astana-view

Тимур Құлыбаев: Бизнес өз жауапкершілігін арттыратын кез жетті

2018 жылғы 28 Мамыр
5214 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Батыс Қазақстан облысы Өңірлік кеңесімен өткен кездесуде бизнес пен өзін-өзі басқарудың жауапкершілігін арттыру, импортты алмастыру және міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне бизнестің төлемдеріне назар аударды. Бұл мәселелер ҚР Президенті жуырда қол қойған Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бойынша Заңға қатысты.

 «Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдауға аударған назары елдегі бизнестің дамуына айтарлықтай көмек беруде, бұл бағытта «Атамекен» де жұмыс істеп жатыр. Оң серпінді бәріміз байқап отырмыз. Мемлекет басшысының бизнес дамуын қатаң бақылауға алғаны арқасында Үкімет, құқық қорғау органдары, барлық мемлекттік құрылымдар бизнесті қолдауға атсалысуда. Елбасы қол қойған өзгерістер бизнес-ортаны жақсартуға бағытталған,  Ұлттық палата да осы бағытта жұмысын жалғастырып жатыр», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысының айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан  болатын бақылауды шектеу кәсіпкерлер қызметін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтады. Бұл ретте кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігі деңгейін арттыру маңызды.

«Мемлекеттік бақылаудың қысқаруы тұтынушыларға әсер етпеуі керек. Бақылауды қысқарта отырып, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру маңызды, өзін-өзі басқару институттары да іске қосылуы қажет. «Атамекен» адал кәсіпкерлердің ғана мүддесін қорғайды. Ал азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды бизнесмендер әрқашан қаперде ұстауы керек. Бизнес өз жауапкершілігін арттыратын кез жетті», – деді Тимур Құлыбаев.

Заң жобасындағы жаңашылдықтар жайында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов айтып берді. Оның айтуынша негізгі жаңашылдықтың бірі – алдын ала бақылауды енгізу болып табылады. Бұл шара арқылы бұзушылық орын алған жағдайда кәсіпкер әкімшілік жазаға ілікпей, олқылықты реттеу бойынша ескертпе алады.

 «Мұндай шара әсіресе жеке заңгері мен заңнаманың барлық тетіктерін білуге мүмкіндігі жоқ шағын бизнес үшін маңызды. Екіншісі – барлық қадағалау-бақылау функциялардың үштен бірін қысқарту. Заң жер учаскелерін бөлу бойынша аукциондарды міндетті өткізуге қатысты талап қояды, себебі бұрындары кәсіпкерлерде осыған қатысты көптеген мәселе туындаған. Сонымен қатар заңда Дүниежүзілік банктің «DOING BUSINESS» рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткішін жақсартуға, кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге қатысты шаралар қарастырылған», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев құрылыс материалдарының өндірісін жергілікті жерде дамытуда әр өңірдің мүмкіндігін анықтау үшін құрылыс саласына сараптама жүргізуді ұсынды. Бұл үшін өңірлерде салалық қауымдастықтар құрған абзал.

«Мемлекет әрдайым сатып алулар жүргізеді, дегенмен құрылыс материалдарының жартысынан көбін шет елден сатып аламыз. Демек, біз көршілес елге субсидия құйып отырмыз. Шекараға жақын өңірлерде кірпішті өнеркәсіп нысандары айтарлықтай модернизацияланған Ресей Федерациясынан жеткізеді. Қай өңірлерге қандай өндіріс орындары керек екенін нақты анықтауымыз қажет, кәсіпорындар заманауи, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Мысалы Батыс Қазақстан облысында ірі, бәсекеге қабілетті, заманауи кәсіпорын тұрғызуға, құрылыс өнімдерін Орта Азия нарығына жеткізу және өз ішкі нарығымызды қамтуды қарастыруға болады. Бұл бір ғарыштық технология емес қой! Мұны отандық компаниялар өндіре алады және орындаулары тиіс. Республикалық деңгейде жаңа сұранысқа ие, нақты логистикалық тізбегі мен сауатты маркетингі қалыптасқан өндірісті құруға қатысты шешім қабылдау үшін салалық қауымдастықтар арқылы төмен жақтан бастама көтерілуі керек», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

«СКФ «Отделстрой» ЖШС директоры Валентина Михно Төралқа Төрағасының құрылысшылар қауымдастығын құру туралы ұсынысын қолдап, қауымдастықтың импортты алмастырудағы келешегі айтарлықтай жақсы әрі бизнес отандық өнімді пайдалануға дайын екенін айтты.

Тимур Құлыбаев бизнестің міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аударымы бойынша Ұлттық палатаның ұстанымын білдірді. Кәсіпкерлердің пікірінше қосымша төлем қаржылық ауыртпалық ретінде кәсіпорындарға түседі, жалпы мемлекеттегі салық саясатының тиімділігін төмендетеді.

«Бұл мәселеге қатысты біздің ұсынысымыз: әлеуметтік шығынды қолдау үшін кәсіпкерлерден ақша жинаудың жаңа түрін ойлап таппайықшы. Сөзсіз, ол маңызды, бірақ алдымен барлық саладағы шығынды оңтайландыру керек. Өкініштісі, дәрі-дәрмек сатып алуда қайшылықтар бар екенін көріп отырмыз, біреуге тым қымбат дәрі сатып алған тиімді. Алдымен осы мәселені шешіп алайық. Сақтандыру – дұрыс тәсіл, бірақ бұл мәселедегі механизм мен шығын жүйелі әрі ойластырылған болуы тиіс. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеудеміз», ­– деді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер