astana-view

«Атамекен» мен «ҚазТрансГазАймақ» бизнестің түйткілдерін талқылады

2018 жылғы 16 Мамыр
3851 просмотров

Ұлттық палата алаңында өңірлік бизнес өкілдері «ҚазТрансГазАймақ» АҚ басшылығымен және Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдерімен кездесті

Жиын «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Қаржауовтың жетекшілігімен өтті. Күн тәртібіне кәсіпкерлер үшін маңызды 4 мәселе шығарылды.

Оңтүстік Қазақстан облысынан Өмірзақ Мелдеханов газ тарифінің жоғары екенін атап, жергілікті жылыжайлардың 90% тиімсіз әрі бәсекеге қабілетсіз болып қалғанына назар аударды. Көршілес Өзбекстанда көгілдір отын бірнеше есеге арзан екенін алға тартты.

Монополияға қарсы мекеме өкілдері атап өткендей, ішкі нарықтағы тауарлық газ бағасының 60-тан 80%-ға дейінгісі жер қойнауын пайдаланушылардағы газдың құнына байланысты. Қалғаны тазарту, кептіру, газды кен орнынан тауарлық күйге дейін жеткізу, сондай-ақ тасымалдаудан тұрады. Қазақстанның батысындағы кен орнынан оңтүстік өңірге жеткізудегі шалғайлықтан да баға өсіп кетеді. Мұнымен қоса «ҚазТрансГазАймақ» көгілдір отынды шығынмен жеткізе отырып, отандық тұтынушыларларға дотациямен береді.

Сонымен қатар оңтүстіктегі кәсіпкер еліміздің барлық өңірінде де түйткілді мәселеге айналған жайтты көтерді – газға алдын ала 100% төлем аудару.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Бас директорының орынбасары Ерқанат Темірханов атап өткендей, алдын ала төлем амалсыздан жасалып отырған шара, себебі газ да алдын ала төлем арқылы алынады. Бүгінде Қазақстан бойынша бизнесмендерге берілген газдың қарызы 20 млрд теңгеден астып кеткен және аталған талапты алып тастаса, қарыз көлеме ұлғая түспек.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Қаржауов шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін алдын ала төлем талабын алып тастауды ұсынды.

«Егер біз экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 50%-ға жеткізуді қаласақ, онда оператордан қолдау көрсетуді сұраймыз. Бұл мәселе өңірлерде меморандумдар, келістіруші комиссиялар арқылы, сот тәртібінде жекелеп шешіліп келеді. Бірақ бізге кешенді шешімді ойластыру керек», – деді Олжас Қаржауов.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Бас директорының орынбасары Ерқанат Темірханов Ұлттық палата бастамасын қолдауға дайын екендігін айтты.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге пайдаланылмаған газ көлемі үшін заңсыз салынған айыппұл санкциялары талқыланды. Қазіргі таңда табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті аталған деректерді жою туралы ұйғарым шығарды, мәселе сот тәртібінде шешілуде. Қарау нәтижесін «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің назарына дейін жеткізеді.

Кәсіпкерлер екі айда бір рет тұтынатын газ көлемін түзей алатынын ескере отырып, Ұлттық палата «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл қызметті электронды форматқа ауыстыруды ұсынды. Бұл осы процедураны айтарлықтай жеңілдетеді. Тиісінше Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес үшін газ жүргізудің техникалық талаптарын алуды да цифрландыру ұсынылды.

«Актюбгражданпроект» ӨК жобалардың бас инженері Ерболат Шүйіншалин құрылыс нормаларына қатысты мәселе көтерді, «Атамекен» көп қабатты үйлерге қазандық орнатуға қатысты мәселені Құрылыс комитетімен егжей-тегжейлі зерттеп, талқылауға жатқызды.

Мұнымен қоса, кездесу барысында әр өңірде газ бағасын саралау мәселесі көтеріліп, монополистің өңірлік бөлімі тарапынан бизнеске қысым көрсетілетіні жайлы айтылды.

Басқосуда айтылған мәселелер мен ұсыныстардың барлығы алдағы шешім үшін хаттамаға енгізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер