astana-view

«Бастау» жобасы аясында 10 мыңға тарта жұмыс орны ашылды

2018 жылғы 19 Маусым
1170 просмотров

Жобаға қатысушылар нәтижелі жұмыс көрсетуде

Ел ауқымында сәтті жүзеге асып жатқан жобаның артықшылықтары жайында  Астана қаласында өткен «Атамекен» ҰКП V Съезі аясында «Бастау» жобасының қатысушылары мен түлектерінің форумында айтылды. Форумға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова, грек-рим күресі бойынша Олимпиада чемпионы, танымал кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіров және мүдделі тараптар қатысты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау операторы болып табылатын «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау» жобасы іске асырылуда. Жобаның нәтижелі жұмыстарының бірі – Маңғыстау облысында балабақша кәсібін ашып, ел экономикасына пайда әкеліп жатқан Алтынгүл Қауқарова.

«Жоғары білім алып, 20 жыл көлемінде қарапайым есепші қызметін атқардым. Дегенімен, өз кәсібімді ашу әрдайым ойымда жүретін. Кәсіпкер болуыма себепші болған «Атамекен» ҚР ҰКП «Бастау» жобасы және Ұлттық палатаның шағын несиелеу ұйымы. Жобамен танысып, сәтін салып, бір айлық курсты оқып шықтым», – деді Алтынгүл Қауқарова.

Жоба аясында кәсіпкер бизнес-жоспар әзірлеп, қаланың орталығында орналасқан ата-анасының үйін кәсіп ашуға бейімдеуге мүмкіндік алды. Іскер әйелдің айтуынша сұранысқа байланысты балабақша ашу ойы келді. Бизнес саласын зерттей келе, мамандығы педагог болмаса да, жұмыссыз жүрген қыз-келіншектердің басын біріктіріп, жаңа жұмыс орындары пайда болды.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, балаларды мектепке дейін тәрбиелеп, жас тұлғаның қалыптасуы үшін қажетті алғашқы білім беріп, үлесімізді қосқымыз келеді. Бас-аяғы 2 ай көлемінде бизнес-жоспарда көрсетілген 10 млн теңгенің «Атамекен» шағын несиелеу ұйымының несие желісі арқылы бастапқы 4,5 млн теңгесін алдым. Жұмыспен қамту орталығынан жолдама арқылы 20 адамды жұмысқа қабылдадық. Қазіргі таңда балабақшада  50 балаға арналған 2 топ жұмыс істейді. Балабақшаның бағыты – монтессори. Оның ішінде саусақ моторикасын дамыту», – деді кәсіпкер.

Сонымен қатар, кездесу аясында форумға қатысушы кәсіпкерлердің атынан Елбасына алғыс айту хаты оқылды. Маңғыстау облысынан Ақмоншақ Қонысбаева үндеуді жолдады.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Бастау» жобасы аясында 2017 жылы 15 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бизнес негіздерін меңгеріп, соның ішінде 3314 бизнесін ашты немесе айналысып отырған кәсіптерін кеңейтті. 10 мыңға тарта жұмыс орны ашылды. «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты үндеу шеңберінде биылғы жылы шағын несиелеуге қосымша 20 млрд теңге бөлініп, аталмыш бағдарлама аясындағы қаржы көлемі 62 млрд теңгеге дейін жетті. 2018 жылы шағын несиелер көлемі екі есе өсетіні жаппай кәсіпкерліктің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз», – деді өз сөзінде Ақмоншақ Қонысбаева.

Форум аясында «Бастау» түлектері 2017 жылы іске қосқан 30 үздік бизнес-жоба марапатталды. Үздік бизнес-жоба, бизнес-тренерлер мен өңірлік үйлестірушілерден тұратын комиссияның алқалы ашық дауыс беруі негізінде іріктелді. Сондай-ақ, іс-шара барысында «Бастау» жобасы түлектерінің көрмесі өткізілді.    


Еншілес ұйымдар

Серіктестер