astana-view

Кәсіпкер өзге мемлекетте туындаған мәселесімен жалғыз қалмайды – Болат Палымбетов

2018 жылғы 20 Маусым
3099 просмотров

Бұл туралы «Заң үстемдігі – Қазақстан экономикасының тұрақты экономикалық дамуының кепілі» форумында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов айтты

«Шекараға жақын және жалпы өңіраралық экономикалық байланыс – Қазақстанның да, Өзбекстанның да маңызды міндеттерінің бірі. Біз алдағы уақытта кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша атқарылатын жұмыста тиімді де жемісті ынтымақтастық орнайтынына үміттіміз», ­­– деп атап өтті Болат Палымбетов.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасындағы құқық қорғау жөніндегі уәкіл Дилмурод Касимов бүгінде Қазақстанның 362 компаниясы Өзбекстанда сәтті жұмыс атқарып отырғанын айтты.

«Халықаралық тәжірибеде бизнес-омбудсменнің институты мемлекет пен кәсіпкерлер арасында ерекше көпір екенін көрсетті. Қазақстандағы бизнес-омбудсменнің құрылуы және жемісті жұмыс атқаруы туралы, кең құзыретке ие, Қазақстан бизнесіндегі жүйелі мәселелермен тиімді күрес жүргізіп отырғаны жайында хабардармыз», – деді Дилмурод Касимов.

Былтыр Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің арасында өзара көмек және ынтымақтастық туралы Келісім жасалған. Құжат аясында бірлесе күш сала отырып Қазақстанның да, Ресей кәсіпкерлерінің де құқықтары қорғалды. Болат Палымбетов дәл осындай Келісімді Өзбекстан Республикасымен де жасау жоспарланып отырғанын түсіндіріп өтті.

«Кәсіпкерлеріміздің өзге мемлекетте мәселелерге тап болып, көмексіз жалғыз қалуын болдыртпау – негізгі міндеттеріміздің бірі. Сондықтан кәсіпкерлеріміздің құқығын қорғау бойынша жұмыс халықаралық деңгейде жүргізілуде», ­- деп нақтылады Болат Палымбетов.

Құқық қорғау жөніндегі уәкіл сонымен қатар посткеңестік аумақтағы бір де бір мемлекетте елдің барлық кәсіпкерін біріктірген «Атамекен» секілді ұйым жоқ екенін атап өтті.

Іс-шара соңында Қазақстан мен Өзбекстан бизнес-омбудсмендері арасында өзара көмек және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер