astana-view

Әйелдер кәсіпкерлігі әлеуетін әлеуметтік маңызы бар салаларға бағыттау керек – Лаззат Рамазанова

2018 жылғы 13 Қыркүйек
6261 просмотров

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова Өзбекстан мен Қазақстан әйелдерінің Ташкент қаласында өткен бизнес-форумы барысында хабарлады.

 Лаззат Рамазанова Қазақстандағы әйел кәсіпкерлігінің қолданыстағы бағыттары мен келешегі туралы айтып берді.

 «Екі елдің іскер орталарының құрылымды қарым-қатынасы әйелдер кәсіпкерлігі саласында ынтымақтастық орнату үшін қолайлы жағдай құрып отыр. БҰҰ деректеріне сәйкес мемлекеттің тұрақтылығы әйелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтарына тікелей байланысты. Оған көптеген зерттеулер дәлел. Мәселен, Бостон Консалтинг групп зерттеуі көрсеткендей, әйелдер құрған компаниялар ер азаматтар басқаратын компанияларға қарағанда көп табыс табады екен. Қазақстан бұл тенденциядан қалыс қалған жоқ. Бүгінде әйелдер ел дамуына елеулі үлес қосып жатыр. Қыз-келіншектер мемлекеттік қызмет, ғылым, бизнес, білім беру және денсаулық сақтау сынды экономиканың түрлі салаларында қызмет етеді», – деді Лаззат Рамазанова.

Жұмыс істейтін әйелдер үлесі бойынша Қазақстан әлемде Қытайдан кейін екінші орында тұр. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің 60%-ын ханымдар басқарады, және бұл көрсеткіштер жылдан жылға арта бермек. Қазақстандық әйелдер мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 40%-ын құрап отыр.

 «Қазақстанда гендерлік теңгерімнің рөлі ең жоғары деңгейде бағаланған, нақты міндеттер мен көрсеткіштер Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында белгіленген. Аталған құжат бағыттарының бірі – кәсіпкерлік қызметке қажетті ресурстардың барлық түрлеріне ерлер мен әйелдердің бірдей қол жеткiзуiн қамтамасыз ету. Бұл шаралар гендерлік аспектіде мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігінің талдауы мен ШОБ субъектілерін мемлекеттік қолдау, әйелдер кәсіпкерлігіндегі әкімшілік кедергілерді қысқартуды қамтиды. Қоғамның әл-ауқаты айнасында бақытты және табысты әйел рөлін сезіне отырып, «Атамекен» кеңес беруші органдардың арасынан бірінші болып өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрды», – деді Кеңес төрайымы.

Қалыптасқан жүйе арқылы «Атамекен» екі жыл ішінде Іскер әйелдер кеңесінің қанатын кеңге жайды – 16 өңірлік кеңес және 170 аудан орталығында кеңестер құрылып, оларды белсенді қыз-келіншектер басқарып отыр.    

 «Қазақстанның барлық өңіріндегі белсенді әрі табысты іскер әйелдердің басын қостық деп сеніммен айтуға болады. «Атамекен» кәсіпке енді аяқ басқан және белсенді жұмыс істеп жатқан кәсіпкер әйелдерге Іскер әйелдер кеңесі арқылы түрлі қолдау көрсетуде. Биыл 3 стратегиялық бағытты қамтыған дамудың жаңа деңгейін белгіледік», – деп нақтылады Лаззат Рамазанова.

 Бірінші бағыт: қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Жуырда «Атамекеннің» атсалысуымен өңірдегі Іскер әйелдер кеңестерінің төрайымдары Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорының негізін қалады. Қордың құрылуы барлық кәсіпкерлерге ортақ мәселені –  қаржыға қолжетімлікті шағын несиелеу ұйымдары арқылы шешуге мүмкіндік береді. Осы бағытта  инвесторлармен бірқатар меморнадумдарға қол қойылды.

 «Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен басымдыққа ие секторларда бизнес-жобаларды жүзеге асыруға нысаналы қарыз беру арқылы кәсіпкер әйелдерді жеңілдетілген шағын несиелеудің бірінші бағдарламасы 1 млрд теңге капиталымен іске қосылды», – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Бұл үдерісте Іскер әйелдерінің Кеңесі мен Қор кәсіпкер қыз-келіншектердің жобаларын қарауда Несиелік комитет қызметін атқарады.

Екінші бағыт: әйелдер кәсіпкерлігінің білім беру бағдарламаларын іске қосу және шағын несие беру арқылы жүзеге асырылатын бизнес жобаларды қолдау. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры инновациялық және тиімді шешімдер әзірленетін, дағдыларды үйрету және бизнесті қолдауға негіз болатын  кәсіпкер әйелдердің ой-талқы орталығы болмақ.

   «Қор болашақ кәсіпкерлер мен менторлардың кездесуіне арналған алаң болады. Менторлық пен білім алу өңірдегі әйелдерге ерекше қажет, өйткені ауыл-аймақта кәсіп бастау үшін әдетте білім мен біліктілік жетіспей жатады. Сондықтан біз әйелдерді оқыту бойынша, оның ішінде кооперациялық кәсіпкерлік және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға оқытудың кең ауқымды жұмысын қолға алдық. Наполеон айтқандай: «Егер өркениетті әрі білімді ұрпақтың өмірге келуін қаласаңыздар – бірінші аналарды біліммен қамтамасыз етіңдер», – деп атап өтті Лаззат Рамазанова.

 Үшінші бағыт:  әйелдердің кооперациялық кәсіпкерлігін дамыту.

 «Бұл ұзақ мерзімді әрі стратегиялық бағыт. «Атамекеннің» әйелдер қанаты әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін қоғамның маңызды сегменттеріне бағыттауда жоғары әлеуетке ие. Осы бағытта біздің Кеңес үлкен жұмыс атқарып жатыр. Кеңестің бастамасымен әйелдердің кәсіби қоғамдастықтары құрылып жатыр, гильдиялар мен цехтердің ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесі кәдеге асып, заманауи өмірде өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен кооперативтерге трансформациялануда. Киім дизайнерлері кеңесі, интерьер мен декор дизайнерлері, қолөнершілер мен кондитерлер қауымдастығы бұған дәлел бола алады. Кооперативтер әлеуеті азық түлік өнімдерін ауылдан қалаға жеткізу, тігін өнімін өндіру және қызмет көрсету сынды салаларда сұрансқа ие», – деді Лаззат Рамазанова.

Осы шаралардың нақты өнімі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер санын анағұрлым көп тарту арқылы әйелдердің өндірістік және тұтынушылық кооперативтерін құру болмақ. Әр кооперативтің жанынан жаппай кәсіпкерлікті дамытуға және әлеуметтік интеграцияға мультипликативтік әсерін тигізетін бизнес-экожүйесі құрылатын болады.  

«Осындай көп деңгейлі платформаны құру – әйлдер кәсіпкерлігі дамуы мен жалпы әлеуметтік ілгерілеуге жаңа серпін беретініне сенімдімін. Осы үш бағытты іске асыру белсенді өмір салты бар кәсіпкер азаматтардың жаңа буынының пайда болуына және өз елін бизнесте ғана емес, сондай-ақ ғылым, техника, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік дамудың басқа да салаларында бірінші орынға қою ниетті адамдардың қалыптасуына ықпал жасайды», – деп қорытындылады Лаззат Рамазанова.

 Форум барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады. Бизнес-форумның соңында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Өзбекстан әйелдер комитеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 Бизнес-форум аясында кооперациялық қор биржасы алаңында  қазақстандық делегация мен өзбекстандық бизнес ханымдар арасында B2B форматында келіссөздер жүргізілді. Кездесу барысында іскерлік келісімдер, ынтымақтастық туралы меморнадумдарға қол қойылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер