astana-view

«Атамекен» «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады

2018 жылғы 23 Тамыз
4979 просмотров

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында «Атамекен» ҚР ҰКП төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов жеке қабылдау өткізді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі жеке қабылдауында  Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ Түркістан және Павлодар облыстарының шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті.

Қоғамдық қабылдау арқылы қайырылған азаматтардың қойған сауалдары әралуан. Дегенмен олардың көпшілігі өз ісін ашу үшін, жобаларының жүзеге асуына қолдау көрсетуін сұрап келді.

Алматылық жеке кәсіпкер Айгүл Ысқақова балаларға ағаштан жасалған ойыншықтар шығаратыны туралы айтып берді. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай ойыншықтар тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға көмектеседі, сондай-ақ ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосады.

«Атамекен» осындай жобаларды қолдайды, өңірлерде микрокредит беру бағдарламасы жұмыс істейді, сонымен қатар Сіз «Бастау» жобасы арқылы бизнес-курстан өтіп, жобаңызды қорғағаннан кейін қаржыландыруға өтініш бере аласыз. Дәл қазір Алматы қаласының өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшылары Сізбен хабарласып, қолдауға ие барлық шаралар туралы  кеңес береді», - деді Елдос Рамазанов.

Сондай-ақ, сауда павильонын жалдау шартын ұзарту, жұмыспен қамту мәселелері де көтерілді.

Елдос Рамазанов жеке қабылдауға келген азаматтармен екі сағат бойы сөйлесіп, барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, нақты шешімдерді ұсынды.

Қорытындылай келе, Елдос Рамазанов бұл шара кәсіпкерлердің сұрақтары әлі де таусылмағанын көрсететінін, ең бастысы олардың жеке кәсіп ашып, оны алға жылжытуға деген құлшынысы бар екендіктерін ерекше  айтты.

«Атамекен» халықтың жеке кәсіп бастау туралы ниетіне толығымен қолдау көрсетеді, және ҰКП жаңа бағдарламалар мен қолдау құралдарымен жұмыс істейді, жүзеге асырады. Ол үшін өңірлік Палаталарға немесе аудандық филиалдарға жүгіну жеткілікті. Ондағы кеңесшілер жан-жақты ақпарат беріп, істің мән-жайымен түсіндіреді. Сондай-ақ «Атамекенде» оқу курстары жеткілікті. «Бастау» жобасының маңыздылығы мен тиімділігін Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өтті», - деді  Е.Рамазанов.

Жиында көтерілген барлық мәселелер мен шағымдар бақылауға алынады. Айта кетейік, «Атамекен» биылғы жылы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында бірнеше мәрте жеке қабылдау жасады. 2018 жылдың басында ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, одан кейін ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов қоғамдық қабылдауда кәсіпкерлерді қабылдаған болатын.

Жалпы, үстіміздегі жылдың басынан бері 30-дан астам адам қабылдауда болып, өтінім бергендердің 85%-ы оң шешімін тапты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер