astana-view

Жоғары оқу орындарының рейтингі: білім беру бағдарламаларына бизнес қалай қарайды?

2018 жылғы 23 Шілде
31301 просмотров

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламасы рейтингінің бірінші кезең нәтижелеріне арналған баспасөз-мәслихаты өтті.

Жиынға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры Олжас Ордабаев және құрылыс саласы бойынша эксперт Әлібек Марданов  қатысты.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғары оқу орындарының бакалавриат жүйесі бойынша білім беру бағдарламаларын бағалау жұмысын бірлесе атқарғанын айта келе, әзірге дейін 33 мамандықтың рейтингі дайындалғанын мәлімдеді. -Зерттеу жұмысқа орналасқан түлектер пайызы мен олардың орташа еңбекақысы, бағдарламаның өзектілігін бағалау критерийлеріне мән берілген,-деді.

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры Олжас Ордабаев сондай-ақ түлектердің сауалнама қорытындысы маңызды өлшем болатын әдістемеге сәйкес жүргізілгендігіне маңыз берді. -Түлектер мен олардың жұмысқа орналасуы туралы мәліметтерді біз Жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесінен алдық және  бұл ҚР Білім және ғылым министрлігі берген мәліметпен салыстырылып тексерілді,-деді ол.

Эксперттер алдымен ҚР Білім және ғылым министрлігінен алынған иесі көрсетілмеген мәліметтермен расталған былтырғы түлектердің жұмысқа орналасу пайызы мен орташа еңбекақыға сараптама, профессор-оқытушылық құрамның іс жүзіндегі тәжірибесіне, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына салатын инвестицияларына, білім беру бағдарламаларын дайындау дерегіне, элективті пәндер каталогына, салалық қауымдастықтар мен жұмыс берушілер бірге жасаған силлабустарға, білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациядан өтуі туралы мәліметтеріне сараптама жүргізген.

Жобаға салалық сарапшылар да қатыстырылған. Оларды іріктеу барысында тәжірибе орнында кем дегенде 5 жыл еңбек өтілінің барлығы, халықаралық дәрежеде тағылымдамалардан өткендігі ескерілген. Салалық сарапшылардың анықтауы бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұндық алшақтығы бағаланып, талданған.

Құрылыс саласы бойынша эксперт Әлібек Марданов: -Елімізде «Құрылыс» мамандығы 35 жоғары оқу орнында бар. Алайда көптеген ЖОО әлі де болса ескі сүрлеуден шыға алмай отырғаны жасырын емес. Соның салдарынан қолданыстағы заңнама өзгерістері ескерілмеген. Теория мен тәжірибе арасында айырмашылық орасан болғандықтан білім берудің жалпы теориялық деңгейі, студенттердің өзіндік жұмысы шынайы жобалар мен зерттеу жүргізуге бағытталмағандығына көз жетті. Тағы бір айта кетерлігі, көптеген университетте студенттердің пән таңдауы қағаз жүзінде және штатта бар оқытушылардың біліктілігіне қарай қалыптасқан. Тіпті кейбір ЖОО білім беру бағдарламаларында көрсетілген әдебиеттер тізімі тым ескі. Салаға қатысты шетелдік әдебиеттерді батыл түрде енгізуге кім кедергі? Онымен қоса оқыту бағдарламаларына тиісті салалардағы цифрлық ноу-хауды енгізу қажеттілігі туындап отырғаны шындық,-деді.

Қазіргі ЖОО профессор-оқытушылық құрамның іс жүзіндегі тәжірибелік өтілі зор маңызға ие. Нарық талабына сай тәжірибелі мамандарды оқытушылыққа тарту, біліктілікті арттыру ЖОО арасындағы шынайы бәсекелестікті дамытары анық.

Еңбек нарығындағы жоғары ақы алатын мамандықтардың реті қандай деген журналистер сауалына жауап бере келе ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов: - Еңбекақы деңгейі еңбек нарығына шыққан түлектердің кәсіби дайындығына тікелей байланысты. Бұл фактор жоғары оқу орындарын біліктілігі жоғары профессор-оқытушылық құрам мен сапалы білім бағдарламасымен аяқтаған түлектер нарықта бәсекеге қабілетті болатынын көрсетеді. Мәселен, еліміз бойынша жоғары еңбекақы «Мұнай-газ ісі» мамандығында тіркелген, орташа еңбекақы 250 000 тг, транспорт, транспорттық техника саласы мамандары орташа есеппен 174 819 теңге, ал тау кен ісінде қызмет атқаратындар 174 879 теңге, автоматтандыру саласындағылар болса 159 921 теңге еңбекақы алады,- деді.

Сонымен қатар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жұмысқа орналасуы хақында да сауалдар болды. Бұған Олжас Ордабаев 33 мамандық бойынша жұмысқа орналасудың пайыздық көрсеткішін нақты мәлімдеді. Ол «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алған түлектерде үздік көрсеткіш- 84%; «Журналистика» мамандығы бойынша жұмыспен қамтылғандар - 64 %, ал «Биотехнология» мамандығын бітірген түлектердің жұмысқа бірден орналасу көрсеткіші төмен -56% құрайды.

Сөз соңында ҚР Білім және ғылым вице-министрі  ЖОО рейтингін ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР «Атамекен» ҰКП сайтынан көріп танысуға болатынын, жылдың соңына дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50-ден астам мамандықтың рейтингін ұсынатындығын хабарлады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер