кәсіпкер иеленген 100 шаршы метрден астам аумақтың көп бөлігі балалар алаңына арналған.

«Әлеуметтік дүкенде азық-түлік пен тазарту құралдарының бағасы арзан. Барлығы да қалта көтерімді. Балаларын ертіп келген ата-аналар бір сағатқа бала күтушісіне де сеніп қалдыра алады. Аттракциондар да қымбат емес. Барлығы да ыңғайлы, жайлы. Балаларға ұнайтыны анық. Енді-енді ашылып жатсақ та балалар келіп, тіпті шыққылары келмеді», – дейді іскер ханым Жанар Жүнісова.  

Аталған ықшам ауданның тұрғындары үшін тағы бір қуанышты хабар бар. Тұрғын үй енді салынып жатқандықтан асфальтты жол да, әлеуметтік нысандар да жоқ, тұрғындардың қатынауы қиын. Сондықтан кәсіпкер абаттандыру жұмысын да қолға алмақ.

«Балалар алаңы ұнады. Көз қуантады. Балалар ойнайтын жерде аспаздық та бар. Дәмді тағамдарды алуға болады», – дейді тұрғын Айман Ақатаева.

Балалар алаңы күн сайын 22-00-ге дейін жұмыс істейді. Топтық іс-шара өткізу, балаларды Монтессори бағдарламасы бойынша дамыту жұмыстарын ұйымдастыру да жоспарланған. Жанар Жүнісова қалалық аумақ кешеніне ландшафты дизайнды да дайындаған. Аумаққа сәнді ағаш тұқымдарын егіп, тегін абаттандыруды көздеп отыр.

Кәсіпкер 15 жылдан бері стабилизациялық қордың көкөніс өнімдерін өткізумен айналысып келеді. Сауда орындары да бар, ауыл ашурашылығы өнімін сатуда көш басында тұр. Соңғы он жылда өңірлік деңгейде екі рет «Үздік бизнес-леди» және «Сауда саласындағы үздік кәсіпорын» атаған да екі рет атағын иемденген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер