astana-view

Жер мәселелері сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың көшін бастауда

2018 жылғы 04 Мамыр
4947 просмотров

4 мамыр «Атамекен» алаңында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің отырысы өтті

Кеңес отырысына Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов төралқалық етіп, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқару бойынша комитет төрағасы Ермек Қарентаев, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қарқынбаев, сонымен-қатар, өңірлік палата өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы қалаларының кәсіпкерлері, жергілікті атқарушы органдарының салалық басқарма өкілдері бейне байланыс арқылы қатысты.

«Жер қатынастары саласындағы даулы мәселелер біздің өңірлік кеңес отырыстарында бірқатар рет талқыға салынғанына қарамастан аталмыш түйіткілге қайта оралуға мәжбүрміз. Себебі кәсіпкерлік субьектілері тарапынан шағымдар саны өсіп, наразылық белең алуда. Кеңес тарапынан сараптама жасау мақсатымен сәйкесінше сараптамалық топ ұйымдастырып, жұмыс тобы ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқару бойынша комитетімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мәселенің мән-жайын сараптады», – деді Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Жұмыс тобының атқарған жұмысын жиында Кеңес мүшесі Нұрлан Құдайбергенов баяндап берді. Жұмыс тобының қызметі аясында жер телімдерін қолданудағы кәсіпкерлік қызметті реттеуші ҚР Президенті актілері мен заңнаманың орындалуы сарапталды. Жұмыс барысында заңды және жеке тұлғалардың өтініштері қарастырылды, Алматы қаласы, Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарының кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырылды және өңірлік палаталарның статистикалық деректері қолданылды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Ревизиялық комиссия төрағасы Нұрлан Құдайбергеновтың айтуынша 2017 жылы жер қатынастары саласында 150 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған (2016 жылы – 225). Жемқорлықтың себеп-салдары тым көп, Маңғыстау облысында – 50, Жамбыл облысында – 42, Павлодар облысында – 22 дәйек тіркелген. Оның ішінде пара алу, алаяқтық, жер учаскілерін беруде қызметтік лауазымды асыра пайдалану фактілері басым.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  өзінің күнделікті жұмысында тиісті нормативтік құқықтарға сараптама жасау арқылы аталмыш мәселе бойынша өзгерістер енгізіп, ұсыныстарын береді. Соның негізінде, жақын уақытта заң жобасы Парламентке жолданып, Елбасына ұсынылды. Кәсіпкерлер жер алуы үшін жер алуға мүмкіндікті ашық түрде жариялау, ережені нақтылау, заң бұзушылық  фактілерін болдырмау маңызды», – деді Кеңес мүшесі Нұрлан Құдайбергенов.

Жер телімдерін бөліп беру механизмінің жетілдірілмегендігінен әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық қауіпі өсуде.

Кеңес отырысының барысында бүгінгі күні орын алған жер мәселелеріндегі сыбайлас жемқорлық көріністеріне қысқаша шолу бейне ролигі көрсетілді. Мәселен, Маңғыстау облысының кәсіпкері Малика Юджиси 11 жыл бойы жер телімін қолдану құқығын алу үшін күресуде. 2006 жылы кәсіп ашу мақсатымен Ақтау қаласындағы 10 га жер телімін коттедждік қалашық салу үшін алған. Жобалық-сметалық құжатты дайындау үшін 1 млн АҚШ доллар қаражаты жұмсалды. Бірден нысананың қолдану мақсатына байланысты мәселелер туындап, кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс ашылды. 2008 жылы кәсіпкер барлық инстанцияларға жүгіне бастаған соң қылмыстық істер (жалпы ашылған 13 қылмыстық іс) қылмыс құрамының жоқтығына байланысты жабыла бастады. Алайда, ол да әсер етпей, еш негізсіз кәсіпкер 7 айға тұтқындалды. Жер телімінен бас тарту ұсынысы айтылғандығы да белгілі болды. Қазіргі таңда, «Атамекен» ҚР ҰКП жұмысының нәтижесінде Маликаның мәселесі шешімін тапты.

«Ендігі тек Жер ресурстарын бақылай департаменті тарапынан жарғыны алу қалды. Бірден құрылысты бастап кетер едік. Инвесторларымыз бір жылдан бері жұмысты бастауға дайын», – деді Малика Юджиси.

Виталий Толкачев 1997 жылы бизнесін бастаған еді. 17 жыл бойы кәсіпорын Алматы әкімдігінен жерді жалға алып келді. Нәтижесінде жер телімін 3 жыл ішінде бөліп төлеу арқылы сатып алу шешімі қабылданды.

«Біз әкімдіктің рұқсатын алып, сату-сатып алу келісімшартына отырдық. Содан соң Жер қатынастары басқармасына хат арқылы жүгінген уақытта 8 млн және өсімпұлды төлеу қажет екендігіміз анықталды», – деді кәсіпкер.

Кәсіпорын жерді сатып алуғандығын растайтын құжатты негізге алып, сотқа жүгінді. Жер қатынастары басқармасы жауап ретінде жалпы соммасы 10 млн болатын талап етумен сотқа шағымданды.

«Бізді соттің бірде бір растау құжаты жоқ Жер қатынастары басқармасының шағымын қабылдағандығы аң-таң етті», – деді Виталий Толкачев.

Жоғарыда айтылған жағдай Алматы қаласында жиі орын алып, кәсіпкерлер бизнестерін дамытудың орнына өз жер телімдерін сотта қорғап жүрген мысалдар баршылық.

«Түйіткілді мәселелер бар екендігі шын. Қазіргі таңда заң бұзған 63 лауазымды тұлға жауапқа тартылуда. Биылғы жылы жер телімдерін беру бойынша 2 мыңға жуық заңсыздықтар орын алған. Бір мыңға жуық жекеменшік тұрғын-үй құрылысы кезексіз беріліп, 8 ауыл шаруашылық аймақ жекеменшікке берілді», – деді ҚР Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Отырыс барысында қатысушылар 3 негізгі мәселені айқындады: мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі, қолдану және сегменттеу бойынша мониторингтің жоқтығы, жер телімдерін беру рәсімінің айқын емес жүргізілуі.

«Жер қатынастары саласында мемлекеттік реттеудің осал тұсы бос жер учаскілерді берудегі жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін жүзеге асырудың реттелмеген механизмінде. Ал, бұл жайт кәсіпкерліктің дамуын шектейді, жасанды кедергілер тудырады», – деді Қайырбек Сүлейменов.

Жиын қорытындысы бойынша өкілетті органдарға орын алған мәселенің құқықтық жағын күшейту, сонымен қатар жер қатынастарындағы реттеу мен бақылау жүйесін жаңғырту ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер