astana-view

Эльдар Жұмағазиев: Скрининг – өңірдегі бизнестің даму бағытын айқындайды

2018 жылғы 06 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
7083 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілері арасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін егжей-тегжейлі зерттеуге арналған скрининг жұмыстарын жүргізуді бастады.

Жоба алғаш рет пилоттық режимде Ақтөбе облысының 3 аймағында: Мәртөк, Қарғалы, Алға аудандарында тамыз айының 24-нен бастап жүргізілуде. Бүгінде скрининг жұмысының алғашқы нәтижелері шығарыла бастады. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында мәлімдеді.

Скрининг бойынша осы үш ауданда орналасқан 70-тен астам елді -мекенде жұмыс істеп жатқан 1203 кәсіпкерлік субъектісі мен  үй шаруашылығындағы 1471 жанға екі апта бойы сауалнама жүргізілген. Сауалнама жауаптары тұрғындардың үйлерін аралаумен қатар, ұялы телефон арқылы және мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік құрылымдардағы немесе ашық дереккөздердегі мәліметтер арқылы жинақталуда. Бүгінгі күні әр кәсіпкер есепке алынып, облыс пен қалалардағы әлеуметтік маңызды нысандар картаға түсіріліп, ондағы өсу нүктелері мен бос салаларды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

«Жүргізілгелі отырған шара арқылы еңбек нарығында қандай мамандықтарға нақты сұраныс бар, бизнестің қандай бағытын қай өңірде дамытқан жөн, тұрғындардың қандай тауар мен қызмет көрсету түрлеріне зәру болып отырғаны өзінен-өзі анықталады. Скриниг нәтижесінде нақты аумақтағы бизнесті дамыту жоспары жасалып, кәсіпкерлік субъектілерін орналастыруда теңгерімсіздікті жою, мемлекеттік қолдау шараларын бейімдеу, ауданаралық, қалаларалық, облысаралық экономикалық байланысты орнату жүзеге асырылады деп сенеміз», – дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Ақтөбе облысы бойынша зерттеулер жүргізілгенін және соған сай өңірдегі импорт көлемі 183 мың тоннаға жеткенін айтып өтті. Скрининг нәтижесінде облыстың қай ауданында қандай өнімдерге сұраныс бары анықталып, соған сай өнім өндіру жолдары және қажетті мамандар тізімі ұсынылатын болады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық көрсеткішін төмендетуге септігін тигізері хақ. Эльдар Тынышбайұлы мемлекеттік органдардан сауалнаманы жүргізу жұмыстарына барынша қолдауды сұрады.

«Біз кәсіпкерліктің дамуына қатысты әрбір идеяға қолдау білдіруге тырысамыз. Кәсіпкерліктің дамуымен өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтереді. Әсіресе, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ететін жобалар болса, құба-құп. Кәсіпкердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін мемлекеттік тапсырыс беру мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды Үкіметке ұсынып келеміз. Ал импортты алмастыру – біздің көптен бері айналысып келе жатқан мәселеміз. Бұл тұрғыда «Атамекенмен» бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз»,  – деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, жиында «Атамекен» ҰКП бастамасымен соңғы кезде мал шаруашылығындағы проблемалық мәселелердің көбеюіне байланысты Ақтөбе өңірінде фермерлерге арналған Call-орталықтық ашылатындығы айтылды. Орталық арқылы фермерлер өз сұрақтарына кәсіби мамандардан жауап алатын болады. Сондай-ақ, жиында өңірдегі оқу орындарын кәсібилендіру мәселесі де көтерілді. Скринг көрсеткендей, облыстағы колледждерде мамандар дайындауда өңірдегі мамандар қажеттілігі ескеріле бермейді. Бүгінгі таңда алдағы екі жылға мамандар қажеттілігін анықтау бойынша қысқа мерзімді пилоттық зерттеу жүргізетін жобалық топ барлық аудандарда сауалнама жүргізуді бастап кетті.

«Оқу орындарын кәсібилендіру мәселесі бүгінгі күні өзекті деп есептейміз. Бұл болашақта білім беру мекемелерінің өңірге қажетті, сапалы мамандарды дайындап шығаруына мүмкіндік береді. Біз мемлекеттік тапсырысты мамандарға талдау жүргізу негізінде қалыптастыру керек деген қарапайым шындықты айтып отырмыз», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Скрининг жұмысы 1 ай уақыт мерзіміне жоспарланған. Жиын нәтижелері бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті атқару органдары, аудан әкімдері мен қала әкімдеріне бизнеске арналған маркетинг, яғни өңірдің экономикалық әлеуетін зерттеуге арналған скрининг жұмыстарын жүргізуге барынша атсалысуды тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер