astana-view

Германиядан тағылымнамадан өтуге үміткер көп

2018 жылғы 20 Тамыз
- Ақтөбе облысы
5251 просмотров

Өңірдің 50 шақты кәсіпкері Германиядан тегін тағылымнадан өтуге өтінім берді.

Мұндай мүмкіндік Ақтөбе қаласында «Іскерлік байланыс» атты жоба арқылы жүзеге асуда. Жоба халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнату арқылы өндірістерді жаңғыртуға қолдау көрсетуге бағытталған.

«Іскерлік байланыс» жобасы бойынша оқуға Ақтөбе қаласы мен облысынан түрлі салада – азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдары, жиһаз, тігін өндірісі, жүк және жолаушы тасымалдау, жарнама, медицина, сонымен қатар экономиканың басқа да секторында жұмыс істейтін 50 кәсіпкер өтінім берді.

 Оқу екі кезеңнен тұрады. 20 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында К.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында қатысушылар бизнес-тренингтерден өтіп, оқу барысында кәсіпкерлер шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің басшылығымен өз кәсіпорындарын дамыту үшін бизнес-жоспарды әзірлеуде қажетті дағдылар мен білімдер алады.

 Оқу аяқталғанда тыңдаушыларға ҚБТУ мен «Атамекен» ҚР ҰКП атынан сертификаттар беріледі. Бұған қоса олар Германиядане тағылымнамадан өтуге мүмкіндік беретін екінші кезеңге қатыса алады.

 «Екінші кезең – бұл шетелден тақырыптық бизнес тағылымнамадан өту мүмкіндігі. Тағылымнама барасында кәсіпкер шетелдік мамандармен іскерлік байланыс орнатып, білім мен тәжірибесін арттырады. Технология трансферті, жабдық сатып алуда, сондай-ақ бірлесіп кәсіпорын ашу, тауар, қызмет, жеткізілімде шарт жасасу, франшиза мен лицензия алу, халықаралық және шетелдік ұйымдардың гранттарын иеленуде мүмкіндік көп», – деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының Сервистік көмек көрсету бөлімінің бастығы Ержан Нұрғалиев.

 Жоба кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие.

  «Мен алдағы қалған сабақтарды асыға күтіп отырмын. Бірінші күнгі тренермен өткен жаттығу көп нәрсе үйретті. Өте пайдалы ақпарат алдым, осы білімді келіссөздер барысында, қызметкерлермен жұмыс уақытында пайдалануға болады. Бұған қоса – нетворкинг. Келешекте байланыс орнатуға болатын көп кәсіпкер жиналды. Жобаға қатыстым, білім алдым, бұған қоса өз идеямды айттым. Енді бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, Германияға баруды көздеп отырмын», – деді «Garant»  оқу орталығының тыңдаушысы Әйгерім Каратурина.

  2017 жылы «Іскерлік байланыс» жобасының бірінші кезеңі бойынша 17 кәсіпкер оқып шықты. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша өңірдің бір кәсіпкері Германияға дайындалып отыр. «Іскерлік байланыс» жобасы басталғалы бері өңірдің екі азаматы Германиядан тағылымнамадан өткен.

 Оның бірі – «Дентал Центр» стоматология желісінің директоры Арман Сакишев, кәсіпкер былтыр Германияның үздік стоматологиялық кәсіпорындарда тағылымнамадан өтті.

 «Стоматология ашарда салық төлеу, есеп жүргізу, бухгалтериядан, стоматология кабинеті қандай болу керек дегеннен алыс болғам. Барлық сұрақтарға жауапты «Даму» қоры мен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасынан таптым. Олар шын мәнінде қолдау көрсетті. 2013 жылы кеңес алу арқылы ЖШС аштым. Ары қарай «Бизнес-Кеңесші», «Бизнес-Өсу» жобаларына қатыстым, ал 2017 жылы «Іскерлік байланыс» атты Қазақстанда танымал болған жобаға да қатысудың мүмкіндігі туды. Мен Германияда цифрлық стоматология саласында білім алдым, мұнда цифрлы лабораторияны жеткізуге арналған технология мен медициналық жабдықтың негізгі өндірушісімен келісім жасалды: адамның қатысуынсыз тіс қапты модельдеу және жасауды үйрендім», – деді кәсіпкер.

Германиядан тағылымнамадан өткен тағы бір кәсіпкер – Нұрсұлтан Тілеубай. Кәсіпкердің Мәртөк ауданында жол бойында сервис кешені бар. Нұрсұлтан Тілеубай мемлекеттік қолдаумен Дрезден қаласындағы «NBL» білім беру орталығынан 1 айлық оқудан өтті.

 «Жоба туралы естіген соң бірден өтінім бердім. Бізбен кәсіби мамандар жұмыс істеді. Көп пайдалы ақпарат алдық. Жаңа әріптестік орнатуға мүмкіндік көп. Тренингтер барысында команданың ең алдымен не істеп жатқанын және не үшін екенін түсінуі керек екенін түсіндім. Клиентпен жұмыс істеуді үйрендім. Оқудан келе сала қызметкерлермен жұмыс істедік, бәрін ретке келтірдік, басымдықтарды айқындадық», – деді кәсіпкер.

 Шетелде тәжірибе әдетте ұқсас бейіндегі кәсіпорындарда ұйымдастырылады, сондықтан кәсіпкер білімді меңгеріп, тәжірибе алмасып, жаңасын алады, ал сәті түссе, келіссөздер жүргізіп, керек жабдықты да сатып алады.  Сондай-ақ, қазақстандық кәсіпкерлерге бизнестің тілінде келіссөздер жүргізу, іскерлік әдеп ережелері, менталитет және мәдениетаралық менеджмент үйретіледі.


 «Іскерлік байланыс жобасының мақсаты – кәсіпкерлерге өз өнімдерін жаңғыртуға және кеңейтуге көмектесу. Ал ол үшін іскерлік байланыс керек. Осындай мүмкіндікті ұсынамыз. Бұл жоба үнемі ізденіс пен даму үстіндегі кәсіпкерлерге арналған», – деді ӨКП сарапшылары.

 Кәсіпкерлерді іріктеуді, жобаларды бағалауды Қазақстан-Германия комиссиясы орындайды. Жол шығыны, тағылымнамадан өту, тұру шығыны  кәсіпкерге тегін.

Жобаны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Атамекен» ҚР ҰКП жүзеге асырып отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер