astana-view

Жан басына қаржыландыру қазақстандық мектептердің «жүгін жеңілдетуге» көмектеседі

2018 жылғы 30 Қазан
5865 просмотров

Келесі жылдан бастап мұндай қаржыландыру түрі еліміздің барлық мектептерінде енгізіледі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, бүгінгі күні білім беру жүйесінде мектептердегі оқушылар санының жүктемеден артық болуы басты мəселе болып тұр.

2018 жылы оқушы орынының тапшылығы 198 мың. Оңтайлы шешім ретінде «Атамекен» ҚР ҰКП мен  ҚР БҒМ бірлесіп жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу ұсынылды. Пилоттық жоба аясында Астананың 8 мектебі 2018 жылы осы мақсаттарға қаржы алды.

Жан басына қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Жалпы бұл инвесторлардың қатысуымен жеке меншік мектептер санының өсуіне әкеледі. Жан басына қаржыландыру мөлшері мектеп деңгейіне байланысты болады.

Екінші деңгейдегі қаржыландыру мөлшері жеке мектептер мен шаруашылық басқару құқығы бар мектептерге арналған. Олар үшін қаржыландыру сомасы бір оқушы үшін 235 698 теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен еңбекақы төлеу, ынталандыру қоры, оқу шығыстары, ағымдағы жөндеу, күрделі шығыстар, коммуналдық қызмет пен интернет қаржыландырылады.

Жеке мектеп салуға бет бұрған кәсіпкерлер үшін мемлекет 478 098 теңге бөледі.  Бұл сомаға екінші деңгей бойынша қаржыландыру кіреді, оған қоса ынталандырушы компонент қарастырылған. Ол 8 жыл ішінде жеке бизнеске құрылыс шығындары ретінде өтеледі. Оқушылар саны мектептің жобалық қуатында көрсетілген талаптардан аспауы керек, сондай-ақ 20 жыл бойы кәсіпкер нысанның мақсатты бағытын өзгерте алмайды.

Жан басына шаққандағы қаржыландыруға қарамастан, жеке меншік мектептер ата-аналардан қосымша ақы алу құқығын өзіне қалдырады. Бибігүл Асылованың айтуынша, жаңа норматив балаға барынша есептелген және ата-аналар тарапынан түсініспеушілікті болдырмауға көмектеседі.

Вице-министр бизнесті ынталандыру ретінде ҚР БҒМ жеке меншік мектептердің құрылысы ҚНЕ және СанНЕ мен бірге біліктілік талаптарына сай жүйеленетінін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер