astana-view

Өңірлік кеңестің үндеуін қала бизнесмендері белсенді қолдады

2018 жылғы 09 Қараша
- Жамбыл облысы
2683 просмотров

Күні-кеше облыстың ірі 25 кәсіпорын басшыларынан құралған Өңірлік Кеңес отырысында кеңес мүшелері өз әріптестеріне жалақы мөлшерін көтеруге үндеу тастағаннан кейін, оларды Тараз қаласының бизнес-қоғамдастығы қолдайтындарын жеткізді.

 
 Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовпен бизнестің кездесуінде мәлім болды. Басқосуда Елбасы тапсырмасын бизнес жауапкершілікпен қабылдап, жиында  жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру жайы жан-жақты талқыланды.

 Жалпы облыс кәсіпорындарында 120 мыңнан астам жұмысшы  бар. Ал олардың 70 мыңға жуығы 50 мың теңгеден төмен жалақы алады екен.  Табысты көтеруге байланысты тапсырманы орындауға екі айдан аз мерзім қалды. Уақыт тығыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету маңызды. Жиынды жүргізген қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мемлекетіміздің әр өңірінде ақпараттық жұмыстар кеңінен жүргізіліп жатқандығын айтты. Ал қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Жолдау аясында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі  ең еңбекақы төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болмайды. Бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы шаһарда жоғары деңгейде. Бүгінде Тараз қаласында 22 726 кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 3 746 – шағын, 18 832 – жеке кәсіпкер, 117-сі шаруа қожалықтары. Өткен жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпорындар саны 11,4 пайызға өскен. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша қалада 47 172 қызметкері бар 1360 кәсіпорын мен ұйым жұмыс атқарады. Олардың он екі мыңнан астамы  42 500 теңгеден кем жалақы алады екен. Бұл орайда қаңтар айынан бастап өңірдегі 10 кәсіпорында 9222 қызметкердің еңбекақысын көтеру жоспарлануда. Облыстағы ірі және орта кәсіпорындардың басшыларымен жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру бойынша бүгінгі таңда жан-жақты келіссөздер жүргізілуде», - деді Кенжебек Олжабай.

Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек Жолдауда көтерілген қаржы мәселелері мен шағын және орта бизнес, шикізаттық емес сектор үшін несиелендірудің қолжетімділігіне тоқталды.                           

                             

«Елбасы бірінші кезекте халық тұтынатын бірінші кезектегі тауарларды ел ішінде шығару қажетт  деп тапсырды.  Екінші, отандық өндірістерді қолдау – бұл азаматтарымыздың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Қолдау нәтижесінде кәсіпорындар тапсырыспен жұмыс істейді, мемлекетке салық төлейді, елде жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі пайда болады».

Палата жүргізген паспорттау нәтижесінде кәсәпорындардың жүктелімі 40 пайызды құрайтыны анықталды. Өндіріс ошақтары мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Олардың қолдаудың бір құралы – жергілікті қамту мониторингі бойынша құрылған Комиссия, онда бизнестің 46 өтініші қаралды.  Жолдауда көтерілген қаржы мәселесі де өңірде оң шешімін табуда. Мәселен, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған Бастау жобасында оқыған 1 745 адамның 547-сі 1,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Жобаның биылғы жоспары 117%-ға асыра орындалған.

 

Жиында сөз алған облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов елімізде экономикалық өсімнің бар болғанына қарамастан, оның халықтың тұрмыс-тіршілігімен деңгейлес еместігін айтып, жалақыны көтеруге байланысты Елбасы тапсырмасына сай, кәсіпорындардың қазірден бастап ұжымдық шарт жасасуға кірісудің маңыздылығына тоқталды. 

«Жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу саласында айлық жалақының ең төмен мөлшеріне мемлекеттік кепілдік берілген. Ең төменгі жалақыға қатысты мемлекет кепілдік беріп оған бақылау жасайтын болса, республикалық, облыстық орташа жалақыдан аз алатын жұмыскерлердің жалақысын көтеру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге еңбек инспекциясынан облыс аумағында әрекет етіп тұрған 8351 заңды тұлғаларда 2940 ұжымдық шарт жасалынып, мониторинг өткен. Бұл көрсеткіш жалпы жұмыс істеп тұрған субъектілердің 35,2 пайызын құрайды. Ұжымдық шарт жасалмаған кәсіпорындарда жалақыны көтеру бөлігінде жұмыс берушінің актілеріне өзгерістер енгізу жөнінде түсіндірме жұмыстар жүргізу қажет», – деді Серғали Өмірзақұлы.

Ал «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС директоры Нұржан Рабатов, «Жамбылгипс» АҚ директоры Болат Таласбаев пен «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров Жолдауды талқылауда ұжым қызметкерлерімен кездесіп, 40 мың теңгеден төмен жалақы алатын азаматтарды анықтап, олардың еңбек ақысын жоғарылатқандарын айтты. Мұнан өзге, негізсіз бағаны көтеруге жол бермеу, шығарылатын  отандық өнімнің сапасына мән беру сынды өзге де өзекті тақырыптар жиында  талқыға түсті.

«Қорытындылай келе, біздің міндетіміз – Елбасы берген тапсырмаларды мерзімінде орындау. Жолдауды іске асыру қаланың, тұтастай алғанда еліміздің игілігі үшін әрбірімізге жеке жауапкершілік жүктейді», – деді қала әкімі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер