astana-view

 «Бастау»: бизнеске қадам басқан төртінші лек

2018 жылғы 14 Тамыз
- Қарағанды облысы
7159 просмотров

Қарағанды облысында «Бастау» жобасының төртінші оқыту легі басталды. Биыл оқыту жобасына облыстағы 9 аудан мен 8 моно қала толық қамтылды. Жыл соңына дейін екі мыңға жуық тыңдаушыны бизнес негіздеріне оқыту жоспарланған.

Үшінші лекте облыстағы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 135 азамат білім алды. Бизнес жобаларын жазып, комиссия алдында қорғады. Комиссия мүшелері кәсіпкерлікке қадам басам деген тыңдаушыларға сауалдарын қойып, кеңестерін беріп отырды.

«Бастау» жобасына қатысу үшін алдымен тестілеуден өтеді. Бұл жеке кәсіп бастауға деген ынта мен қабілетті анықтауға мүмкіндік береді. Кейде адамға тұрақты жұмыс істеудің өзі ғана жеткілікті болады. Ал бірінің қабілеті зор болып, практикалық білім алғаннан кейін бизнес-идея таңдап, жоспар құрады», - дейді өңірлік палата басшысы Ернар Күлпейісов.

Қатысушылар кәсіпкер ретінде тіркелу, дара кәсіпкерлік пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің айырмашылығы, мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат алды. Бизнесті жоспарлау, маркетинг, сөйлеу шеберлігі жайлы біліп, бизнес-жоспар жазып, облыстық комиссияның алдында қорғайды. Төртінші лектің қатысушылары да осындай жүйеде білім алады.

«Қатысушылар «Бастау» сертификатын алғаннан кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестері арқылы жеңілдетілген несиеге өтінім береді. Ал Кәсіпкерлер палатасы әрбір жобаны сүйемелдеп, арнайы қызмет көрсетеді», - дейді Өңірлік палата сарапшысы Ақерке Қазамбаева.

Былтыр басталған бұл жоба Қарағанды облысындағы тұрғындарға сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыруға мүмкіндік берді. 2017 жылы 360 қатысушы қаражат алды, жалпы сомасы миллиардтан астам болды. Биыл 70 азамат бизнес бастау үшін қаражат алып үлгерді. Қарағанды облысының тұрғындары кәіпкерлікпен айналысу үшін «Бастау» арқылы білім алып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мен аудандық филиалдарға хабарласуы керек. Қыркүйектің 20-сында 5-лек басталады. Сондықтан 17 қыркүйекке дейін өтінім беріп үлгеру керек. 25 күнге созылатын оқу бағдарламасында қатысушыларға стипендея төленеді әрі сертификат беріледі.

Жыл соңына дейін 6 лек оқытылады. Республика бойынша биыл 30 мың адамға білім беріледі, оның 6 мыңы жеке кәсібін ашуы керек деп жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер